Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қойшы бала (1-бөлім)

Тарихи аңыздар · 2 мин оқу

Атақты Жәнібек хан бір күні аңда жүріп адасыпты. Бір тауға шыққан екен, бір бала қой жайып, ағаш түбінде сыбызғы тартып отыр екен. Сыбызғысының дауысы сондай әйбат көрінді. Хан баламенен сөйлескен еді, әлгі ештеме көрмей, қой ішінде өскен баланың ашық жүзі һәм түзу берген жауабы бек ұнасты ханға.

—Кел, мұнда мынау бала қалай деп ойлайсың?—деді хан келе жатқан уәзіріне. Хан тағы да әр турадан сұраған еді, бала бәріне жауап қайырды. Өзінің өткірлігімен, ашықтығыменен хан менен уәзірді бек қайран қалдырды бала. Хан баланы өзімен бірге әкеткісі келді, оған өнер-білім білгізіп, жақсылап асырамақ үшін.

Жаман жерден алып, жақсы жерге отырғызған гүл қандай жақсы өседі, бала да сондай өнер тауып, бір ұлы данышпан адам болды ақырында. Хан оған есім қойды Әлібек деп. Күннен күнге оны жақсы көре бастады һәм ақырында өзін қазынашы қылды патшалыққа. Әлібекте жақсы қылықтың бәрі болды. Сенімділік, жаһаттық, мархабаттық, халі жеткенше жақсылық қылатын сұрағанға, әйтеуір, ханның қол астына қараған өзге ұлықтарға ұқсамаған мінезі. Қылған қызметіне, көрсеткен жәрдеміне ешбір ақы алмаған. Сондай болып жүрсе де, Әлібек ғайбаттан құтылмаған. Ханның өзге сарайдағы нөкерлері көре алмай, не түрлі амал қылып ханменен шағыстырған. Хан оған көп құлақ қоймады. Себебі ханның өзі данышпан адам еді, бірақ Әлібектің сорына қарай Жәнібек хан өліп, орнына баласы хан болды. Бұл әкесіне тартпаған, адамға сенбейтін, діні қатты, сараң еді. Шөлдеген кісі бір кесе суды қандай сүйсе, кісі өлтіруді сондай жақсы көретін еді. Әлібектің дұшпандарына сондай адам керек еді. Бұлар күнде үстінен айтып тұратын болды. Хан әуелі оған құлақ қоймады. Бір уақытта олардың айтқандары рас сықылды көрінді. Хан бір күні бағалы тас орнатқан қылышты қарағысы келді. Бұл қылышты әкесіне бір патша сыйлаған екен. Қылышты ешбір жерден таба алмады қазына қағазында жазулы болса да. «Мұны қазынашы алды» деген ойға келді, ханның дұшпандары іле-шала Әлібекті ханға шағыстырды. «Әлібектің қылғанының бәрі арам. Себебі өзі мұнда жалаңаш келген бала еді, осы күні қанша үйлер салдырған, алтын, күміс жасауына һәм сайманның барлығына есеп жоқ. Қазынадан ұрлап алмаса, оны қайдан алды?» Солай деп ханға айтып отырғанда Әлібек кіріп келген еді. Хан қатты қаһарменен қарап айтты:

—Әлібек, сенің сенімсіздігің маған белгілі. Сен мұнан былай менің қазынашым емессің. Мен саған қатты бұйырамын екі жұмада қазынаның есебін бер! Әлібек мұнан қорқа қойған жоқ. Себебі көңілі таза еді. Бірақ ойлады: «Менің дұшпандарым екі жұмада тағы мұнан жаман бірдеме табар» деп.

—Ұлы хан, менің жаным сенің қолыңда. Мен қазынаның кілтін һәм өзге сіздің құрметіңіздің белгісін қазір столыңызға салуға даярмын. Егер мендей құлыңа мархабатың болса, мен сұрайын деп тұрмын қазынаның есебін қазір алуды менен. Әлібектің бұл арызы ханға бек ұнасты. Ертеңінде хан қазынаның есебін алған еді, бәрі түгел екен.

Тарихи аңыздар

Барлығы: 695 аңыз

Тағы оқыңыз