Ертегілер әлеміне саяхат
Калина Айгуль
Мақсаты: Балалардың математика сабағында ертегілер арқылы танымдық қызығушылықтарын арттыруды теориялық тұрғыда негіздеу және практика жүзінде іске асыру. Ертегі сабақ арқылы балалардың алған білімдерін тереңдетіп, тиянақтау. Логикалық ойлауын, есте сақтау қабілеттерін дамыту. балаларды жылдамдыққа, тапқырлыққа тәрбиелеу. Қолданылатын көрнекі құралдар: суреттер, үлестірмелі материалдар. Сабақ барысы
– Балалар, біздің бүгінгі сабағымыз ерекше сабақ болады, себебі бүгін біз ертегі әлеміне саяхат жасау арқылы тапсырмалар орындаймыз. Сабақ басталмас бұрын бүгінгі көңіл-күйіміз жақсы болу үшін бір-бірімізге сәттілік тілеп, жақсы тілектер айтайық. Жылулық шеңбер:
Әлемде тыныштық болсын, Деніміз сау болсын. Күніміз жарық болсын, Анамыз қасымызда болсын. Туымыз биік болсын, Арайлап таң атсын, Алтын сәуле таратсын. Жарқырайды күніміз. Жайнай түссін даламыз. – Балалар, біз көркем әдебиет сабағынан қандай ертегілер оқып едік? Балалар ертегілердің атын айтады. – Дұрыс айтасыңдар. Енді біз бауырсақ ертегісін еске түсірейік. Бізге қонаққа Бауырсақ келіпті. Бауырсақ:
Менің атым – Бауырсақ Мені пышақпен қырып алды Қанатпен сыпырып алды Қаймаққа иледі, майға пісірді Мен атадан кеттім Мен әжеден кеттім Тыңдамадым атамды Тыңдамадым әжемді Үйімді мен сағындым Көмектесші, балақай! – Балалар, сендердің Бауырсаққа көмектерің қажет. Біз Бауырсақты атасы мен әжесіне апаруға көмектесейік. Оған баратын жолды көрсетейік. Олай болса, орманға серуенге аттанайық. Балалар жолда жылап тұрған Қоянды көреді. Тәрбиеші: – Сәлеметсіз бе, Қоян! Сен неге жылап тұрсың? Қоян: – Менің тұратын үйім жоқ. Соны маған табуға көмектесіңдерші. Тәрбиеші: – Біз саған көмектесейік. Ендеше, балалар, геометриялық пішіндерден Қоянға үй құрастырып берейік. Балалар Қоянның үйін құрастыруға көмектеседі. Қоян: – Балалар, сендерге көп-көп рахмет! Менің енді баспанам болатын болды. Рахмет! Мен енді өз жөніммен кетейін. Орманда келе жатқанда балаларға қасқыр кездеседі. Қасқыр: – Балалар, менің қарным ашып тұр. Мен Бауырсақты жеймін. Балалар: – Жоқ, сен бауырсақты жемеші, біз бауырсақты атасы мен әжесіне апаруға көмектесейік деп келе жатырмыз. Қасқыр: – Онда сендер мені сиқырлы көпірден өтуіме көмектесіңдер. Ол үшін мына «Ғажайып қалта» ойынының тапсырмаларын орындауларың қажет. Балалар келіседі. Ойын: «Ғажайып қалта». Үстелдің үстінде геометриялық пішіндер салынағн қалта болады. әрбір бала ғаждайып қалтадағы пішіндерді сипап сезу арқылы табады. Балалар тапсырманы орындайды. Қасқыр балаларға рахметін айтады. Одан соң балалар Аюға кезігеді. Аю көңілсіз отырады. Тәрбиеші: – Аю, сен неге көңілсіз отырсың? Аю: – Мен өз апанымды таба алмай отырмын, анамнан рұқсатсыз ойнауға шығып кеткен едім, енді міне адасып қалдым. – Балалар, Аюдың істеген қылығы дұрыс па? Балалар: – Жоқ. – Аюбай, анаңның рұқсатынсыз ешқайда да кетпе! Орманның ішінде адасып кетесің. Қазір біз саған апаныңа жетуіңе көмектесеміз. Тапсырма «Лабиринт». Аюдың өз апанына жетуіне көмектес. Балалар тапсырманы орындайды. Жолда келе жатып алдарынан қу түлкі кездеседі. Түлкі: Балалар, қайда жол тартып барасыңдар? Балалар Түлкіге Бауырсақты үйіне апара қажеттігін айтады. Түлкі: Мен сендерге тапсырма беремін. Егер соны орындасаңдар ғанас босатамын, ал орындамасаңдар мына Бауырсақты маған бересіңдер. Балалар келіседі. Дидактикалық ойын: «Есте сақта!». Үлгіге қарап геометриялық пішіндердің орналасуын мұқият көріп алып, есінде сақтағанын қағаз бетіне қойып шығу. Үлгіге қарап өз жұмыстарын тексеру. Геометриялық пішіндерді қай жерге орналастырғанын өз бетінше айта білуге ынталандыру. Балалар тапсырманы орындайды. Амалы қалмаған Түлкі Бауырсақ пен балаларды босатып жібереді. Балалар Бауырсақты ата мен әжеге алып келеді. Әжей мен атай оларға ризалығын білдіреді. Сергіту сәті: – Балалар, ертегідегі Қоянның қимылын салып көрейікші. Ұзын құлақ, сұр қоян Естіп қалып сыбдырды, Ойлы-қырлы жерлермен, Ытқып-ытқып жүгірді. Қарап еді артына Қиығын сап көзінің, Келе жатқан томпаңдап, Көжегі екен өзінің.
Балалар өлең жолдарына сай қимылдар жасайды. – Ал, енді ертегі кейіпкері Аюды салайықшы. Аю отыр партада, Екі қолы қалтада. «А» дейді, «Б» дейді, «Р»-ға тілі келмейді.
Балалар өлең жолдарына сай қимылдар жасайды. – Балалар, егер сендер ұйымшыл, қайырымды болсаңдар әрқашан жеңіске, жетістікке жетесіңдер. Сендер бүгін ертегіні өз қалауларың бойынша аяқтап отырсыңдар. Бәрің бауырсақтың қу түлкіге жем болмай аман қалуын тіледіңдер, әрі өздерің көмектестіңдер, сөйтіп бауырсақты түлкіден аман алып қалдыңдар. Балалар ауызбіршілік пен достықтың пайдасын біледі. Бірлесіп жұмыс жасауды үйренеді.Соңынан тәрбиеші сабаққа жақсы қатысқан балаларды мадақтап, аяқтайды.