Үй жануарлары

Алипкалиева Тажигуль Ибраевна

Мақсаты: Үй жануарлары туралы түсінік беру, оларды ажырата білуге,

олардың үй  жануарларына деген сүйіспеншіліктерін арттыру,

төлдерін дұрыс атай білуге  баулу,  балаларға үй жануарларын

күтіп баптауға тәрбиелеу.
Білімділік: Балаларға үй жануарларын таныстырып, төрт түліктің төлдері

жайында балаларға түсінік беру, төлдер туралы тақпақтарды

жатқа айтқызу, үй жануарлары туралы өтірік өлеңдер айтқызу.
Дамытушылық: Төрт түлік жайлы түсініктерін кеңейту, ұғымдарын

толықтыру,байланыстырып сөйлеу тілін қалыптастыру,

сөздік қорын байыту,тіл байлығын дамыту.
Тәрбиелік мәні: Балаларға жануарларды күтіп бағуға деген сүйіспеншілігін

оятып, оларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.Сүйіспеншілігін

арттыру және олардың төлдерін дұрыс атай білуге, төрт

түлікті күтіп бағуға, оларға қамқорлық жасауға тәрбиелеу.

Балаларға төрт түлік малдың өрісімен, тіршілік табиғатпен,

малдың қадір  қасиетімен таныстыру.

Мал мен адам арасындағы байланысты ашу.
Көрнекілігі:   үй жануарларының суреттері, интерактивті тақта, мольберт, жарма ұнтағы.

Әдіс — тәсілдері: Сұрақ — жауап, топтастыру, әңгімелеу, сергіту жаттығулары, ойын.
Ұйымдастырылған оқу қызметінің түрі: Ашық оқу қызмет.
Ұйымдастыру барысы:
Ұйымдастыру кезеңі;
Шаттық шеңбері.
Жаңа сабақ;
Ойын;
Сергіту;

Ұйымдастыру кезеңі: (Балалар қатармен топ бөлмесіне келеді, шеңберленіп тұрып

төрдегі апайлармен амандасады.)

Бақыт-біздің сиқырлы шеңберіміз,

Бақыт-біздің достарға сенгеніміз.

Бақыт-таңнан біреумен достасуың,

Бақыт-кеште достармен қоштасуың.

Қайырлы таң,  көк Аспан!

Қайырлы таң, алтын Күн!

Қайырлы таң, Жер-Ана!

Қайырлы таң, достарым!

Сәлематсыздар ма, апайлар!

Тәрбиеші:- Балалар нені көріп тұрсыңдар?
Балалар:-Күнді.

Тәрбиеші: -Күннің түсі қандай?

Балалар:-Күннің түсі – сары.
Тәрбиеші:-Өте дұрыс.Күн бізге несін береді?
Балалар:-Күн бізге жылуын, шуағын береді.

Тәрбиеші:- Бізге жол көрсететін-ол Күн!Балалар, бүгін күннің бізге берер жылуы мол

болсын,бүгінгі шаттық шеңберіміздің   мағынасына орай, төрімізден орын

алған қонақтарымызға  ана-бақытын тілейміз.

Тәрбиеші: -Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
Балалар: -Қазір жылдың күз мезгілі.

Тәрбиеші: -Қалай ойлайсыңдар, күз мезгілінде неше ай бар?

Балалар: -Күз мезгілінде үш ай бар.

Тәрбиеші:-Күз айлары қандай, кім айтып береді?

Балалар:-Күз айлары: қыркүйек, қазан, қараша.

Тәрбиеші:-Күзде ауа-райы қандай болады?

Балалар:-Күзде ауа-райы  салқын болады,ағаштардың жапырақтары сарғайып түседі,

құстар жылы жаққа ұшып кетеді.

Тәрбиеші: Күз-байлық, күз-жомарт деп неліктен айтамыз?

Балалар: Күзде жемістер, көкөністер,егін пісіп, қырман астыққа толады.

Тәрбиеші:-Күз мезгілінде табиғатта  не жауады?

Балалар:-Күзде жаңбыр жауады.

Тәрбиеші:-Күзгі жаңбырдан қорғану үшін бізге не керек деп ойлайсыңдар?

Балалар:-Жаңбырдан бізді қолшатыр қорғайды.

Тәрбиеші:  -Жарайсыңдар, олай болса, қолшатырымызды алып, әрі қарай Күннің

бағытымен жүрейік..

Ой,балалар, қараңдаршы, нені көріп тұрсыңдар?

Балалар:    -Өзенді көріп тұрмыз.

Тәрбиеші:  -Балалар, өзеннің арғы бетіне өте алмаймыз.Ол үшін не керек деп

ойлайсыңдар?

Балалар:   -Өзеннен өту үшін көпір керек.

Тәрбиеші: — Қандай тапқыр балаларсыңдар. Дұрыс айтасыңдар, көпір керек.

Олай болса, өзеннің жағасында әртүрлі геометриялық пішіндес тастар жатыр.

Солардан көпір құрастырайық!

Балалар көпір құрастырып, өзеннің арғы бетіне өтеді.

Тәрбиеші: — Бір, екі, үш,

Көпірден өттік біз!

Тәрбиеші: — Балалар, нені көріп тұрсыңдар?

Балалар:   -Үйшікті.

Тәрбиеші:  -Бұл бақташы атаның үйі.

Тәрбиеші:  -Үйшіктің жанынан  нелерді көріп тұрсыңдар?

Балалар:    -Үйшіктің жанында ит, түйе, сиыр, жылқы, шатырда мысық отыр.

Тәрбиеші:  — Ендеше айдай арайлап, күндей жайнап, жұлдыздай жарқырап, судай мөлдір

таза көңілмен «Үй жануарлары»тақырыбындағы оқу қызметімізді бастайық.

Тәрбиеші:   -Балалар,қалай ойлайсыңдар, неліктен оларды үй жануарлары дейміз?

Балалар:    — Оларды адамдар үйде бағады.  Оларға   жем,  шөп,  су,  тамақ  береді.

Үй жануарларын баптап күтеді. Интерактивті тақтамен жұмыс.

Тәрбиеші:    -Балалар, үй жануарларына нелер жатады?

Балалар:   -Үй жануарларына түйе, сиыр, ешкі, қой, жылқы,есек, ит, мысық, қоян жатады.

 

Тәрбиеші:  — Әрине, біз олардың сүтін, етін, жүнін пайдаланып, тіпті көлік ретінде де

пайдаланамыз. Үй жануарларының бізге берер пайдасы мол.Түйе-шұбатын, ет

шудасын, сиыр- айран, ет, сүт, ірімшік, қаймақ берсе, жылқы-қымыз, ет, мінсе-

көлік,қой-сүт, ет,жүнін, ешкі-ет, сүт, түбітін береді.

Тәрбиеші:- Балалар, бақташы атаның ауласының алдында жатқан  ит қандай қызмет

атқарады?

Балалар:— Ит үйді ұры-қарадан қорғайды, күзетеді.

Тәрбиеші: — Ол нені жақсы көреді?

Балалар: — Ол сүйекті жақсы көреді.

Тәрбиеші:- Балалар, ал мысық қандай қызмет атқарады?

Балалар:— Мысық тышқанды аулайды.

Тәрбиеші:- Ол нені жақсы көреді?

Балалар:-Мысық сүтті жақсы көреді.

Тәрбиеші:- Олай болса, шатырдың үстінде отырған мысықтың қарны ашып отырғанға

ұқсайды, оны шақырып, тамақтандырайық.Балалар мысыққа тамақ береді.

Тәрбиеші:-Балалар, шаршап қалған боларсыңдар, бойымызды сергітіп алайық!

Сергіту сәті:-«Достарым кел, билейік!» әніне қимыл-қозғалыс жасау.
Тәрбиеші:-Енді, балалар осы жануарлардың төлдерін қалай атайды екенбіз, кім айтады?
Балалар:- Сиырдың төлін — бұзау дейміз.
Түйенің төлін — бота дейміз.
Жылқының төлін — құлын дейміз.
Қойдың төлін — қозы дейміз.
Ешкінің төлін — лақ дейміз.

Иттің баласын – күшік дейміз.

Мысықтың баласын- марғау дейміз.

Қоянның баласын- көжек дейміз.

Тәрбиеші:  — Мәссаған, балалар мына үй жануарларының төлдерін қараңдар,бақташы

атайдың төлдеріне бір нәрсе жеткіліксіз болып тұр.

Ол үшін бізге тек ғана «Не жетіспейді?»д/о көмектесе алады.

 

Ойын шарты: Үстел үстінде дене мүшелері жеткіліксіз үй жануарларының суреттері

жатыр. Солардың жетіспейтін мүшелерін кір қыстырғыш арқылы толықтыру.
Тәрбиеші:-Үй жануарлары мен төлдері туралы қандай тақпақтар  білесіңдер?

Аманжан:  -Ең зор түлік- түйемін,

Тікенді шөпті сүйемін.

Пайдалансаң сүтім шұбат,

Дертке-дауа, жанға-қуат.

Айару:       -Шөре — шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секендеме, деміңді ал,
Селтең демей құлағың.
Бота:          — Ботақаным — бөбегім,
Қара көзің мөлдіреп.
Қызықтырмай қоймайды,
Жібек жүнің үлбіреп.

Саян:          -Құлыншағым – құндызым,

Құлдырайды, шабады.
Жылтылдаған — жұлдызым,
Құстай қанат қағады

Мейірман:   -Кіп — кішкене момақан,
Қошақанды ұнатам.
Сүйеді апам «қозым» деп,
«Қошақаным — өзің» деп!

Рамазан:    — Ақ бұзауым ұнайды,

«Мө-мө» деп сүт сұрайды.

Келеді өсіп күн сайын,

Тұмсығын созып қарайды.
Тәрбиеші:-Кәне, қай үй жануары қалай дыбыстайтынын айтып жіберейікші!
Балалар:   -Сиыр мөңірейді: мө-мө-мө.
Жылқы кісінейді:ио-ио-ио.
Түйе боздайды: бө-бө-бө.

Қой маңырайды:ма-ма-ма.

Ешкі бақылдайды: ме-ме-ме.

Ит үреді: аф-аф-аф.

Мысық мияулайды: мияу-мияу-мияу.

Үнтаспадан төрт түліктің дауысын естіп бірге қайталау.
Тәрбиеші: — Балалар, осы үй жануарларына арналған қандай мақал-мәтелдер,

тыйым  сөздер  білесіңдер?

Інжу: —       Түйе – шудасын

Жылқы – жалын

Сиыр – мүйізін төсейді.

Айым:    — Түйе баласы – төре баласы.

Кузайым: — Мал жуасы – қой,

Аң жуасы – қоян.

Алдияр: —  Түлік – төлден өседі.

Алима: —   Ел көркі – мал,

Өзен көркі – тал.

Аманжан: -Малды ұруға болмайды.

Айзере:  —   Ақты төкпе.

Рамазан: —  Малға теріс мінбе.

Тәрбиеші: — Өте жақсы, менің бүлдіршіндерім! Бұл нақыл сөздерді ұмытпаңдар.

Балалар, бізге ең бірінші не кездесті?

Балалар: — Бізге Күн кездесті.

Тәрбиеші:- Олай болса, бір топ Күннің бейнесін жарма ұнтағына саусақпен салса, екінші

топ түрлі-түсті тұздан желім жағылған қақпақ бетіне суреттер түсіреді.

Балалар ұжымдық жұмысқа кіріседі. Марапаттау.

 

 

Қорытынды: — Балалар, бүгінгі оқу қызметте нелер туралы өттік?
-Үй жануарларына нелер жатады екен?
— Үй жануарларының төлдерін қалай атаймыз?
-Үй жануарлары бізге не береді?

Балалар:       — Күлімде, күн күлімде,

Нұрыңды төк әлемге.

Жарқырасын көк аспан,

Бейбітшілік күнінде.

 

Күн жылуын аямасын,

Шуағымен аяласын.

Достық деген бәйтеректі,

Барлық бала саяласын.

Тәрбиеші: — Осы үй жануарларының бізге берген сыйынан дәм татыңыздар!

Сау болыңыздар!

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *