«Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі экзистенциалисттік сарын

Аннотация

 

Қазақ әдебиетінің өзіндік даму тарихы бар. Сонау ауыз әдебиетінен нәр алып сусындаған әдебиетіміз уақыт өткен сайын өзіндік жаңалықтарымен, ізденістерімен дараланып тұратын қаламгерлер шығармаларымен толығып отырды. Соның нәтижесінде әр кезеңдегі қазақ қаламгерлері қалыптасқан дәстүрлі арнаны жаңашылдық сипатта жан-жақты дамыта отырып, қазақ әдебиетіне мол жаңалық әкелді. Көркем проза мазмұнына жаңа кейіпкерлер келді, олардың мінез-құлқы күрделенді, әр түрлі жанрда жазылған жаңа мазмұнды шығармалар қатары молайды.

Ұлттық әдебиетіміздің даму жолдарын жаңаша ғылыми өлшемдермен парықтай келіп, оның сан сипатты табиғатын жалпыәлемдік мәдени құндылықтармен сабақтастыра қарастыруға назар аударуымыз қажет. Міне, әдебиеттану ғылымының келешектегі өрісін айқындайтын, әдеби дамудың күрделі жолын толықтыра зерттеуде осындай кезең талабын ескеру үнемі ізденістерді қажет етеді.

Әдебиеттану ғылымында әдеби ағым мәселесі – аса күрделі де ауқымды. Әсіресе, бұл мәселелерді жекелеген жанрдың қалыптасу жолдарымен сабақтастыра қарастыру – шешімін толық тауып бітпеген әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі.

 

 

Экзистенциализм – ерте грек тілінде ехtitentia – тіршілік ету, яғни «өмір сүру философиясы» деген мағынаны береді. Бағыты жағынан антропологиялық болып келетін бұл философияның негізгі мәселесі – адам проблемасы мен оның өмір сүру формасын қарастырады [1,498].

Экзистенция (лат. Existertia – өмір сүру) – экзистенциализмнің негізгі ұғымдарының бірі, жеке адам болмысының өмір сүру тәсілін ұғындырады. Ең алдымен экзистенциализм – философиялық категория болып табылады. Алғаш рет «экзистенция» терминін Кьеркегор осы мағынасында пайдаланды.

Экзистенциализмде адам өзінің орталық түпқазығы болып, соның арқасында алғашқысы жай ғана жеке эмпирикалық индивид ретінде және «ойлайтын ақыл-парасат», яғни қайталанбас нақты тұлға ретінде бой көрсетеді. Экзистенция – адамдардың мән-мағынасын емес, ол экзистенциалистердің (Сартр) теориясына сәйкес қандай да бір белгілі, күн бұрын айқындалған ұғымды білдіреді. Экзистенциялизмнің аса маңызды ерекшелігі – ол объективтілік сипатқа ие бола алмайды. Барлық адам өзінің қабілетіне, біліміне, шеберлігіне – сыртқы заттар түрінде объективті сипат бере алады. Одан әрі өзінің психикалық актілеріне, ойлау жүйесіне және т.б. теориялық тұрғыдан «объективті түрде қарап», оларды өзі қарастыратын объектіге айналдырады. Іс жүзінде де, теория жүзінде де объективті сипат беруге танымнан да жалтарып кететін, осылайша оған әмірі жүрмейтін бір нәрсе – оның экзистенциясы.

Экзистенциалистік ой-пікірдің ХХ ғасырда бой көтеруіне бірінші дүниежүзілік соғыстың әсері және адамзат баласының бір-біріне жойқын майдан ашқан екінші дүниежүзілік соғыстың уақытында әсері күшейгені осыдан болуы мүмкін. Яғни, экзистенциалистік ой ағымы қоғамдық құрылыстағы және әлемдік деңгейдегі қайшылықтар тереңдегенде, санадағы қақтығыстар кезеңінде адам өзінің фәнидегі жалғыздығын барынша түсінеді деген пікірді ұстанады.

Францияда Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптары мен қасіреттері экзистенциализмнің жастар арасында бұрын-соңды болмаған қолдауына ие болды. Әлемдік дағдарыс жаңа дүниетанымның қалыптасуына, оған дейінгі өмір сүріп келген қалыпты көзқарастардан бас тартуға дейін әкелді. Осы кезеңде Г.Марсельдің, Ж.П.Сартрдың қоршаған әлемді қатігез, трагедия мен қарама-қайшылыққа толы деген пікірлері алдыңғы қатарға шықты. Осындай ой тек қана француз ойшылдарында ғана емес, жалпы экзистенциализмнің теориялық базисі ретінде танылды.

Жалпы, адам өзінің әлемдік жалғыздығын түйсіну арқылы қоғамнан, ондағы қалыптасқан белгілі нормалардан жатсынады. Экзистенциялисттік таным мен олардың ұстанған концепцияларын, теориялық қырларын қарастырған еңбектердің түгелі дерлік келіскен тоқтам бар. Ол – экзистенциализмнің мәдени құлдырау, рухани дағдарыс кезінде өрістейтіні.

Сонымен, экзистенциализм (латынша  existentia – «өмір суру») ағымы – ХХ ғасырдағы философия мен әдебиеттегі үлкен ағымдардың бірі. Бұл ағымның негізгі принциптері адам болмысының мына әлемдегі панасыздығы, шарасыздығы, өмірдің абсурдтығы, әлем және жалғыздық ұғымынан өрбіп, адам проблемасы мен оның өмір сүру формасын қарастырады.  Экзистенциализм ХХ ғасырда барлық әдебиеттерге ықпал ете бастағандықтан да қазақ әдебиеті ол ағымнан тыс тұра қалған жоқ.

«Экзистенциализм – қазақ әдебиетінде XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасыр басында өрбиді. Себебі қазақ қоғамындағы өзгерістер, экзистенциялық дағдарыс, рухани құлдырау мәдениет пен әдебиетте экзистенцияның дамуына алып келді» (1, 207-208).

Қазақ прозасындағы экзистенциализм ағымы жаңа дәуір прозасының қалыптасуы кезеңіндегі суреткер санасындағы эстетикалық дарашылдық, шығармашылық процесс арқылы өзінің рухани және эстетикалық күш-қуатының мүмкіншілігін барынша жариялады.

Қазақ әдебиетінде психологизм мен реализм жанры сұраныста болды. Қазақ толғауларының өзінде жағдаяттарды әлеуметтік тұрғыда талдау кездеседі. Бұл әдебиеттің қоғамдағы рөліне, оның қоғамның актуалды мәселелерін бағалаудан қалыптасты.

Көркем шығармада кейіпкердің айрықша характері, өмірдің өзінен әлдеқайда әсерлі, ғажайып бейнелердің пайда болуы, ең алдымен автор санасы мен бейсаналық әрекеттің өзара байланысы секілді ереше сиқырлы, жұмбақ та құдіретті күшімен туғандығына сеніммен қараймыз. Оған дәлел ретінде М.Әуезов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, С.Жүнісов, Т.Әлімқұлов, С.Мұратбеков, Ә.Тарази, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Ысқақов, Қ.Жұмаділов, О.Бөкеев, Т.Әбдіков, Д.Исабеков, т.б аға буын жазушылар шығармаларымен бірге әдебиетке 1980 жылдардың аяғында келген Н.Ораз, Ж.Қорғасбек, А.Алтай, Т.Ахметжан, Р.Мұқанова т.б туындыларында нағыз адамдық бет-бейнесі бар кейіпкерлерді жарата отырып, солардың бітім-болмысы, өмір тіршілігі арқылы айнымас авторлық идеяларын әйгіледі(1,100).

Алғашқы прозалық үлгілердің көпшілігіне тән трагедиялық әуен, трагедиялық бейнелер кеңістік пен адам тұлғасын сыртқы дағдарыстармен, барынша өткір мәселеге айналып кеткен рухани ауытқулармен тығыз байланысты. Мұндай ерекшелікті Мұхтар Әуезовтің 1920 жылдары жазған әңгімелерінен байқар едік.

Әлемдегі жазушылар мен ғалымдардың кейінгі уақытта назарын аударып келе жатқан ауқымды мәселе – адам болмысындағы жатсыну, жалғыздық мәселесі. Біздің ғылымда бұл мәселе көп уақыт дұрыс бағаланбай келген кезең – жалпы дүниетанымдық мәселеге тек материалистік тұрғыдан келу үстем болып тұрған кеңестік дәуірге дәлме-дәл келеді. Соңғы жылдары отандық ғалымдар тарапынан «жатсынудың адам баласының, қоғамның дамуындағы тарихи қажетті форма» деп те айтыла бастады.

Әлемдік мәдениетке қазақ халқы қандай игіліктер қосты дегенде, ауызға алынар есімнің бірі – Әуезов. Ол – әлемдік құбылыс. Әуезов ғасырлар бойы жиналып келген қазақ топырағындағы асыл құнарлардың жарқырап қайта көрінуінің үлгісі. Ауыз әдебиетіндегі сарындар, мотив, идея, тіл өрнектері, бояулар Әуезов дүкенінде қайта жаңғырды. Қазақтың реалистік әдебиетіндегі халықтық арнадан, ұлы Абай айдынынан нәр алған М.Әуезов қазақ әдебиетіне реалистік дәстүрлердің тереңдеп сіңгенін танытты.

Жазушылық жолын драматургиядан бастаған және оны өнерінің өзге салаларымен қатар жарыстыра өмірінің аяғына дейін дамыта жетілдіріп, құбылта құлпыртып әкелген Мұхтар Әуезов 1921 жылы «Қорғансыздың күні» деген әңгіме жазады.

«Қорғансыздың күні» революциядан бұрынғы қазақ ауылының өмірінен алынған аса бір ауыр шындықты, адамның жаны түршігерлік сұмдықты, қатігездікті баян етеді [2,14].

Көркем прозаның басы болған бұл әңгіме де философиялық толғамға құрылған. Қазақ әдебиеттануында бұл мәселені көтерген Е.Аманшаев жазушының «Қорғансыздың күні» әңгімесі жайлы: «Жер-дүние Өлімнің құрсауында жетімдіктің зардабын шеккендігін паш етеді. Адам атаулы күллі әлемді молаға толтырып, Күшікбайдың бейітінің алдында  ысқырып келе жатқан өлім алдында қорғансыз, панасыз жетім. Әңгімедегі кеңістік тұйықталған ваккум секілді. Жер-дүние Өлім деген тұйыққа тіреліп, өлім деген ваккумнан шығар тесік таба алмай қымтырылулы. Адам тұйыққа туа сала тасталған» [3,93] — дейді. Теориялық тұрғыдан автор ойы толығымен дәйектеліп жатпаса да, бұл жерде біраз ойға қорек боларлық көзқарас жатыр. Адамның әлемдегі жалғыздығын бейнелеудегі айрықша қызметі бар табиғаттың символикалық функциясы да сыншы мақаласында орынды ескерілген.

«Не бауыры, не сыртында ықтыртыны жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай жалғыз қабат болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да, оңынан соқса да паналығы жоқ: азынап тұрады… Жыл сайын қыс басынан қарлы болып малға панасы жоқ болғандықтан, бауырын жайлаған ел малын өлтіріп, өзге ел аман отырғанда, шолақ жұттың құрығынан құтылмайтын» [4,67].

Сұрықсыз қысқы даланың келбетін, айықпайтын ызғарды сезіндіре отырып, жазушының алдағы трагедияны болжауы – бұл суреттеменің көркемдік-эстетикалық қуаты. Жаhандағы қылт еткен тіршілік атаулыны зәрлі үскірігімен жайпап келе жатқан қаhарлы табиғат өз үстемдігін жүргізіп тұр. Астан-кестен әлемнің ортасында тіршіліктің нышанын уақытша ғана білдіріп тұрған қаралы үй де жалғыз. Кешегі күні жалғанды жалпағынан басқан, дәуірінің арыстаны – Күшікбай батырдан да жалғыз қалған белгі – мола ғана. Дәурені өтпестей болған батыр моласының үстінде ақтүтек бораған боран сан түрлі қимылмен «биге салады». Кемпірдің монологы да жалғыздықтың зарын күй етіп шертеді.

Жазушының ой ағысы тірі жандарды да өлілермен байланыстырады. Жол үстіндегі екі бейіт – Ғазизаның әкесі Жақып пен жалғыз бауыры – Мұқаштың бейіті ғой. Шай үстінде кемпір келген қонақтарына өз жайы, өз күйкі тірлігінен сыр ақтарады. Қарт кемпірдің әңгімесінен біз баласы мен немересінің сүзектен өлгендігін, олардың өлімінен кейінгі ағайындарының зорлығы туралы, ақыры ағайындарының пұшық Мәрденге Ғазизаны күйеуге бермек болған ниеттері туралы білеміз. Сөйтіп, өткенге қарай екі бұрылыс жасалады. Табиғаттың жауыздығына (баласы мен немересінің сүзектен өлгені) адамдардың жауыздығы қосылып, жалғыздық дегеннің әлемдік гимні ойналады. Ол әлемдік гимн сырттағы, бәрін жалмап-жұтып, панасыз, «қорғансыз» әлемді ықтатпай, тепеңдетіп қуып келе жатқан боран уілімен сабақтасып, азалы әуенге басып, әлемдік жалғыздық гимніне айналады. Ал, адамдар – соның «қақпақыл ойыншығы».

Кеңістік толы азалы үн, гуіл, боран, сол боран адам тағдырымен ойнап, оны қақпақыл ғып, қаңбақ қып шыркөбелек айналдырғандай… Әңгіме барысында кемпірдің де өткеніне қысқаша саяхат жасап, оның да жасында шешесі өліп, өгей шешесінің қолында жетімдіктің зардабын көргендігін білеміз. «Өлім-жітім, жетімдік, сөйтсек, бұл әулеттің бесігінен жабысқан зобалаң екен. Ғазиза бесіктен, туа сала қорғансыз, панасыз екен. Кемпір: «Құдайдың менің өз басымнан аяған қазасы бар ма?» — деп [4,82] еңірегенде, оның құдайы – Тағдыр екендігіне мойынсұнасың. Ал кемпір әңгімесін салқын да салғырт тыңдап отырған Ақан туралы… «Жүрегін зорлықпен жұмсартайын десе де, аздан соң сезімсіз салқын қалпына қайта барып отырды» деген жазушының қолданған психологиялық штрихы – «…екі көзі жамаулы кішкене терезеге гуілдеп соғып, әр жеріндегі тесігінен бу болып, кіріп тұрған» әлемдік ызғармен астасып, бұл үйдің ішін де мұздата бастағандай әсер қалдыратыны анық.

Әңгіменің ішкі сезіміне беріліп, сол сезіммен жүріп отырсақ, мынаған куә боламыз: шай ішіліп, ет желініп болған соң, қонақтардың аттарына шөп салуға шыққан Ғазизаны Ақан зорлайды, қыз арына сөйтіп сызат түсіреді.

Әлем және жалғыздық. Дүние және жетімдік. «Дүние – бос». Кеңістік және жалғыздық. Әлемнің ақтүтек боранының алдындағы тұлдай жалаңаш Адам, «қорғансыз» адам. М.Әуезов адам жалғыздығының қасіретті трагедиясын осылайша суреттейді.

Уыз жас Ғазиза, оның басындағы қайғы-қасірет, ауыр уайым не? Жазушы оны да терең ашып, оның сыртқы түрінен ішкі сырына жетелейді: яғни, Ғазизаның «уайымы осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңа ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан Ғазизаның әкесі Жақып және туысқан кішкене бауыры Мұқаш… Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып зарлап қалғанда,  маңайына жиылған көрші-қолаң ғазиздердің сүйегін қабірге бергенін ойлағанда әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді» [4,68].

Жан түршігерлік ауыр хал, қатал шындық. Адам бұл тұста алуан сезімге түседі, сан түрлі ойға шомады. Тағдыр неткен қатал? Қорғансыздар тұрмыс-тіршілігі неткен ауыр? Тағдыр талқысы қандай шытырман!..

Ғазиза өмір қиындығын қаршадайынан көріп келе жатса да тағдырдың асқан қатыгездігін Ақан мен Қалтайдан көреді. Ғазизаның жалғанда қорғаны жоқ. «Қорлық, мазақ көрген Ғазизаның көзінен дүниенің барлық қызығы кетті. Жастығына лайық болған үміт, қиял бәрі де ойын басқан қараңғылыққа батты, көңіліндегі өмір сүрсем деген үміттің ақырғы жалыны сөнді… Көңіліндегі таусыншақ сезімнің ойлатқаны: енді үйге кіріп қайтемін? Үйде мен көретін не қызық қалды? Бишара болған шешелерім ақырғы қайғымды көрмей-ақ, білмей-ақ қойсын. Қайғылы бір сыр көрге бір-ақ кетсін дегендей болып тысқа шықты. Күн әуелгі қалпынша: ақ түтек болып борап тұр. Біресе өкіріп, біресе гуілдеп, құтырынып ұйытып соққан қатты жел Ғазизаға «жүр-жүр» дегендей  болып, дедектетіп жүріп кетті» [4, 86-87].

Ақырында ішкі әлемін аласапыран дауыл кернеген Ғазиза мына жалғанның жаттығын сезініп, оны талақ етеді. «Бұрынғы бейнет, бишаралық былай тұрсын, мынау көрген мазақ не? Осынша қорлау, рәсуалау не?.. Бүгінгі өмір бойында құлағы естімеген зорлық зұлымдықты көруге не жазық қалып еді?.. – ешбіріне жауап жоқ. Бірақ қайда жүрсе де, артынан көлеңкесіндей қалмай жүрген бір сорлылық, бір жылау» [4,86]. «Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақ-түтегінен адасып өліп, мәңгі толас тапқандай» [4,87]. Яғни, Ғазиза үшін тап қазір өлімнен қашатын жол қалмаған. Осы ойға бекіген ол басы ауған жаққа қаңғып кетпейді, ол өлілердің мекені молаға беттейді. Шын Еркіндік сол жақта тәрізді.

Басында Ғазиза өз тағдырына мойынсұнғандай кейіп танытса, оның аяғына таман ширығып, қатая түседі. Шындық алдында, Тағдыр – «қорғансыздық», яғни өлім алдында қатаю.

Автор кеңістікті әдейі алай-дүлей боранға толтырып, кейіпкерін соған қарсы қояды.

Алайда Ғазиза – Тағдырына мойынсұнбаған, тіпті оған қарсылық көрсетуге талпынулы. Сондықтан «Ол – әулие!» («Қорғансыздың күнінің» алғашқы, 1922 жылғы нұсқасы: «ол ғазаптан, қайғыдан, жауыз, зұлымдықтан құтылған. «Ол – әулие» деп аяқталған).

Экзистенциализмнің  қазіргі буржуазиялық қоғамда халық мүддесі мен үстем тап мақсатының сәйкес келуі мүмкін емес. Сол себепті, көптеген жазушылар халықтық негізден айырылып, рухани дағдарысқа ұшырайды. Ал М.Әуезов осы бағытқа сәйкес сарындарды, ойлау мүмкіншілігін халықтың Ұлы Октябрь революциясына дейінгі өмірін зерттеуге, суерттеуге пайдаланады, сөйтіп, революцияға дейінгі халық трагедиясын, ахуалын барынша жалаңаштап, ірі байламдар жасайды.

Жоғарыда айтылған ой ағыны, образдар жүйесі – XX ғасырда дүниеге келген экзистенциализм атты философиялық әдеби ағынмен, сол әдеби ағынның образдар жүйесімен үндес, сарындас. Әуезовтің сонау 1920 жылдары, бұл бағыт толыққанды қалыптаса қоймаған тұста жоғарыдағыдай философиялық байламдарға жетуі таңқалдырады.

Бүгінгі қазақ әдебиетінде қалыптаса бастаған образдар мен творчестволық әдіс түрлері Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелеріндегі образдар әлемінен өрбиді, соның рухани һәм тарихи жалғасы ретінде дамиды.

Мұқанның алғашқы әңгімелерінде ақ түтек боран ылғи жолындағы тіршілік атаулыны жайпап, жып-жылмағай  жұтып жіберетіндей ысқырып-үскіріп, жер-дүниені қармен бітеп-көміп, қусыра келеді. Мысалы, оның «Қыр суреттері» атты цикліне енетін «Қысқы түн» әңгімесінде мынадай жолдар бар: «Кей-кейде бұның бәрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйытқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады. Суық болып үскіріп, боран болып аласұрып, әлсіз адамға қыр көрсеткендей қаһарланады…» Сол әңгімеде: «…Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойында жын-перінің күйіне билегендей болады. Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді…», «…Жалғыз қабат терезеге екпіндеп келіп соққан қатты дауыл біресе гуілдеп шыдамсызданып, біресе ысқырып әлек салып, біресе дүрсілдетіп ат ойнатқандай болып құтырып, ауру баланы  қайта-қайта шошытып оятады» — деген жолдар да бар. Автор барлық жағдайда да боранды «жандандырып» көз алдымызға елестетеді. Сондықтан, оны – Өлім образы деп есептеуімізге мүмкіншілік бар. Себебі, барлық жағдайда ол адамға, адам тірлігіне қарама-қарсы күш, күш болғанда айбынды да, қуатты күш болып суреттеледі. Сол Өлім Мұқанның алғашқы әңгімелерінің ішінде тек «Жетімде» ғана өзінің адами, шынайы кейпінде келеді (« …Алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі») [3, 589].

Экзистенциализмнің қазақ әдебиетіндегі кейбір көріністерін ХХ ғасыр басынан-ақ байқаймыз. Ғасыр басында шыға бастаған прозалық үлгілердің көпшілігіне тән трагедиялық әуен, трагедиялық бейнелер кеңістік пен адам тұлғасын сыртқы дағдарыстармен, барынша өткір мәселеге айналып кеткен рухани ауытқулармен тығыз байланысты. Мұндай ерекшелікті 1920-1930 жылдардағы жазылған прозалардан байқар едік.

1920-30 жылдардағы шығармаларда ұшырасатын экзистенциализм элементтері 1960-80 жылдардағы туындыларға мұрындық болса керек. ХХ ғасырдың 60-80 жылдардағы экзистенциализм 1920-30 жылдардағы алғашқы прозалық образдар әлемінен өрбиді, соның рухани һәм тарихи жалғасы ретінде дамиды.

Ұлттық әдебиетіміздің даму жолдарын жаңаша ғылыми өлшемдермен парықтай келіп, оның сан сипатты табиғатын жалпыәлемдік мәдени құндылықтармен сабақтастыра қарастыруға назар аударуымыз қажет. Міне, әдебиеттану ғылымының келешектегі өрісін айқындайтын, әдеби дамудың күрделі жолын толықтыра зерттеуде осындай кезең талабын ескеру үнемі ізденістерді қажет етеді.

Қорыта айтсақ, кейінгі жылдар прозасы әлемдік әдеби ағымды жетекші бағыттардың бірі ретінде танылған экзистенциялистік дәстүрдің адам мәселесін шешудегі, соған ұмтылыстағы орнына да көңіл бөлді. Осыдан алып қарағанда әлемдік әдеби процесс пен қазақ әдебиетінің бүгінгі интелектуалдық өрісі арасындағы байланыстар мен сәйкестіктер біршама аңғарылады.

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Оразбек М. Автор және шығармашылық процесс: Монография. – Алматы: Атамұра, 2006. — 486 б.
  2. Жұртбай Т. Бесігіңді түзе!.. // Жауыздықтың қолында бір ойыншық немесе «Қорғансыздың күні». –Алматы: Жазушы, 1997. – 217 б.
  3. Аманшаев Е. Жалғандағы жалғыздық. //Уақыт және қаламгер: Әдеби-сын мақалалар. — Алматы: Жазушы, 1990. — Б. 89-107.
  4. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 1-том: әңгімелер. – Алматы: Жазушы, — 456 б.

 

 

Данат  Жанатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

                                                                                               Профессоры, доцент

 

Әбілда Қызжібек

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистранты

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *