Батырлар жырының желісі (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Сыпырадай қартына:
– Халықтың ханы мен, деді,
Көпті көрген қартым сен, деді,
Ерігіп тұрған ханыңа
Бір жау тауып бер, деді.
Сүйдеп патша желікті,
«Балам толсын мерейің,
Сөзіңді қабыл көрейін.
Лайықты жауыңды
Ханым, тауып берейін.
Адам аттың ізін салмаған,
Бұрын ерлер бармаған,
Он екі айлық жері бар,
Үш айшылық жолы бар,
Торпақ көл деген көлі бар,
Қиғаштың қара белі бар.
Батырлардың бағы бар,
Керекті жауың табылар,
Әскер алып, жол шегіп,
Сол жауға барсаң неғылар?
Білгенін айтар кәріңіз,
Қартыңның тілін алыңыз,
Қиғаштың қара тауында
Қызылбастың қанды жау,
Салтанатты сән мекен
Ханым, соған барыңыз».
Ерлерді жиды саралай,
Тоқсанға келген қарт кемпір
Қараүлекке ақыл салады-ай.
Барған жауы Қиғаш тау,
Қызылбас деген қанды жау,
Қызылбасқа барған ер,
Барып уығын салған ер,
Он жеті қатар зынданға
Қапияда түсіп қалған ер,
Арманда болған жазған ер.
Тарттым сөздің желісін,
Ерлердің айттым тегісін,
Тыңдауыңа бұ қалай?
Мұным бәлен болмаса,
Бұған көңілің толмаса,
Нұрекең ақын сөз табар,
Тереңнен қиял ойласа.
Және кім бар десеңдер,
Асылы күннен жараған,
Төре тұқым тараған,
Арғы атасын айтайын,
Руы баян Шыңғысхан,
Шыңғысханнан Шынтас хан,
Шынтас ханнан Бектас хан.
Қаһарлы болған батыр хан
Аяғы ақсақ Темір хан.
Бәйбішеден туыпты
Жалқы туған Төрехан.
Тоқалдан туған Егізбай,
Егізбай мен Сегізбай.
Бәйбішенің жаңғызға
Көп беріпті жәбір-ай.
Қасиетсіз дейді жұрт
Екі жарым көрімді-ай.
Екі қатын баласы
Екі орда ел деп еді,
Ескілік үлгі сөздері.
Бәйбішенің жалғызы
Егізбай қорлық береді,
Бұ да керек сөздері.
Егізбай мен Сегізбай
Жаңғызға жәбір береді-ай,
Тумадан қорлық көреді.
Бұ сөзім тұрсын мұнымен,
Жыр жырлайын сынымен,
Бұрынғы өткен ерлердің
Көрсетейін төрінен.
Он екі баулы халықтың
Көтерейін түбінен.
Астана байтақ елдерім,
Елге қоныс жерлерім,
Туырлықтай ту алып,
Тұлпар мінген ерлерім.
Жау дегенде кәрленіп,
Қалмаққа шапқан ерлерім.
Жау шайқаған серлерім.
Ұзын өзен суларым,
Қалың ағаш нуларым,
Қайыршақ торбақ құмдарым.
Бай дәулетін асырған
Көлденең қара шыңдарым.
Балдырғанды, балқашты
Шалғын шыққан шымдарым.
Есілдерім, елдерім,
Ел бастаған ерлерім,
Көк алмасын қолға алып,
Жау жаулаған ерлерім.
Хандарменен қарысқан,
Дұшпанменен алысқан,
Арыстандай ерлерім.
Дәулет, бағы бірдей тең,
Бақытты тұрмыс елдерім.
Ел дәулеті кен еді,
Берекет елде көп еді,
Азын көпке теңеді.
Қаһарлы туған ерлердің
Халыққа тиген көмегі.
Бұлап-талап ел мүлкін
Біреуді біреу жеп еді.
Хандарменен қарысқан,
Жауларменен алысқан,
Батырларым данышпан.
Қарсыласқан дұшпанды
Жерге таптап жанышқан.
Тітіреген жау дұшпан
Айқайлаған дауыстан.
Қарасы менен ханы тең,
Құлыны мен тайы тең,
Батыры менен паңы тең,
Қыры менен сайы тең,
Мекен қоныс жері тең,
Жерге лайық елі тең,
Елге лайық ері тең.
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Ойдық желке, кекшіл бас
Ерлердің мінген кері тең.
Ақылы асқан пірі тең,
Жүйрік шешен биі тең.
Би кеңескен үйі тең,
Үйге ұстаған шиі тең.
Қойды мыңнан өткерген
Нарынның қара құмдары-ай,
Жылқыны санға жеткізген
Еділдің иір сулары-ай.
Арқаның алпыс саласы
Қалың ағаш нулары-ай.
Бұлбұл құстай сайраған
Ақындардың жырлары-ай.
Түйені қомды көрсеткен
Атыраудың ащы сулары-ай.
Жылқыны санға жеткізген
Арқаның тарау боздары-ай.
Ер халықтың қорғаны-ай,
Арыстан туған ерлерім
Көк найзасын толғады-ай.
Батырларым бас қосып,
Жасанған жауға тиген ер,
Береңгі сауыт киген ер,
Беліне алмас ілген ер.
Жау дегенде шаттанып,
Қуаныш етіп күлген ер.
Қарына садақ ілдірген
Әскерге сауыт кидірген,
Көрсе жауды бүлдірген,
Қыз-келіншек, байларды
Қуанышпенен күлдірген.
Дәулет пен бақты ел көрген,
Ел тілегін ап берген,
Кемді басқа теңгерген,
Алдына сауыт өңгерген.