25 қазан — Республика күні

Мемлекеттік егемендік – қазақ халқы ұрпағының шындыққа айналған арманы, ең басты игілігі. Қаншама ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіміздің шымылдығын 1990 жылғы 25 қазанда XII сайланған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік Егемендігі туралы» декларациясы- тарихи құжаты ашты және бұл Қазақстанның шынайы тәуелсіздікке қарай қозғалысының құқықтық бастамасы мен Қазақстан тарихындағы бетбұрыс кезең болды.Сол уақыттан бастап 25 қазан Республика күні ретінде аталып келуде және бұл мерекенің біздің еліміздің тарихында алатын орны ерекше.
Декларация туралы сөз қозғайтын болсақ, бұл құжатта алғаш рет Қазақ КСР-нің басқа Егемен республикалармен одаққа өз еркімен бірігетін және олармен шарттық негізде өзара қарым-қатынас орнататын егемен мемлекет ретіндегі мәртебесі жарияланды.
Отан тарихында тұңғыш рет ел дамуының мақсаты ретінде демократиялық құқықтық мемлекет құру жарияланды, осылайша азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін негіз қаланды. Алғаш рет социалистік мемлекеттің нормативтік заңнамалық актісінде мемлекеттің негізін анықтауға таптық көзқарас болмады және «жұмысшылар», «шаруалар» және «зиялы қауым»ұғымдары алынып тасталды.
Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары: өз аумағы мен азаматтығы, азаматтық және ұлттық теңдік, үстемдік, республика ішіндегі мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, ұлттық конституция мен заңдардың үстемдігі, меншік нысандарының алуан түрлілігі, өз мемлекеттік бюджеті мен қаржы-кредит жүйесі, өз ішкі әскерлері, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі халықаралық қатынастардың дербес субъектісінің құқығы, сондай – ақ мемлекеттік егемендік рәміздерінің-Елтаңба, Ту және Әнұранның болуы бекітілді.
Атап өту керек ,бұл құжаттардың қабылдануы демократиялық бағыттағы азаматтарға, жалпы қазақ халқына үлкен жігер берді. Саяси ықпалы зор болды. Шын мәнінде қазақтың арманын көрсеткен құжат болды. Сондықтан халық аса қуанышпен қабылдады.
Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдардың қолданылуын тоқтатып,кеңестік үкіметтің шынжырынан босанып өз заңдарын құра бастады.
Биыл тәу етер тәуелсіздігімізге, қастерлі азаттығымызға 31 жыл толады. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл – қас-қағым сәт. Дегенмен, осы аралықта Қазақстан егемен ел ретінде толық қалыптасып қана қоймай, зор жетістіктерге де қол жеткізіп үлгерді. Жас мемлекет ретінде алған асу, бағындырған белес аз емес.
Шын мәнінде,Қазақстан аса маңызды міндеттердің шешімін таба білді. Нақты айтқанда, мемлекеттіліктің барлық тетігі толық қалыптасты. Мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық валютамыз және елдігіміздің басқа да дербес белгілері бекітілді. Тәуелсіздіктің берік қалқаны саналатын қарулы Күштеріміз құрылды. Мемлекеттік басқару жүйесі жолға қойылып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер айқындалды. Қос палаталы Парламент құрылып, заң шығару ісі жүйеленді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жұмыстары да сәтті жүргізілді. Шекарамыз шегенделіп, алғаш рет халықаралық шарттармен бекітілді. Халық конституциялық еркіндік алып, өз құқықтары мен бостандықтары негізінде қалаған кәсібін таңдап, өзінше өмір сүру мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан шамамен 18,8 млн халқы бар, экономикалық әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын шындыққа айналдыруға, қоғамға есеп беретін кәсіби мемлекет болуға ұмтылатын көпұлтты ел болып табылады және тарихы тамырлы, рухы асқақ киелі өлкеде орналасқан Қазақстан қазіргі таңда әлемдік сахнадағы беделді де абыройлы мемлекеттердің бірі екені сөзсіз.
Республика күні ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттілігіміздің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалардың бірі екені екенін ескере отыра,Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының студенттері мен оқытушылары да еліміздегі атаулы мерекені іс-шаралар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырып атап өтті.Болашақ заң саласының мамандарының сөзімен ойымызды түйіндесек, егемендік пен тәуелсіздіктің төбеден түспегенін, әлдекім сыйға тартпағанын, тарих көшіндегі ата-бабамыздың арман-аңсарының толық жүзеге асқанын естен шығармауыз қажет және осы арманның іргетасы болған Республика күнінің маңызын түсінуіміз керек.

Атаханова Гульзагира Махатовна Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті Қылмыстық құқық, қылмыстық іс-жүргізу және криминалистика кафедрасының профессоры, з.ғ.к

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *