«Бірлік туы» газетінің саяси мәні

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті, 1- курс студенті

МАМАЖАНОВА Мадина

 

Кеңестік басқару кезінде қазақ халқының  көзі, құлағы бола білген басылымдарды зерттеп, негізгі мақсаты мен мәнің анықтап, болашақ ұрпаққа жеткізіп, таныстыра білу қазіргі таңда аса маңызды. Негізінен қазақ журналистикасы тарихында, жалпы мерзімді баспасөз тарихында ұстанған бағыттары мен мақсат-мүдделері, тарихы мен тағдыры ұқсас болып келетін, бір арнаға тоғысумен ерекшеленетін басылымдар өте көп екені баршамызға мәлім. Сол себепті ұлттың бірлігін, тұтастығын қорғаған ұлттық биресми басылымдардың дүниеге келуін сол заманғы елде орын алған саяси оқиғалардан бөліп қарастыруға болмайды. Өйткені баспасөз басылымдарының пайда болуының өзі елдегі жағдайлармен тығыз байланысты болған. Саяси ұғымнан, көзқарастан, өзгерістерден бейхабар халық үшін елдегі оқиғаларды саралап  түсіндіретін, хабар беретін көз керек болатын. Осыған сәйкес бейресми басылымдардың ішінде «Бірлік туы» газетінің де өзіндік алар орны, көтерген ауқымды мәселелерінің күрделілігі жағынан ауыр салмағының бар екендігі анық.

«Бірлік туы» газетінің шығуы жайлы, алғашқы сандарын алған Орынбордағы «Қазақ» газеті 1917 жылы 17 шілдеде «Ішкі хабарлар» деген айдармен: ««Бірлік туы» атты қазақ газетінің 1-ші һәм 2-ші нөмірлері басқармаға келді. Шығарушысы — Мұстафа Шоқай баласы. Газет жетісіне бір шығады. Жылдық құны — 5 сом, жарты жылдағы — 3 сом, үш айлығы — 1 сом 70 тиын. Баспасөздің ең керек уақытында көтерілген «Бірлік туы» алаш арасына жала жапқан марқұм «Алаш» газетіндей болмай, қазақ – қырғыздың шын қызметкері, шын жолбасшысы болсын!», — деп хабарлайды.

Негізінен бұл газеттің шығуына бірнеше саяси себептер әсер еткен. Мысалы, 1917 жылдың ақпан төңкерісінен кейін Ресейде қос өкімет орнап, өмір мен өлім үшін шайқас жүріп жатқан кезде большевиктер, Ресей мен Шығыстың Мұсылман еңбекшілеріне: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлерімізлі жаулап алып келгендерді серпіп тастаңыздар! Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер. Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер! Тұрмыс — тіршіліктеріңізді сіздер өздеріңіздің салт — дәстүрлеріңізге сай, өз қалау ықтиярларыңызға орай құруға тиіссіздер», — деп ұран тастайды. Өзгелер секілді қазақ зиялылары да Николай ІІ-нің тақтан құлауын халыққа бостандық келді деп, шын ынта — ықыластарымен қарсы алып, мемлекетке халқымыз ие болады деп сеніп, бостандықты аңсап, еркіндікке жетуге ұмтылды. Сонымен қатар, шетелдік қандасымыз Дениз Балғаным өзінің «Газет неге «Қазақ» аталады?» деген мақаласында: «1918 жылы 4 наурыздың, «Қазақ» газеті қызыл цензураның өтпейтін ой-пікірлер жариялайтындығы үшін большевиктер тарапынан тыйым салынып, Орынбор қаласындағы редакция жабылды. Бұдан кейін «Қазақ» газетінің негізгі бағытына қосылмайтын басылым қызметкерлері «Үш жүз» деген социалистік саяси партия құрып, Ташкент қаласында осыған аттас газет шығарды. Бұл газеттің редакторы Көлбай Тоғысов болды. Ал, «Үш жүзге» қосылмаған «Қазақтың» қызметкерлері бұрынғы бағыттарын жалғастыру үшін «Бірлік туы» газетін шығарып, соның маңына топтасты», — деп қысқа қайырады. Нәтижесінде, қазақ зиялылары 2-ге бөлініп, «Алаш» және «Үш жүз» партиясы өмірге келеді. Бұл екі партияның да саяси бағытына, көздеген мақсатына қатысты бір – біріне кереғар пікірлер көп жазылды. Дегенмен, екі партияның да, олардың басшыларының да көздеген мақсаты бір еді. Ол – өз туған халқын бостандыққа жеткізу, бақытты ету. Осындай себептердің әсерінен «Бірлік туы» газеті жарыққа шыққан болатын.

«Бірлік туы» газетінің негізгі бағыттарына тоқталсақ. Жалпы бес бағытты қамтыған еді:

  1. Газет автономияны жақтағандықтын, Қоқан автономиясын да, Түркістан автономиясын да қолдады.
  2. Түркістан мұсылмандарының бәріне бірдей көзқарасы түзу болды.
  3. Саясаттағы сотқарлыққа, большевизмнің ұр да жық сойқандығына қарсы тұрды.
  4. Алаш идеясын риясыз қабылдады, жалпы қазақ съезінің шешімдерін орындауды мақсат етті.
  5. Саяси қараңғы қазақ халқын сауаттылыққа бастап, оқу – ағарту мәселелеріне баса ден қойды.

Бір шоғыр зиялы қауымның ұйытқысы бола білген бұл басылым ұлтты тәуелсіздік пен тұтастықтың жолына жұмылдыра білді. Өткенің екшеп, болашағын болжап, бағыт-бағдарын нақтылап, ұлт бостантығын баянды ету мәселелері басылым беттеріндегі жарияланымдардан-ақ анық көрініс тапты. Қазан төңкерісіне дейінгі, сол кезеңдегі, содан кейінгі қазақ халқының өмірі туралы, елдегі қалыптаса бастаған саяси ахуалдар туралы, большевиктердің билік тұтқасынан айырылып қалмау үшін жасап отырған іс-әрекеттері, елге төніп отырған қауып-қатерлері жөнінде шынайы фактілерді арқау еткен жарияланымдардың құны айрықша. Қазақ халқының мүддесін қорғаған, аумалы-төкпелі кезеңде бағдаршам іспетті жол көрсете білген, жүректері елім, туған жерім, қазақ деп соққан абзал азаматтардың ұйытқысымен дүниеге келген «Бірлік туы» сынды басылымдар шоқтығы әрдайым биіктеп тұрары сөзсіз.

Сөзімді тарихшы ғалым Қ. Атабаевтың тұжырымымен қорытындыласам: «Мерзімді басылым тарихын, әсіресе, ұлттық баспасөз тарихын, бүгінгі күн талабына сай, ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қарау төл тарихымызды толықтыра түсері, оларды тарихи дерек көзі ретінде пайдалану бұралаңы мол ХХ ғасырдағы қазақ тарихын тереңірек зерттеуге мүмкіндік берері анық. Өйткені, ел тарихының жазба деректер тобына жататын мерзімді басылымдардың, оның ішінде ғасыр басында дүниеге келіп, бірі қысқа, бірі ұзақ өмір кешкен бейресми, ұлттық бағыттағы демократиялық басылымдардың ұлт тарихына байланысты берер мәліметтері, жеткізер деректері мол».

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *