Абай өнерінің әсемдік әлемінің басты арналары

Әзімханова Ж.Б.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

Жанатаев Д.Ж.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

 

Абай шығармашылығы қазақ әдебиетінде өзінің орнын тауып, тамыры тереңге батқан шығарма екені бәрімізге мәлім. Мұхтар Әуезов қазақтың бас ақыны Абайдың өмірін әрі қызық, әрі шынайы етіп жеткізген. Абай Құнанбаевтың терең ойлары мен асыл сөздері – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Абай – қазақтың шыңы. Өз заманынан да өзектілігін таба білген ақын поэзиясы, шығармашылығы өзінің маңыздылығын жоя қоймады. Абай ақындық шығармаларында өз халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық, мәдени мәселелерін арқау етеді. Терең ой және адамгершілік пен ізеттілікке толы өлеңдері езгі мен надандыққа қарсы күреске шақырады. 

Абай қазақ әдебиетін, фольклорын аса сүйіспеншілікпен оқып, қастерледі. Ол ең алдымен қазақтың ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларын сүйіп оқыды. Алайда Абайдың шығармашыл дүниесі тек қазақтың әдебиетімен ғана емес, сондай-ақ шығыс пен орыс әдебиетіне де толы болды. 

А. Жапарова “Абай сусындаған үш бұлақ” мақаласында Абайды ұлы ақын еткен “үш жақтан құйылған бұлақ” деп жазады. Шынымен де, Абай Құнанбайұлының туындыларына тағы бір көз жүгіртсек өлеңдерінің бойынан орыс әдебиеті мен шығыс әдебиетінің жылы лебін сеземіз. Ақын сүйіп оқыған үш үлкен қайнар көз: 1. Халық ауыз әдебиеті. 2. Шығыс әдебиеті. 3. Орыс әдебиеті, оның арғы жағында Батыс Еуропа әдебиеті. Абай жастайынан оқудан қол үзбейді, қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули  ақындарының өлеңін жаттап өседі [1].

Абай жастайынан білім алуды бастайды, көптеген әлем таныған ақын-жазушылардың еңбектерін бойына сіңіріп өседі. 

“Абай жолы” роман-эпопеясынан да біз Абайдың шығыс ақындарынан үлгі алғанын байқаймыз. Бірінші томның алғашқы беттерінен-ақ Абай өзінің шығыс ғұламаларының шәкірті екенін көрсетеді. Жалпы роман өзінің өн бойына қазақ ауыз әдебиетінің де қазыналарын жинаған. “Қайтқанда” тарауында Абай әжелері мен анасының және басқа да қыз-келіншектердің ортасында отырады. Сол кезде әжесінің құлағы нашар ести бастағанын аңғарады. Айналасындағы жеңгелері мен қыз-келіншектер жас баланы сынамақ болып, “әжеңнің құлағын үшкірсең жақсы еститін болады” дей бастайды. Осы жерде жас Абай бұл іске ызаланғандай болады. 

Сәл кідіріс жасап, Абайдың осындағы мінезіне келсек: ауылдың іші ескілікке үйренген адамдармен толы болады, алайды Мұхтар Әуезов Абайдың жаңашыл көзқарасын көрсету үшін романның басынан оның осы жағын айқын көрсетеді.

Бұл тұста біз тек Абайдың өзгерісін ғана емес, сондай-ақ қазақ фольклорының ерекшелігін де аңғарамыз. Яғни, қазақ әдебиетінде, әдебінде үшкіру тәрізді іс-әрекеттер жиі кездеседі, олар әлі де біздің өмірімізде орын алады десек те қателеспеспіз.

Осылай жеңгелері үшкіріп бер дегенге, Абай өз қулығын іске асырады.

Өзі раушан, көзі гауһар,

Лағылдек бет ұшы ахмар.

Тамағы қардан әм биһтар

Қашың, құдрәт, қоли шиға, –

деп, көпшiлiк ұға қоймайтын өлеңдi шұбырта берiп, дауысын “тәбәрәк” оқыған молдаларша ұзайта созды. 

Осы кезде бала Абай айналасындағылардың ұға қоймағанын, балаға сеніп қалғанын аңғарып, өз “үшкіруін” жалғасытырады.

“Мұбада болса ол бір кәз

Тамаша қылса юзма-юз…

Кетіп қуат, юмылып көз,

Бойың сал-сал бола нига?–

деп кеп көзiн жұмып, ернiн жыбырлатып, әжесiнiң құлағын ашып “су-ф” деп қойды” [2].

Абайдың шығыс әдебиетін жетік оқығанын да, білімін сол арнадан жиғанын да осы тұстардан байқаймыз. Бұл Абайдың Науаи мен Фзулиді оқып жүрген сәтіндегі өлеңдері болатын.

Сондай-ақ шығыс әдебиетінің сарыны ақыннын өз әжесіне айтатын әңгімелерінен де аңғарылады. “Ғабитханның тәпсiрiне қарап, бұрынғы бiлген тiлдерiн қайта құрастырып алды. Содан әрi мұның қолына түскен әрбiр қалың кiтап соншалық бiр қатты сағынып жолыққан ыстық қымбат досы тәрiздi болды. Ғабитхан да кiтап оқығыш болатын. Соның кiтаптарының iшiнен өзiн қызықтырған көп-көп асыл бұйымдар тапты. Мұнда Абулқасым Туси-фердауси, Низами, Фзули, Науаи, Бабырлар бар. «Жәмшид», «Сеидбатталғази», «Мыңбiртүн», Табары жазған тарих, «Жүсiп-зылихалар», «Ләйлi-мәжнүндер», «Көрұғлы» сияқты хикая дастандар да бар. Абайдың бас алмай оқығандары осылар. Аздан соң, кешкi шайдан асқа шейiнгi мезгiлде Абай кейбiр оқып шыққан кiтаптарын үй iшiне әдемi әңгiме қып айтып берiп отыратын әдет тапты” деп, оның шығыс ақындарына деген ерекше сүйіспеншілігін байқаймыз. Абай өзінің бар уақытын ғұламалардың кітаптарының айналасында өткізеді. Бұл әңгімелерін әжесіне айтып отыруы – оның бұл өнерді сыйлауы.

Бұл шығыс ақын-жазушыларының еңбектері Абайдың әр туындысынан өз ізін табады айтылады. Науаи, Фердауси, Низами, Бабыр сияқты тұлғалардың туындыларын Абай киелі кітаптай қастерлеп өткен. 

Шығыс әдебиеті философияға тұнып тұрғандықтан оны ашып, мағынасын әркімнің қолынан келе бермейді. Ал Абай болса шығыс ақындары мен жазушыларының тілін ғана түсініп қоймай, олардың философиясына да үңіле білген. Жүрегінің түкпірімен терең философияны түсініп, оны қазақ әдебиетімен шендестіруге, байланыстыруға тырысқан. Яғни бұл екі мәдениетті туыс көріп, қазақтың әдебиетіне шығыстық сарынды алып келген. Осындай тәжірибе мен білімнің арқасында халық арасында да өз орнын алып, биіктен көріне білді. Абайға дейін шығыс әдебиетін жетік меңгерген қазақ ақыны, жазушысы болмады. Әрине, ұлт пен мәдениеттің араласуы нәтижесінде біз көптеген араб-парсы сөздерін өз әдебиетімізге енгізіп отырмыз. Ал тілді нысан етпей, әдебиеті мен мәдениетіне жеке тоқталсақ оның қазақ тіліндегі терең қазылып сақталған орнын Абай алып келгеніне көзіміз жетеді.

Ауыз әдебиетін мысалы ретінде өнер иелерінің бір-бірімен сөз алысуын айтсақ та болады. Жоғарыда айтып өткен Абайдың әңгімелері де осы қатарға жатады. Абай тек шығыстың әдебиетін үндеумен өтпеді, ол өзінің әжесімен көп уақытын өткізуді дұрыс көреді. Ол әжесіне қазақ ауыз әдебиетінің де оқиғаларын әңгіме қылған.

Қазақ әдебиетінің, фольклордың Абайдың әдеби әлемін құрастыруына үлкен әсер еткенін осы сияқты туындылардан байқасақ болады. 

Абайдың әсемдік әлемін құруда оның әжесі мен анасының рөлін айтып өтсек болады. Абай мейірімділік пен мінездің сұлулығын осы екі жүрегі жылы жандардан байқаса, келбеттің сұлулығын, жылулығын айналасындағы Әйгерім, Тоғжан, Салтанат сынды бикештердің өн бойынан тапқан. Абайдың әсемдік әлемін дамытуда, құрауда махаббат лирикаларының да рөлі ерекше болған. 

Қорыта келе, Абайдың лирикалық әлемі, әсемдік әлемі – бірнеше ағымнан таралып, бір арнаға қосылған үлкен ізденістің нәтижесі. Батыс әдебиеті де, Шығыс әдебиеті де, қазақтың фольклоры да Абай шығармашылығынан ерекше орын алады. Әр арнадан ақын өзіне керек нәрдә алған. Нәтижесінде Абайдың шығармашылығы үлкен дәрежеге жетті. 

Абайдың лирикасы – шексіз. Оны оқу да, үйрену де, зерттеу де қаншалықты қызық болса, соншалықты тартымды болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жапарова А. Абай сусындаған үш бұлақ
    http://abai.kaznu.kz/?p=1853 
  2. Абай жолы, І том

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *