Батырлар жырының желісі (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Нұрадыннан хан Мұса,
Ойлағаны ар Мұса.
Еріккен күнде ер Мұса,
Ерінген күнде би Мұса.
Отыз ұлды сол Мұса,
Дәулет пен баққа зор Мұса,
Берекеті мол Мұса.
Үлкен тоқал баласы
Он екі екен шамасы,
Әліби екен ағасы.
Бәрі батыр, бәрі би,
Білік пен артық санасы.
Ортаншы тоқал баласы
Он бір туған шамасы.
Біліктің асқан данасы
Тобаяқ екен ағасы.
Кіші тоқал баласы
Күніке менен би Сидақ,
Ең үлкені кер Шойнақ,
Мұның жайы солай-ақ.
Бәрі қатар бір туған
Әліби, Смайыл, Тобаяқ.
Айтайын деп жырласам
Сөз желісі оңай-ақ,
Мұның жайы солай-ақ.
Бәйбішеден Алшағыр
Халық билеп, хан болған,
Қараңғыға шам болған.
Батыр болған, паң болған,
Ойлағаны ар болған.
Көңіліне жедел зар толған,
Жауға алды тар болған.
Онан туған хан Мамай,
Хан Мамай атты жазған-ай.
Талай жерге барған-ай,
Талайға ойран салған-ай,
Қылышын қанға малған-ай.
Шежіреден сұрасаң,
Мұнымның жоқ жалғаны-ай.
Қанша патша болса да,
Бір перзенттің зарынан
Көп болыпты арманы-ай.
Інісі туған қанды Орақ,
Қарт бурадай қарлы Орақ,
Айдаһардай зәрлі Орақ,
Салтанатты, сәнді Орақ.
Жауға бүлгін салды Орақ,
Қылышын қанға малды Орақ,
Орақтайын орды Орақ,
Ұрысқан жауын жойды Орақ,
Терісін бітеу сойды Орақ.
Қалмақтың басы Хан Жөке
Екі көзін ойды Орақ.
Орақтайын орған ер,
Қарсыласқан жау болса
Қарасын құртып, жойған ер.
Орақтан туған Қарасай,
Ер Қазимен екеуі
Айбатты Орақ баласы-ай.
Алты мен жеті жасында
Жауға шапқан таласа-ай.
Артық болған тұқымның
Ерлік пен билік санасы-ай.
Сансыз айта келсек те
Осыған қояр санасы-ай.
Тыңдауыңа бұ қалай,
Әр сүреге түсейін.
Құлақ сал, халқым, жағалай
Желіктіріп жырлайын,
Жеріне қашқан маядай.
Мұным пәлен болмаса,
Бұған көңілің толмаса,
Жылжытайын шіркінді
Тұяғы тайпаң жорғаша.
Үлкендіктен танбасам,
Аз ойымды шалмасам,
Сары жорға базармын,
Бұлбұл құстай сайрасам.
Өкпелерсің, балаларым,
Бір желіге бармасам.
Орақ, Мамай өткен соң,
Дүниеден бұлар көшкен соң,
Қарасай, Қази қос жетім
Бұл атадан жас қалды-ай,
Әрі ақылдан бос қалды-ай.
Баба Түкті тегінен
Осы жерде бақыт тоқталды.
Дәулет бітіп, бай қылған,
Халықты риза, жай қылған
Шаруаның тұқымы –
Он екі баулы көп ноғай
Шынтемірді хан қылған.
Дәулет малды айдаған,
Шағанға бие байлаған,
Самардың бойын жайлаған
Кең шаруа болған хан еді.
Орақ, Мамай өткен соң,
Хан дүниеден көшкен соң,
Халық хансыз болмас деп,
Хансыз халық оңбас деп,
Өткен Орақ, Мамайдың
Өксісек орны толмас деп,
Бұ тұқымның қашаннан
Өткірлігі алмас деп,
Жақсы тұқым нәсібі
Кем орынға қалмас деп,
Енді ноғай кеңесті,
Кеңескенде не десті:
Хандықтың жайын сөйлесті,
Ноғайлының кәрісі,
Ақсақалдың бәрісі
Шынтемір жай адам деп,
Соны хан қоюға меңдесті.
Жастар үлкенге ақыл салмады,
Жастың арын арлады:
«Қарасай мен ер Қази
Аталы тұқым ер еді,
Екі жағы тең еді,
Шынтемірдің атасы
Қимайысын байлаған
Қойды баққан неме еді.
Кем атаның баласы
Байтақ елді баға алмас,
Елдің көңілін таба алмас.
Атасында ерлік жоқ,
Ел шетіне жау келсе,
Қарсы жауға бара алмас.
Қарасай мен ер Қази
Асыл несеп тұқымы
Кем орынға қала алмас.
Ақсақал, тіліңді алмаймыз,
Қаулыңа құлақ салмаймыз.
Қарасайды хан қойып,
Атасының алтын тақ
Өз жолына арнаймыз».
Ақсақалдар бас қосып,
Жастарға ақыл салмады,
Қаулысын қабыл алмады.
Иесіз тұрған алтын тақ
Шынтемірге арнады.
Алпысқа келген шағында,
Тұрғанда хан тағында
Бір перзент көреді.
Бала атаның керегі,
Сүйеніш перзент тірегі.
Бір ер бала көреді,
Оның атын Әділ деп еді.
Тоғыз жасқа келгенде
Әділ патша хан болды,
Хандығы халыққа таң болды.
Батыр болды, паң болды,
Ойлағаны ар болды,
Жүрегіне зар толды.