Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

«Қорқыт» (ІV нұсқа) (1-бөлім)

Күй аңыздары · 2 мин оқу

Қазақ халқы Қорқытты саз құдіреті, оның ішінде қобыздың атасы деп атайды. Адам жанының ең асыл сыры қобыз үнінде деп біледі. Сондықтан да өз кезінде бойларындағы құпия қуаттың сипатын жұртқа жария ету ісінде ел ішіндегі бақсылар қобыз сарынын пайдаланып отырған. Қобызды дәріптеп, киелі саз құралы санатында жұрттың санасын ұйытып, жүрегін елжіреткен. Қобыздың сиқырлы қасиеті жалынды жырмен бейнеленген.

«Қарағайдың түбінен
Қайырып алған, қобызым.
Ақ қайыңның безінен
Айырып алған, қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған, қобызым.
Өзегінен еменнің
Ойып алған, қобызым.
Ақ ырғайын қиянның
Құлақ қылған, қобызым.
Қыл құйрығын құланның
Ішек қылған, қобызым.
Тәутекенің мүйізін
Тиек қылған, қобызым.
Тобылғының шыбығын
Қияқ қылған, қобызым».

Осылайша бұрқырата жыр төгу арқылы қобызбен күңіренте күй шерте отырып, Қорқыт атаның жарық дүниеге құштарлығын, өмірде жақсылықты асыру жолындағы арманын, қажыр-қайратын аңыз қып айтады. Бабаның ұлы мұратының желісін қобыз сарынымен ел жүрегіне жеткізіп, ой-сананы тербейді, жанын елжіретеді. Сарнаған қобыз үні құдірет болып сезіледі. Ал домбырада шертілетін «Қорқыт» күйінің ырғағы да, желісі де өзгешелеу. Мұңды күңіреніс сарыннан гөрі толғаныс, бұрқаныс бунағы басым. Қасиетті бабамыздың басынан кешкен уақиғалар мен көңіл-күйін ашып, адам ойына ұлылықтың ұрығын себуге арналған сыңайы бар. Осыған орай, аңыздар да сол мұраттан тарамдалады.

Қорқыт ата желдей жүйткіген желмаясымен қалың қатпарлы таулардың сай-саласын аралап, есілте жортып келе жатады. Жайқалған жасыл нуға бөленген таудың бір жотасына шықса, екі жағы жалама жартасты шұңғыл аңғардың ішінде қиян-кескі соғыс жүріп жатыр екен. Қирай сұлаған адам өлігінен аяқ алып жүргісіз, әлі тірі қалғандары бірін-бірі найзалап, қылыштап, таласқан итше шайнасады. Біреуді-біреу парықтамайды. Көздерін қан жапқан, әкесі қарсы келіп қалған баласын, ағасы інісін соққылайды.

Ақыл-есінен адасып, құтырғандай арпалысады. Тағы аңша жұлқысып, бірін-бірі жүндей түтеді. Осы арада Қорқыт ата төбенің басына отыра қалып, қобызын күңіренте сарнатады. Сиқырлы, зарлы сарын тау-тасты жаңғыртады. Зарлы үнге балқығандай тау шайқалып, жер теңселеді. Ес-түссіз алысып жатқан адамдар тәлтіректей теңселіп барып, сұлай-сүлай кетеді. Қан жоса боп жатқан өліктер қорғасындай балқып ериді де, әрқайсысы домалаған қой тастарға айналып кетеді.

Күйін безілдете сарнатқан Қорқыт атаның жаны күйзеліп, ойы шалқиды. Мына тайпалардың адамдарына мына ұлы таудың құшағы тарлық етті ме? Туыстығынан бездірген обырлықтың кесірінен бір-бірінің жаулығы соның салдары ма? Неге түбін ойламайды бұлар? Мынандай қанды қырғын халықты құрдымға құлатпай ма? Жалпақ әлемнің құшағынан құлашты еркін жаятын жер табылар-ай. Ал адам баласын ақылға келтіретін, өлімді тиятын шара бар ма? тәңір сормаңдай пенделеріңе өзің жар бола гөр!.. ендігі өмірімді, ақыл-ойымды осы жолға жұмсайын...

Күй аңыздары

Барлығы: 365 аңыз

Тағы оқыңыз