Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ Шекербекова Ақерке Ерланқызы
«Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ»
Сыбайлас жемқорлық – пара беруді, өзінің қызметтік дәрежесінің лауазымды тұлғасын жеке баю мақсатында тікелей пайдалану деген мағынаны береді. Өкінішке орай, қазіргі кезде елімізде сыбайлас жемқорлық кең етек жайып барады. Соған орай жемқорлықпен күресу жұмыстары да үздіксіз жүріп жатыр. Себебі, сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді.
Еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Яғни, біздің еліміз жемқорлықсыз болашақты қалайды. Келешекте өз ісіне адал, өзгелерге әділ ұрпақты тәрбиелеуге барын салуда. Мысалы, біздің мектепте «Адалдық дүкені» жұмыс жасайды. Бұл оқушыларды адалдыққа баулудың бір түрі ғана. Одан өзге «Жемқорлықсыз болашақ», «Жемқорлыққа жол жоқ!» сияқты түрлі акциялар, сынып сағаттары өткізіледі. Онда әр оқушы өзінің жемқорлықпен күресуге бағытталған жоспарын ұсынып, оның алдын алу жолдары жайлы ойларымен бөлісіп отырады. Бұл шаралардың басты идеясы оқушыларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, мектептегі жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу болып табылады. Өз басым, бұл шараларға белсенді қатысамын, және еліміздің болашағын жемқорлықсыз болатынына сенемін.
Кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Өйткені, сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер етеді деп білемін. Яғни, мемлекеттік қызметші құқық бұзушылыққа немқұрайлылық қарауы немесе оның кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі. Сондықтан тек мектепте емес, жемқорлықсыз болашаққа қоғам болып аяқ басқан кезде біз жетістікке жетеміз деп ойлаймын.
Сөзімді қорыта келе, мен жемқорлықсыз болашақты қалаймын. Және елімізде сыбайлас жемқорлықпен жүргізіліп жатқан күрестің жақын арада нәтиже беретіндігіне сенгім келеді.
Bilimger.kz Республикалық білім порталы Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген. Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718