Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Соқыр күйші

2 мин оқу

Баяғы өткен заманда бір соқыр күйші болыпты. Ол халық арасында қобыз тартып күнелтіпті. Бір күні ел көп жиналған жерде күй тартып отырады. Жиналған қауым тиын-тебенін беріп тараған кезде сәнді киім киген біреу келіп, шалдың қойнына қолын салады. Шал алдымен сасқалақтағанымен, артынан ұрының қолын ұстай алады да:
— Халқым-ау, тапа-тал түсте тонап жатыр! — деп айғай салады.
— Өзің шіреніп киініп алыпсың, сөйте тұра ғаріп кісіге қиянат жасайсың. Ұялмайсың ба? — деп жұрт шуласады.
— Мен шалдың қалтасына садақа салмақ болып едім, қолымды ұстай алды, — дейді ұры.

Халық шал мен ұрыны қазының алдына апарады. Екеуін тыңдап болып, ұрыға ашуланған қазы ақыра бастайды. Сол кезде ұры ұялмастан:
— Мырза! Менің әке-шешем бай. Қайдағы бір соқыр шалға қиянат жасап не қылайын. Садақа бермек болып едім, қолымды ұстай алды, — дейді.
— Сен сияқты сұмды тәрбиелеген қандай әке екен? — деп тепсінеді.
— Мырза, сіз білесіз, — дейді сонда ұры.
— Сенің әкеңді де дарға асқызамын! — деп ақырады қазы. Ұры қазыға көзін қысып қойып:
— Әкемнің беті бұдыр, арқысы күдір, есімі — «Отыз күміс», — дейді. Қазы ойланып қалады. Біраздан соң ұры мен шалды қаматып тастайды. Қараңғы түскен соң қазы мен ұры кездеседі. Ұры қазыға отыз күміс теңге санап береді. Ертеңіне қазы соқыр шалға:
— Сен кәрі қақпас, адал адамға жала жауып жүрсің! — деп зіркілдейді.

Шал жауап қатпай, отыра қалып, жерді қазып, тың тыңдайды. Бұған қазы таңданып, шалдан оның мәнісін сұрайды. Шал басын көтеріп:
— Кеше осы жерде әділет төрелік айтып еді. Сол әділет отыз теңгенің салмағын көтере алмай жердің тесігіне түсіп кетіпті. Не сол әділетті алам, не отыз теңгені алам, — деп жауап береді.

Қазы өз қателігін мойындап, ұрыны жазалайды. Соқыр күйшіге үлкен сый жасап, ат мінгізіп, аттандырып салады.

Қазақ халық ертегілері

Барлығы: 101 ертегі

Тағы оқыңыз