Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қойшы бала (2-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

—Қылышты өлген хан өзі алып, асыл тастарын өзге нәрсеге орнатқан,—деді Әлібек. Бұған хан ештеме айта алмады рас болған соң.

Қазына ақшасы һәм өзге бағалы нәрселері түгел көрінген соң хан ештеме айта алмады. Сенімсіз адам өзінің ойлағаны рас шықпаса, ыза болады ғой. Хан да ашуланып, ойланып, ішінен өзге бір амал тағы тапты. Нөкерлері Әлібектің үйі жасаулы, байлығы артық дегені ойында болып, уәзірінің үйін көруге барды. Хан келсе, құр үйінің төрт қабырғасынан басқа һәм жүріс-тұрысқа аса керекті нәрселерден басқа дәнеме жоқ һәм жасаудан да бір нәрсе де жоқ. Хан қайран болып тұрды не айтарын білмей. Бір патшалы жұрттың қазынасын билеп тұрған Әлібектен ханның қол астына қарайтын орта жабайы адамдар салтанатты тұратын көрінді ханға. Өзінің сенбегеніне ұялып, кеткелі тұр еді хан, қасындағы нөкерінің бірі жанындағы бір есікті ымыменен көрсетті патшаға. Сонан соң патша жан-жағына қараған еді, бір есік тұр екен үлкен екі құлып салған. Есікке хан жақын келіп Әлібектен сұрады:

—Осынша мықтап жауып бұл үйде не сақтайсың? Әлібек әуелі не айтарын білмей сасып қалды, артынан түзеліп айтты:

—Ұлы хан, бұл үйде менің ең қымбатты нәрсем бар, мұнан бұрын көрген мүліктің бәрі хандікі. Бұл үйде тығулы жатқан менің байырғы мүлкім бар. Мен сізден, алдияр, сұраймын, бұл есікті «аш!» деп сұрамаңыз менен.

Сенбейтін ханға Әлібектің қорыққан түрі қауіпті көрінді. Хан қатты бұйырды:

—Аш есікті!—деп, Әлібек есікті ашқан еді, хан үйге кіріп көрді. Үйдің ағартқан төрт қабырғасынан басқа ештеңе жоқ екен. Жалғыз-ақ қойшының жыртық-жыртық киімі, бір сыбызғы, бір таяқ һәм бір малшының қалтасы тұр шегеде ілулі. Бәрі таң қалды. Ханның өзіне бұл қылғаны ыңғайсыз болып көрінді. Себебі өзі ойлаған еді, тығулы жатқан алтын, күміс бар ғой ол үйде деп. Әлібек адалымен айтты:

—Ұлы хан Жәнібек мені далада, қойда жүргенімде алғанда бар менің мүлкім осы еді. Мен бұларды сақтап жүрмін. Бақытты жасымдағы белгі деп. Ұлы Жәнібек сондай мархабатты еді, менің бұл нәрселерімді өзіме қалдырды. Ұлы патшам, сіз де бұл нәрселерімді өзіме қалдырады ғой деп ойлап тұрмын. Һәм маған бостандық берерсіз қайтадан туған жеріме баруға, сіздің салтанатты байлығыңызда жүргеннен де, онда мен қойымды бағып, кедейлікте жүргенімде бақытты болған едім,—деді. Әлібек ханға мұны айтып үндемей тұрды. Тұрғандардың бәрінің көңілі бұзылды. Үлкен қадір тұтқанының белгісі деп хан үстінен шекпенін шешіп, Әлібекке кигізді. Жек көргендері, ғайбаттағандары ада болып, адал Әлібекке мұнан былай ешкім сөз айтушы болмады.

Әлібек көп ғұмыр сүріп, әділдік, адалдықтың құрметін көріп тұрды. Әлібектің адалдығы мақал болып, біреудің адалдығын көрсетейін деген кісі айтар еді: «Оның адалдығы Әлібектей» деп.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз