Сабақтарда заманауи технологияларды қолдану – мұғалімнің басты құралы

«Әлемдік білім беру кеңістігіне толығымен

кірігу білім беру жүйесін халықаралық

деңгейге көтеруді талап ететіні сөзсіз»

                                                                                                                Елбасы Жолдауынан

   Қазіргі заман талабына сай білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамуының жоғарғы деңгейлік және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз үрдісі екендігі белгілі. Осы орайда оқушылардың танымдық қабілетін дамыту, білім сапасын арттырумен қатар ақыл- ой шығармашылық белсенділіктерін жетілдіру  үшін  жеке пәндерді оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін  іздестіру қазіргі білім беру саласынындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай- ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар мен сыңдарлы саясаттар, өзгерістер мен жаңалықтар әрбір педагог қауымының ойлауына, өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы толғануына, жаңа идеялармен жаңа жүйелермен жұмыс жасауына негіз болары анық. Олай болса, білімнің сапалы да саналы түрде берілуі білім беру жүйесіндегі педагогтердің, зиялы қауымның деңгейіне байланысты. Оқытудың инновациялық технологияларын іске асыру оқытушының саналы және мақсатты түрдегі басқаруы болып табылады. Бұл үдерістің ұтымды өту шарттары – оқытушының белсенділігін және шығармашылық рөлін жоғарылату, оның тұлғалық, кәсіби мүмкіндіктерін жаппай жұмылдыру және ұтымды түрде іске асыру, оқушыларды ұжым ішінде және ұжым арқылы оқыту мен тәрбиелеу.

Білімнің, оқытудың жаңа салалары мен бағыттары күн санап
молдап пайда болуда. Оқытушы шеберлігі мен оқушылардың білім алу тиімділігінің тек жоғары сапаны қажет етуі – заманның орынды қойып отырған талабы. 

Қазақ тілін оқыту жүйесінде оқытушының белсенділігі оқушыға қажетті ақпаратты тиімді тәсілдермен жеткізуге, оқу уәждемесі мен сөйлеу әрекеті белсенділігін арттыруға, қатысымға еркін түсе алатын, шығармашыл тілдік тұлғаны қалыптастыруға бағытталады. Сондай-ақ лингвистикалық теориялық біліммен қатар, педагогика, психология, физиология, әлеуметтану ілімдерін жетік меңгеру, интерактивті оқыту әдістерін қолдана білу, оқытудың тұлғалық, коммуникативтік, ақпараттық бағыттылығы ұстанымын жүзеге асыру міндеттері жүктеледі.

Жаңашыл мұғалім:

–       кәсіби шеберлігімен;

–       креативті ойлау қабілетімен;

–       қатысымдық құзыреттілігімен;

–       ақпараттық мәдениетімен;

–       жаңашылдық іс-әрекетімен;

–       педагогикалық технологияларды шебер меңгеруімен;

–       оқытуда ең басты нәрсеге назар аудара білу қабілеттілігімен;

–       материалды мазмұндау стилімен;

–       оқушылардың өзіндік жұмыс жасау дағдыларын дамыта білуімен ерекшеленеді.

Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтын, жан дүниесі сұлу, рухани бай, сезімтал, терең біліммен қаруланған оқушы тұлғасын сомдау үшін қажырлы еңбек қажет. Өз мақсатына жету үшін ұстаздың қолында үш қаруы болуы керек. Ең бастысы – шәкірттеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен терең ғылыми білімі, екіншісі – сол білімін оқушы бойына, санасына жеткізетін, дарытатын әдіс-тәсіл. Осылардың басын біріктіре білген ұстаз жаңа технологияның тиімдісін, ең көрнектісін таңдап, қолданады. 

«Педагогикалық технологияға – оқыту, тәрбиелеу және дамыту шарттарының міндетті жиынтығын тудырушы, білім берудің біртұтас концептуалды негізі, мақсаттары мен міндеттері төңірегінде біріккен оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың өзара байланыстағы тәсілдері, формалары мен әдістерінің жүйесі» деген анықтама беріледі. Осыған сәйкес жаңа ғасыр бастауыш сынып мұғалімдеріне жаңа, жоғары дәрежедегі талаптар қояды. Мұғалім жеке көзқарасы бар және оны қорғай білетін жігерлі тұлға әрі маман мұғалім болуы қажет.

Қазіргі кезде дүние жүзінде ғаламдану үрдісі жүріп жатқандықтан, ақпараттар ағымы көбейді. Міндетті білім беру, стандартты оқулықтарды пайдалану, ақпараттардың көбеюі мұғалімнің білім берудегі жетекші рөлін жойды. Енді білім негіздерін өз бетінше оқып үйренуге оқушыны баулу міндеті тұр. Өзінің оқушысын өздігінше білім алуға үйретпеген мұғалім бүгінгі күнде белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмайды. Бала толыққанды даму үшін осы тұрғыда мұғалім ғана көмектесе алады.

Мұғалімнің өз сабақтарында бір ғана технологиямен шектеліп қалуына болмайды деп ойлаймын. Себебі сабақты түрлендіріп өткізген сайын оқушының пәнге қызығушылығы арта түседі. Осы тұрғыдан келгенде  сабақтың  сапасын, мазмұнын, әдістерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндігім келгенше тырысамын. Ол үшін өзімнің іс-тәжірбиемде СТО,  АКТ, интерактивті оқыту технологияларын қолданамын.

Оқушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге терең ой иесі. Ол дербес ойланып, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын. Айталық, «Атаулар көмегімен болжау жасау», «Елеспен жетелеу», стратегиялары оқушының шығармашылық қабілетін ұштауға өте тиімді. «Ой қозғау», «Болжау» әдістерін оқушының ой ұшқырлығын бақылауда, стандартты емес шешім жасауда тиімді пайдалану жөн. Қазіргі оқушыларды кең ауқымды көркем шығарманы оқытуға баулу оңай іс емес. Бұл жолдағы қиындықты шешуге «ЖИГСО» әдісі көп көмегін тигізеді. Оқушы өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, басқа топ мүшелеріне түсіндіру үшін сурет те салады, сахналық көрініс те қояды, сабақтың осы кезеңі оқушыларды бей-жай қалдырмайды.

Оқушылардың ойлау деңгейіне сай әр сабақта сұрақ қою үшін Б.Блумның сұрақ қою өлшемін пайдаланамын. Сұрақтар қарапайымнан терең ойлауға дейін жалғасады. Мұндағы мақсат – оқушы ойын ең төменгі деңгейден терең ойлауға дейін жеткізу. Топтық тапсырмалар сыныпта ынтымақтастықты қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен жұмыс жасауға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік туғызады.

Интерактивті оқыту технологиясы – бұл ұжымдық, өзін – өзі толықтыратын, барлық қатысушылардың өзара әрекетіне негізделген, оқу үрдісіне оқушының қатыспай қалуы мүмкін болмайтын оқыту үрдісін ұйымдастыру. Өз тәжірибемде мен осы тәсілді басшылыққа аламын.
Оқытудың интерактивтік тәсілдерін таңдау себебім:
– оқушыларға материалды меңгерудің кешендік білімін ұсыну;
– оқушылардың  оқу үрдісіндегі қиыншылықтарды жеңулеріне көмектесіп, шығармашылық тұлға санатына қосылуларына ықпал жасау;
– оқушылардың ой – өрісінің кеңейіп, жан – жақты дамуына жәрдемдесу;
– оқушыларды көлемді туындылармен, сан алуан ақпараттармен жұмыс жасай алуға үйрету.
– белсенді таным әдістері үйренушілерді өз біліміне жауапкершілікпен қарауға баулиды. 

Өз тәжірибемде қолданатын оқушылардың белсенділіктерін арттыратын интерактивтік тәсілдер – Миға шабуыл, кластер, синквейн, инсерт, эссе, семантикалық карта, РАФТ, жұппен, топпен жұмыс, рөлдік /іскерлік/ ойын, пікірталастар, жағдаяттарды шешу.

Сабақта интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жеткен нәтижелерім мынадай: оқушының білім деңгейі түсінуден басталады да алған білімін қолданып, қорытындылауға дейін жоғарылайды. Қабылдаған жаңа ақпаратты саралап, мәселені өзі шеше алуға мүмкіндік болады.

Әдебиеттік оқу сабағында  оқушының тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында жиі қолданылып жүрген «Оқырман семинары» тәсілі бойынша сызба түрінде талдау жасадым. Сабақта меңгерілетін көркем шығарма мынадай топтардың көмегімен жүзеге асады:

1.     Сұрақ қоюшылар.Б.Блумның сұрақ қою өлшемі бойынша қарапайым сұрақтан шығармашылық сұрақтарға дейін қамтылады. Сұрақтар қою арқылы оқушы өз бетімен шығармашылық қабілетін дамытады.

2.     Сөз тапқыштар. Қойылған сұрақтарға нақты, дәлелді жауап беру үшін өз бетінше ізденеді, дағыдыланады.

3.     Зерттеушілер. Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасайды, тұрақты тіркестерді анықтап жазады.

4.     Жазушылар. Мәтін  бойынша жоспар құрады.

5.     Суретшілер. Мәтін кейіпкерлерінен, белгілі бір эпизодтарынан сурет салады.

6.     Кейіпкерлерді сөзбен суреттеушілер. Кейіпкердің, оқиғаның, мәселенің суретін сөзбен салады.

Оқушыны іздендіру үшін сұрақ қоя білуге үйрету арқылы оның саналы ойлауы, жан-жақтылығы, білімі мен біліктілігі қалыптасады. Сонымен қатар, жоспарлы түрде жұмыс істеуге машықтану үшін мәтін бойынша жоспар құру әдетін қолдануға болады. Нәтижесінде оқушы мәтін бөлімдеріне қысқаша тұжырымдама жасап, әрбір оқиғаға ат қойып, өзіндік іздену мен білім дағдысын берік қалыптастырады.Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасау, жоспар құру  тәсілдері де оқушының жан-жақты дамуына үлкен ықпал етеді.

Бір сөзбен айтқанда, сабақта құзыреттілік тұрғысынан оқыту тәсілдерін қолданудың оқушы біліктілігін арттыру үшін маңызды зор.

Шәкірт алдындағы міндетім – жан-жақты білімді, болашағына жол аша алатындай ізденгіш, шығармашыл тұлға тәрбиелеу. Ал оларды сана-сезіміне, талабына қарап алаламай, білім мен тәрбие беру – адамдық борышым.

Тіл – мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз, болашағымыз, бүгініміз, ертеңіміз және тірегіміз екенін ұғындыруымыз қажет. Туған тілге деген махаббат пен құрмет болмаған адамда Отанына деген сүйіспеншіліктің де болмайтынын бала санасына құя отырып, Ана тілі – адамның ғұмыр бойғы серігі, рухани қуаты, күрестегі құралы екенін ұғындыру. Тіл дегеніміз – бүкіл пәндердің киелі патшасы. Тілін білмеген адам – басқа саланы да игере алмайтына көздерін жеткізгім келеді және сол мақсатқа қол жеткізу үшін атсалысып та жүрмін.

 «Бар ізгілік тек білімнен алынар, Білімменен аспанға жол салынар» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, өмірдің мәні де, сәні  – білімде. «Талаптыға нұр жауар» демекші, ертеңгі болашағымыз – жасөспірімдердің шығармашылықпен айналысып, талаптанғысы келген әрбір шәкіртімізге бағыт-бағдар беру, қиялына қанат бітіру – әрбір ұстаздың борышы, міндеті деп түсінемін. Қазіргі жас буын жан-жақты терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары, шынайы бәсекеге қабілетті болса, тәуелсіз мемлекетіміздің мықты тірегі болатынына сенім мол.

 Бұл-уақыт талабы. Қазақстан әлемдік қауымдастық қатарында басқа елдермен терезесі тең дәрежеге қол жеткізуі үшін, жас ұрпақтың нұрлы болашағы үшін батыл қадамдарға баруы қажет. Қоғам игілігі, елдің өркендеп дамуы үшін жасалып жатқан маңызды бастамаларға білім беру саласы қызметкерлерінің қолдау көрсетіп, барынша атсалысатынына сенеміз. Сол сенім бізді алға жетелейді.

 

 

 

 

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *