Мазмұнға өту

Ата заң - алтын тұғырым

Әсел Әбішева 4 мин оқу 25 оқылым

Азат рухты, айбарлы еліміздің еркін өркендеуінің ерен тетігі – Ата Заңымыз. Неліктен Ата Заң? Өйткені, ол бір күнде пайда болған жоқ. Бұған дейін бірнеше мың жылдық тарихы бар Ұлы Далада заң болмады дейсіз бе? Болды, әрине. Әз Тәуке ханның «Жеті жарғысы», Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы сынды заңдар жиынтығы елімізді осы күнге аман-есен жеткізіп отыр. Демек, Конституциямыздың Ата Заң аталуы тегін емес. «Сөз қадірі – өзі қадірім» деп, бір ауыз сөзбен ел тоқтатқан қарға тамырлы қазақ баласы қашанда «Атам қазақ» деп сөйлеген. Яғни, қандай іс қылса да өткенге сүйеніп, болашаққа бағдар жасаған. Сондықтан, Ата Заңымыз – ата-бабамыздан келе жатқан бұлжымас сара жолдың жаңа заманғы нұсқасы, жалғасы. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және құқықтық ел ретінде айқындайтын басты құжат. Барлық құжаттың қайнар көзі, бастауы. Әруақты ата-бабаларымыз тағдырдың сан тараулы сынағын, қиындығы мен тосқауылын бастан өткерсе де, болаттай берік ерік-жігерінің арқасында ұзақ уақыт бойы армандап, аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. 1991 жылы егемен еліміздің туы зәу биікке көтеріліп, байтақ Отанымыздың Тұңғыш Президенті сайланып, дербес ел екенімізді растайтын мемлекеттік рәміздер бекітілді. Конституция – латынның constitutio сөзінен алынып, «құрылғы, құру, орнату» деген мағынаны білдіреді. Ол – мемлекеттің негізгі заңы, жоғары заңдық күші бар ерекше нормативтік-құқықтық акт. Жалпақ тілмен айтсақ, бейбіт әрі еркін өмір сүруіміздің кепілі бола алатын басты құжат. Яғни, кез келген мемлекеттік орган, мекеме, ұйым өз қызметін Конституцияны басшылыққа ала отырып, жүзеге асырады. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылдаған Конституциямыздың кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз бекітілді. Кеңестік дәуірде Конституцияны өкілетті органдар қабылдаса, біздің негізгі құжат халықтың жалпы дауысымен референдумда қабылданды. Бұл күн еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн ретінде тарихқа таңбаланды. Осылайша, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын әлем жұртшылығына паш етіп, мемлекет тамырының тереңге тартылып, буынының бекуіне, өсіп-өнуіне, халықтың әл-ауқатының артуына, дамуына жол ашты. Бұдан кейін де Ата Заңға Парламент арқылы барлығы бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, ел дамуында жетекші рөл атқарып келеді. Атап айтсақ, 1998 жылы – 19 бап өзгерсе, 2007 жылы – 30 түзету енгізілген. Ал, 2011 жылы – 1 бапқа, 2017 жылы – 19 бапқа 26 өзгерту енсе, 2019 жыл – 1 бап өзгерген. Ал, биыл 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда халықтың 70 пайыздан астамы Ата Заңға өзгерістер енгізу қажеттігін мақұлдады. Мұндағы ел дамуына әсер ететін басты қағида – күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін үкімет. Енді, референдум нәтижесі негізінде Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізілмек. 2 бөлімнің атауы өзгереді. Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді һәм Конституциялық сот құрылады. Бұл өз кезегінде қазақстандықтар, тұтас қоғам күтіп отырған үлкен тарихи өзгеріс болмақ. Өйткені, Жаңа Қазақстан – жаңа бастамалар мен жаңа мүмкіндіктер десек, осы өзгерістер арқылы жаңаша дамуға жол ашылмақ. Қарап отырсақ, Ата Заңымыз халқымыздың бірнеше ғасырлық тарихы, дүниетанымы, наным-сенімі, салт-дәстүрі, тілі мен ділі сынды ұлттық ерекшеліктерінің барлығын қамтиды. Бірақ, елімізде өмір сүретін кез келген өзге этнос өкілдері емін-еркін өсіп-өнуге құқылы. Конституция да өз кезегінде байтақ өлкемізде өмір сүретін барлық қазақстандықтың қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз етеді. Ата Заңның I бөлім, 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Яғни, елдің әр тұрғынының өмірі, бостандығы, амандығы – бәрінен қымбат. Осы орайда сөз басындағы әңгімеге қайта оралсақ. Бабалар кемеңгерлігі – бізді адастырмайтын темірқазығымыз. Десек те, дәл қазір өзіміздің кім екендігіміз маңыздырақ. Әр қазақ сауатты, көзі ашық, көкірегі ояу, заңға жетік болуы – заман талабы. Мәселен, қазақ танымында айтуынша, қазақ даласында 500-ге жуық би болған. Халқымыз тентегі мен ұры-қарысын тезге салып, заңсыздықты сол билердің, қазылардың қара қылды қақ жарар әділдігінің арқасында тыйып отырған. Жоғарыда біз атаған заңдар жиынтығын да жасаған осы от ауызды, орақ тілді билер. Сонымен қатар, біз ақын, философ, композитор ретінде білетін жазба әдебиетіміздің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы орыс тіліне һәм заңға өте жетік болыпты. Бұл туралы дерек баршылық. Оны М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан, ақынның өлеңдерінен де аңғарамыз. Дерекке сүйенсек, хакім 160-қа жуық баптан тұратын «Шар ережесі» дейтін заңдар жинағын да жазған. Ғаламторсыз, байланыссыз дәуірде оның осындай алғыр әрі сауатты болғанына амалсыз таңдай қағасың. Байқасақ, Абай атамыз өзіне дейінгі қазақ тарихында елеулі орын алатын заңдарды бойына әбден сіңіргені анық. Демек, біз Ата Заң деп аталатын басты құжатымызға осындай тарихи тұрғыдан қарап, оны бағалап, қадір-қасиетін ұғынып, санамызға сіңіріп, соның негізінде өмір сүруіміз керек. Сондай-ақ, Ата Заңға құрмет ата-баба әруағына, олардың бізге мұра еткен даналығына деген құрмет болуы тиіс деп білеміз.

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp

Автор

Әсел Әбішева

Осы тақырыптағы материалдар

Жалпы рубрика

Тәрбиешілерге және мұғалімдерге арналған тегін көрнекіліктер: дайын материалдарды Telegram-нан жүктеп алыңыз

Сабаққа сапалы көрнекілік дайындау мұғалімнің көп уақытын алады. Әдемі безендіру, қажетті суреттерді іздеу, мәтінді орналастыру, басып шығаруға ыңғайлы формат жасау — мұның бәріне бірнеше сағат кетуі мүмкін. Енді…

Bilimger Media 57 оқылым 2 мин
Жалпы рубрика

Баламен жұмыс – жүрекпен атқарылатын үлкен еңбек

Балабақша – баланың алғашқы білім алып, қоршаған ортамен танысып, достық пен мейірімділікті үйренетін ерекше орта. Ал осы ортада тәрбиешінің орны ерекше. Баламен жұмыс істеу – тек сабақ өткізу емес. Ол – әр баланың…

Шәмшиева Мария Әділбекқызы 52 оқылым 1 мин
Жалпы рубрика

1 Қыркүйек - Білім күніне арналған тақпақтар

Ыбырай Алтынсарин – Кел, балалар, оқылық! Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ықыласпен тоқылық! Істің болар қайыры Бастасаңыз Аллалап, Оқымаған жүреді Қараңғыны қармалап. Кел, балалар, оқылық,…

Bilimger Media 102 оқылым 8 мин
Жалпы рубрика

1 қыркүйек - Білім күні сценарий

«Қош келдің, білім ордасы!» 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын сценарийі Мақсаты: Оқушыларға Білім күнінің маңызын түсіндіру, жаңа оқу жылына жақсы көңіл күй сыйлау, бірінші сынып оқушыларын мектеп…

Bilimger Media 83 оқылым 4 мин