Бес таңбалы қыпшақ туралы
Шежірелік аңыздар · 1 мин оқу
Бұрынғы қариялар Орта жүзды «Жеті арыс» деп сөйлейтұғын. Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Қыпшақтан: Шолым Әліп, мұнан: Ақкөбік Әліп, мұнан—Мүйізді сары Әліп, мұнан—Тоқтар, мұнан—Қобыланды. Қара, Сары, Қытай, Еділ, Жайық атанған аталары бар. «Бесеуі бір туысқан» деседі. Кімнен туып, өсіп-өнгенін айырып білуші болмады.
Бұрынғылардан айтылып жүрген бір сөз бар еді: «Қыпшақ бұзады, Арғын түзейді». Қыпшақтың қарасы—ашуланшық, омырау келеді. Сарысының көзі өткір, тілі ащы келеді. «Жақсы—кезекке таласады, жаман—отыратұғын орнынан адасады», «Жақсы басын қосқанда, әңгіме кезек-кезек айтса, сонда жарасады», «Екі жақсы ерікпес, екі жаман бірікпес»,— бір жүйріктің аузынан шыққан сөз. Оның аржағы кімнен туып, қалай өсіп-өнгендігінде нем бар, «естіген құлақтың жазығы жоқ» деген, естігенімді сөйлеймін.
«Бес таңбалы Қыпшақтың» аналары айтқан екен деседі:
—Ұзын бітті бойыма, ерлік, батырлық толды ойыма,—депті. Қол таңбалы Ұзын Қыпшақ атанады (Атыс, Кедел, Бірдікей, Қырықжігіт).
—Бұлтың бітті бойыма, көптік толды ойыма,—депті. Әліп таңбалы Бұлтың Қыпшақ таңбасын жақтан басады. Бұғыс, Орыс. Бұғыстан—Жолаба, Орыстан: Төбет, Құлатай, Мадияр, Құдас.
—Торы бітті бойыма, кемшілік толды ойыма,—депті. Мойын таңбалы Торы Қыпшақ таңбасын мойыннан басады. Тойешке, Қыйтаба, Көкмұрын, Шашты.
—Балық бітті бойыма, байлық толды ойыма,—депті. Қарын таңбалы Қарабалық атанады. Таңбасын қарынынан басады. Көсеу таңбалы Көлден Қыпшақ бар, бұлардың бәрін «Бес таңбалы Қыпшақ» дейді.
Ел аузында айтылып жүрген әңгіме—Қара қыпшақ Қобыланды батыр. Сондықтан ойлаймын: «Қара, сарылар Қобыландыдан бұрынғы аталары болады-ау!»—деп. Бұл Қыпшақ екеу—Шайқы, Борқы. Дуананың дуасымен бір кісіден тоқсан екі ұл туған. Бәрі де өсіп-өніп ел-жұрт болған, «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе?» деген Қыпшақ—осы. Бұл Қыпшақтар Моғұл- Татардың Моғұлынан шыққан.