3 млн теңге «Тәуелсіздік ұрпақтары» қайтарымсыз грантын кімдер ала алады?

Елімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды.

2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» бойынша 3 млн. теңгеден 30 грант берілетін болады.

Мақсат – белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекет тарапынан қолдау. Ғылым, медиа, бизнес, мәдениет және IT саласындағы тың идеясы бар азаматтарға қолдау білдіріп, өз жобасын дамытуға мүмкіндік беру.

Конкурсқа Қазақстан Республикасының он төрт жастан бастап, отыз бес жасқа дейінгі азаматтары үміткер бола алады.

Аталмыш гранттарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 жобаға 3 млн теңгеден беруді Мемлекет басшысы ұсынған.

Грант конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:

  • «Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
  • «Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
  • «Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және әзірлеуге арналған;
  • «Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
  • «Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.

Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады.

Өтінімде:

  • жобаның сипаттамасы;
  • жобаның бейне таныстырылымы (алпыс секундтан аспайды);
  • шығыстар сметасының жобасы;
  • зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуға тиіс.

Грант жеңіп алған адам үш айда бір рет жобаның іске асырылу барысы туралы уәкілетті органға есеп ұсынады. Уәкілетті орган күнтізбелік бір жыл ішінде грант қаржысының мақсатты пайдаланылуын қадағалайды.

Егер жеңімпаз грантты мақсатты түрде пайдаланбаса, уәкілетті орган одан грант ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Грант алушы қаражатты  уәкілетті органнан хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қайтаруға тиіс. Белгіленген мерзімде қайтармаған жағдайда, олар заңнамаға сәйкес өндіріп алынады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *