«Қорқыт» (ІV нұсқа) (2-бөлім)
Күй аңыздары · 2 мин оқу
«Құлпырып тұрған қамқа тон,
Шүперек болар тозған соң.
Бүрлеп тұрған бәйшешек,
Қурай болар солған соң...»
Елінің қамын ойлаған Қорқыт атаның жүрегі қан жылайды. Тайпаның тағдыры жанын күйзелтеді. Жердің желінін ембей, желкесінде ойнақтаған асау тайпаның күйреуі—қайғысы болады. Осы қасіретті тебіреніспен Қорқыт ата желмаясына мінеді де, тынысы кең, тарпығы жоқ, өлімді білмейтін жер іздеу үшін дүниені шарлап кетеді. Ұзақ жол тартады. Бір күні қалың орманның шетіне шығып, жалпақ жазыққа көз салып тұрады. Айналасына қараса, орманның шетінде біреу жер қазып жатады. Бұл күннің батысына барған кезі екен. Әлгі жер қазып жатқан адамның қасына келсе, жас жігіт екен. Қорқыт ата жөн сұрайды:
—Бір адамның өмірі өшкен екен-ау, бұл кімнің көрі? Жігіт жолаушыға қадала қарайды да:
—Бұл Қорқыттың көрі,—дейді.
Мұны естіген Қорқыт ата өзінің де қартая бастағанын сезеді. Бірақ адам баласын өлімнен құтқарып, бақытқа кенелтемін деген ойы жебейді. «Мен әлі мұратыма жеткен жоқпын, арманымды орындамай өлмеймін». Осы оймен артына бұрылады. Қатпар-қатпар құм кешіп, аңызғақ ескен жол басып, асқарасқар таулардан асады. Таудың етегіне түскен кезде жер қазып жатқан біреуді көреді. Дене бітімі шомбалдай жігіт ағасы екен, жөн сұрайды. Ол да сұсты көзбен қарап, Қорқытқа көр қазып жатқандығын айтады. Алдынан шырадай жайнап шығып келе жатқан күнді көреді де, солға бұрылады. Қалың орман, қатпар таулардан, адырлы өлке, батпақты саздардан өтіп, жайқын теңізге жетеді. Теңіз жағасында тасты ойып, жер қазып жатқан орта жастағы адамға кезігеді. Ол да Қорқытқа көр қазып жатқандығын айтады. Қорқыт ата өзінің қуаты қайта бастағанын сезеді. Тағы да бөгелместен жылжып оңға бұрылады. Көлдерді жағалап, айдынды өзендерден өтеді. Жалпақ даланы шарлайды. Алдынан айнадай жарқырап жатқан жалпақ өзен кезігеді. Өзеннің жар қабағында бір шал жер қазып жатады. Шаршап-шалдығып жеткен Қорқыт ата:
—О, қадірлі қария, бұл кімнің көрі?—деп сұрайды. Шал қамыға қарайды да:
—«Өзекті жанға бір өлім», одан қашып қайда барып құтылмақсың, Қорқыт? Бұл сенің көрің, енді осыған кір де, тыныс ал!—дейді.
Қайда барса да өзіне қазылған көрге тап болған Қорқыт атаның көзіне өлім нышаны елестейді. Аппақ қудай сақалы желбіреп, сол арада жүгіне отыра қалады. «О, жарық дүние, қадіріңді білмеген адам баласына ақыл бер, қамқор бол! Жердің көркі елмен, елімді емірентпек едім, ол ойымды асыруға уақытым жетер емес. Жалғыз өзімнің қолымнан келмейді екен, соны білмеппін. Көп біріксе, көл емес пе, соны ойламаппын. Сол күйімді қолдай көр...».
Қорқыт ата сол арада жарық дүниеге тілегін айтып, өзінің ақырғы қоштасу күйін шерткен екен...
Осы арман домбыра үнімен берілетін «Қорқыт» күйі мұңды да, зарлы да емес, теңіздің толқынындай ширатыла бұралған дауылды бұрқаныс, домбыраның бунақты үні, күмбірлеген дүмбірлі сарынмен өне бойды шымырлатады. Жүректі тебірентіп, ғажайып сырлы ойларға батырады. Адамның санасын шайқап, жігерлі сенімге баурайды. Күй ырғағындағы тебіреніс ойға бөлеген толғаныспен құшағы кең әлемге жетелейді. Бауырмалдықтың, тіршіліктің сырын ұғуға баулиды. Жаныңды жайнатып, туыстық сезіміңді жетілдіреді. Қырқыс қиянаттан жирендіреді.