“Жаңартылған білім беру мазмұнындағы мектеп пен отбасы байланысының маңыздылығы”

«Қаратөбе мектеп-гимназиясы» ККМ

Тақырыбы:
“Жаңартылған білім беру мазмұнындағы мектеп пен отбасы байланысының маңыздылығы”

Бастауыш сынып мұғалімі:
Әтшібай Торғын Қадірқызы

2020 оқу жылы

Тақырыбы: “Жаңартылған білім беру мазмұнындағы мектеп пен отбасы байланысының маңыздылығы”
Мақсаты: Ата-ана, мектеп, мұғалім арасындағы байланысты нығайту. Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру.
Міндеттері:
-Алдағы уақытта оқушыларды тәрбиелеуде мұғалім мен ата-ананың бірігіп
жұмыстануына жағдай жасау
-Оқушыларды тәрбиелеуде және оқытуда пайда болатын проблемаларды
шешуді бірлесіп іздеу
-Олардың сынып өміріне қатысуын, өз балаларын тәрбиелеуге жауапкершілігін ынталандыру
Күтілетін нәтиже:
-Ата – ана жиналысына белсене қатысады
-Баланы тәрбиелеуде оның психо- педагогикалық жағдайын түсінеді
-Мұғалім мен ата-ана біріге шешім табуға әрекеттенеді.
-Ата-анамен өз баласының оқу жетістігімен танысуы жиілейді, бағасының
нақтылығына көзі жетеді
-Оқушы, ата-ана және мұғалім арасында жүйелі түрде қамқоршылық кеңес
құрылады
Түрі: мастер класс,
Әдісі:Readx жобасы
Оқыту нәтижесі: . Еліміздің болашағы — ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екенін және тәртіпті, тәрбиелі ұрпақ өсіру — баршаға ортақ, әрі міндет екенін түсінеді.
Негізгі (түйінді) идеялар:
READx жобасына қатысушылар үшін қажетті тың дүниелер естуге және шабыттандыратын, кітап оқуды ұнататын белсенді оқырмандардың оқу алаңы!
Жақсы кітаптар Интернетте отырып, немесе теледидар қарағаннан көрі әлдеқайда көп пайда әкеледі.
Жұмыстың барысы:
1. Психологиялық ахуал
2. Топқа бөлу
3.Ой қозғау
4.Мәтінді талдау (үй жасау)
5. Кері байланыс
6.Кеңес беру
1. Психологиялық ахуал
«2 шындық, 1өтірік» әдісі бойынша қатысушылар бала тәрбиесіне қатысты 2 шындық 1өтірік айтып таныстырады.Мысалы: Шындық 1.Айтқанын алып беремін. 2.Бірде қаттымын.бірде жұмсақпын.Өтірік: Үнемі көңіл бөлемін.
Топқа бөлу ән шумақтары арқылы: 1- топ Әке
2-топ Ана
3-топ Бала
4-топ Ұстаз
Ана
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін жинадың сен маған.
Сен бердің құстардың қанатын самғаған,
Балалық құштарым өзіңе арнаған.

Қайырмасы:
Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің,
Самал жел, сая бақ құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын.

Әке
Отқа түстің,суға түстің мен үшін
Енді міне бағын берді жемісің
Бала қыран шыңға шықса бұл күнде
Мұның бәрі әке сенің жемісің
Анашымды отырғызып жаныңа
Той берейін салып алақаныма
Ей адамдар шүкіршілік етіңдер
Мына өмірде әкелерің барына
Тек әкелер сендер ғана лайықсың
Хан сарайы патша тағына
Тек әкелер сендер ғана лайықсың
Хан сарайы патша тағына
Ұстазым
Ғалым да, кенші де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің.
Білім берген, ой берген, ақыл берген
Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең.

Ұстазым! Ақылшы дос, ой-арманым,
Арналсын саған осы аяулы әнім.
Күтеді біздерді үміт алдан,
Ұстазым, мен сені ұмыта алман.
Үйретем деп өмірдің парасатын,
Ағарды ғой біз үшін қара шашың…
Бала тілегі
Бал-балалық,балдырған шақ сан арман,
Барлық бала армандауға жарлған
Кел,достарым,әндетіңдер,билеңдер, 2рет
Гүлденсін деп атмекен-қара орман.
Болашақтың иесіміз бәріміз,
Туған жердің түрлендірер нәріміз.
Алтын бесік-ұлан байтақ елімде, 2 рет
Жарқын болсын шырқап айтар әніміз.
(әнді орындап барып топқа отырады)
Ой қозғау: Бала тәрбиесі жөнінде ата-аналардан қандай кедергілер кездеседі?
(Алдарына стикер таратып беріледі, жазған проблемаларды ағашқа апарып жапсырады)
Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. (Мағжан Жұмабаев)
Әр топқа З.Ахметованың «Бабалар аманаты» оқулығынан үзінділер беріледі. Оны барлық топ мүшелері оқып шығады.Келесі топқа ауысып отырады. Әр топтан бір спикер шығып талдау жасайды.
Тәрбие жайлы қанатты сөздер
Еккенің тікен болса, орғаның балауса болмас.
М.Әуезов
***
Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады.
Абай Құнанбайұлы
***
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.
Ахмет Байтұрсынұлы
***
Әрбір баланың мінез –құлқы ата-анасының жағымды іс-әрекетінен үлгі алу барысында қалыптасады.
И. Павлов
***
Бала тәрбиесі басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң.
Абай
***
Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт-жас күнде көрген өнеге.
Ж. Аймауытов
***
Қалай десек те, ең мықты, табиғи мектеп-отбасы.
М.Арын
***
Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек,олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн.
М. Жұмабаев
***
Тәрбие басы — тіл.
Ж. Аймауытов
***
Бала тәрбиесінде әке мен шешенің мүмкіндігінше бірдей араласуы үшін, отбасы тәрбиесін жоғары дәрежеде дұрыс жолға қою қажет.
П. Каптерев
***
Сіз ұлыңызды немесе қызыңызды тек қана өзіңіздің ата-аналық қуанышыңыз үшін ғана дүниеге әкеліп, тәрбиелеп жатқан жоқсыз. Сіздің отбасыңызда және сіздің басшылығыңызда болашақ азамат, болашақ қайраткер және болашақ күрескер өсіп келеді.
А.Макаренко
Балалар тәрбиесін – үлкендерден бастау керек.
Тәрбиеші болу үшін, тәрбиеленген болуың керек.

Балаға берілген дұрыс тәрбие — бұл бақытты кәрілік, қате тәрбие біздің келешектегі сорымыз, біздің көз жасымыз.

Тәрбиедегі мақсат — адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.

Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы, тәрбие, жастарМұхтар Әуезов
Балаға қуаныш сыйлай отырып, оқыта тәрбиелеуге міндеттіміз.

Тәрбие дегеніміз — тәрбиеленушілерді белгілі бір адамгершілік дағдыларын меңгеруге көндіру мақсатымен бір адамның екінші адамға жасайтын ықпалы.

Тәрбиенің бірінші шарты балаға жақсы есім таңдау.

Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз.

Тәрбиелеуде мұғалімнің өзінің не біліп, не істейтіні маңызды-ақ. Бірақ оның ықпалымен шәкірттерінің не біліп, не істейтіні онан да маңыздырақ. Мұғалімдер, міне, осынысымен бағаланады.
Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту.

Тәрбиелі — тәртіптің құлы.

Бір түп раушан өсіріп, алғашқы гүлдің қуанышына бөленудің, гүлді адамға беріп, сол сәттен толғанысты бастан кешудің, жаңа адамды тәрбиелеудегі маңызы, егістік жерді жыртумен, астық өсірумен, ащы тер мен алақандағы күсті және еңбек рақатын танумен бірдей.

Жақсы отбасыда жазалау деген атымен болмайды. Ал бұл — отбасы тәрбиесінің ең дұрыс жолы.

…баланы сүйе білуге үйрету — өмірдегі ең маңызды нәрсеге үйрету деген сөз.

Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы іс.

Анағұрлым қиын тиетін қайта тәрбиелеу жұмысына оралмау үшін әуелден дұрыс тәрбие беруге тырысу керек.

Ахмет Байтұрсынұлы
Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.

Ыбырай Алтынсарин
Балаға берілген бірінші тәрбие ата-анасын, туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады.

Жүсіпбек Аймауытов
Баланы бұзуға,түзеуге себеп болатын бір шарт-жас күнде көрген өнеге.

Мағжан Жұмабаев
Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер.

Мұхтар Әуезов
Ел боламын десең, бесігіңді түзе.

Бауыржан Момышұлы
Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш — бала сүю

Ғабит Мүсірепов
Шеше мінезінен сезік алса, бала жүрегі суына береді, қатулана береді

Кезінде «Шуақты күндерімен» оқырман жүрегіне жол тапқан Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты жаңа кітабы жарық көрді. Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр атамыздай тектінің тұяғы, асылдың сынығы — жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдар жүргізген күнделігінің негізінде жазған. Мұндағы басты әңгіме арқауы Батыр атамыздың баяндауында ұсынылады. Автор осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды күні кеше ғана өткендей, тап қазір ғана болғандай көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шешен тілмен баяндайды.
Біз оқыған жанды ойландырмай қоймайтын мазмұнды кітаптан үкілі үзінділер ұсынып отырмақпыз.
Ой, папа-ай, онда тұрған ештеңе жоқ, телефон деген… – Бәкең әкесінің алдыңғы сөзіне орай әлденені айтпақшы болып еді, ата қолын сермеп, оны тоқтатып тастады. – Сөзімді бөлме! Ойымды аяқтап алғанша қайымдаспай тұра тұрғын. Қазіргі кезде адамдардың негізгі бір қатынас құралы – телефон. Онсыз күнделікті хабар-ошарды көзге елестету қиын. Айтайын дегенім, қажетіміз-ден шығып жатқан жансыз телефон жайлы емес. Оны пайдаланатын екі аяқты жанды адамдар туралы. Бір жерге хабарласып тұрып, сөзді сәлемнен бастамау – әдепсіздік. Өзін де, өзгені де сыйлай білетін тәрбиелі адам қай кезде болсын ізетті ұмытпайды. Ол кімге, қайда телефон шалса да, алдымен амандасады. Сәлемдесіп болған соң тура түскеніне күмәнданса, «кешіріңіз, бұл пәленшенің үйі ме» деп немесе «түгеншені шақыруға бола ма» деп сыпайылап сұрайды. Сонда сөйлесіп тұрған адамы да жөні түзу жауап қайырады. Әйтпесе, мен секілді қисайған жағынан тұрмай қалатын біреу болса, барды «жоқ» дей салуы ықтимал. Телефонда сөйлесе білу де кісілікті көрсетеді. Қалтаңда он диплом болғанымен сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң – нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениетті болу – қаздиып қатып киініп, шіреніп машина мініп, шікірейіп қызметкер болу емес. Мұның бәрі – көз алдар сыртқы қабық қана. Маймылды малындырып үлде мен бүлдеге орап, машинаға отырғызып қоюға болады. Одан маймыл мәдениетті болмайды, бәрбір ол битін теріп жегенін қоймайды. Өйткені тегі солай. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қаныңда бар тектілігің мен бойыңа сіңген жақсы тәрбиең қандай деңгейде екендігінен мәдениетің көрінеді. Ал енді, жаңа не демекші едің, соны айтқын, – деп ата баласына кезек берді. – Не демекші едім? А-а, телефон звоноктарының күнде неше түрі кездесіп жатады Алдыңгүні біреу телефон соқты. Мен тұтқаны көтергенде, өзің айтқандай, аман-сәлем жоқ, ә дегеннен: – Мұқаттың үйі ме? – деді. – Жоқ, бұл – басқа пәтер, – деп едім: – Ондай болса, телефонды неге аласың? – дейді әлгі қасқа өзімді жазғырып. Тұтқаны қоюға зорға шамам келді. Ал кеп күлейін, ал кеп күлейін… Адамды еріксіз көңілдендіретін әпенде сөзге біз де күліп жатырмыз. Ауыздан-ауызға тарап, ел аралап жүретін анекдот дегендер осындайлардан шығатын болар. Атаның мәз бола күлгенін ары қарай жалғастырғысы келді білем, Бәкеңнің жанары жайнап, дауысы ажарланып: – Одан да қызығы бар. Өткенде телефон сылдырлағанда Зейнеп барып алды… – дегенде ішім қылп ете қалды. «Бәле-ай, соны айтпаса қайтер еді» деп қалақай шаққандай бетім дуылдап, қозғалақтап кеттім. Орта жолда тоқтайтын Бәкең бе, бастағанын айтпай тынбайды енді. – Келінің барып, телефон тұтқасын көтеріп: « Что-о-о?» – деді орысшалап… Бетіне қарасам байқұстың көзі бақырайып, өңі кенеп түстеніп кетіпті. – Не болды? Кім звондаған? – деймін. – Қайдан білейін, біреу «где ты ходишь, кобра» деп зіркілдеп берді ғой, – дейді келінің. – Астапыралла! Дауысыңнан қалай таныған?.. – деп едім, бала құсап жылап жіберді, – деп Бәкең масайрай сөйледі. Маған қатысты ілінетін бірдеңе болса, құдайы беріп қалады осылай. «Ата да қосыла күлер ме екен» деп сасқалақтап, онымен қоймай, бір сасқанда екі сасып, ортадан сөзге қыстырыла кеткенімді қайтейін… Аузымды ашпағаным-ақ жөн еді, іріген сүттей іртік-іртік бірдеңе шықты. – Қайдағы бір орыс… Қателесіп… Содан бері «кобра, кобра» деп күліп… Мені… – Ар жағы міңгір-міңгір. Не айтып, не қойғанымды айыра алмай, түйіліп қалдым. Төмен қарап тұқшиып, саусақтарымды мыжғылай беріппін. Аяғымның асты еден емес, сусымалы құм секілді сырғытып бара жатқандай. Атаның күлкісі келді ме, жоқ па – білмеймін, тек менің шоқ басқандай күйгелектенген сиқымды аяп кетті білем: – Отыр ана жерге! – деп баласына зекіп жіберді. О-о! Атаның зекуін естімеген, оның қандай құқай екенін шекесіне тимеген адамға сөзбен жеткізу қиын. Ал таңдайына татыған кісінің бірден түгі жығылатыны анық. Бәкең де езуін жия қойды. Жайшылықта болса: «Жұмысым тоқтап қалды, сендермен отыруға уақытым жоқ», – деп қайқайып шығар еді. Қыңырлығы бір басына жететін Бәкең атаның өктем де ызғарлы үні естілгенде қарсы дау айтуға кейде тайғанақ, әке ырқына көне кетеді. Қазір де екі сөзге келмей, ата нұсқаған креслоға монтиып қана отырды. Мен ішімнен «тұра тұр, бәлем, сыбағаңды жақсылап береді, ет те жейсің, сорпа да ішесің» деп жұбайымның атадан сөз еститініне алдына ала сенімді болдым. Тіпті соны қалап тұрмын. Дәл осы жолы кеткен есемді ата алып береді деп дәмеленіп, алға қарай ұмсына түстім. Алайда менің мығым ойым орындалмады. Не айтатыны бар, бүгін Бәкеңнің жолы болып тұр. Ата сөзін баласын тықсырудан бастайды дегенім бекер болды. Ол кісі мүлде басқаша кетті. Қысқа жолдың ұзағына түсіп, сон-а-ау жер түбінен қозғады. – Ертедегі ата-бабаларымыз Тәңірге табынып, табиғатты өзінің асырау-шысы, өмірінің мәні мен сәні ретінде қасиеттеп, кие тұтқан. Олар Табиғат-ананың тылсым тынысын тыңдап, үнін естіп, қат-қабат құпия сырларын ұғуға құлшыныпты. Әлемдегі ең ұлы кітап – Жаратылыстың өзінен оқып, тағылым алып, тәжірибе жинапты. Еш нәрсенің себепсіз жаратылмағанын, белгілі бір мақсат-міндетті атқару үшін келгенін түсінген. Көргенін, түйгенін жүрек көзінен өткізіп, ақыл тезіне салып, ой қорытқан, байламдар мен болжамдар жасаған. Сол күнделікті түйсінген ұғым-түсініктері негізінде әлем тіршілігі жайлы, болмыс туралы дүниетанымы қалыптасқан. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары, үрдістері пайда болған. Түп бабаларымыздың бізден артықшылығы – олардың табиғаттан бөлінбегендігінде. Адам мен Жаратылыс арасындағы көзге көрінетін-көрінбейтін тығыз байланысты бұзбаған. Табиғатқа зорлық жасап, «бермесін тартып аламыз» деп қатыгездік көрсетпеген. Табиғаттың тепе-теңділік заңдылықтарын сақтауды бізден артық білгеніне күмәнім жоқ деп сеніммен айта аламын. Табиғаттың алып тұлғасына, оның ғаламат күші мен керемет көркіне, жан-жануарлар мен өсімдік әлемінің бітіміне зор мән берген ата-бабаларымыз өзгеше бір жан иесі – жыланның да қыр-сырларын жақсы білген бе деймін. Мысалы, қазақтар үйге кіріп кеткен жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығып кетуіне мүмкіндік жасайды. Мұнда мына біз ұға бермейтін, әлі ешкім анық шеше қоймаған сыры ішіне бүгілген құпия бар. Сол секілді ордалы жыланға тиіспеген, тыныштығын бұзбаған. Қазақтар кішкентай сәбилерді тіл-көзден, сыртқы жағымсыз әсерден сақтайды деп баланың бесігіне, киіміне жыланның басын тігіп қойған. Алаш аруларының аса ардақты баскиімі – сәукелеге күмістен құйылған жыланбас бейне таққан. Жас келінді тіл тиюден, сұқ өтуден, басқа да кесір-кесапаттан сақтайды, жыланның киесі қорғайды деп сенген. Әсілі, қазақтың ешбір ырымы, таным-нанымы себепсіз шықпаған. Әрқайсысының түпкі бір мән-мағынасы болған. Өкінішке қарай, көбінің негізгі тегі ұмытылып, көмескіленген. Ал бүгінде біз бәрін соқыр сенімге апарып тірей саламыз. Тылсым иірімдерін іздеп, бас қатырғаннан гөрі өзімізді-өзіміз алдай салатын оңай жолды таңдаймыз. Жарайды, алғашқы әңгімеге қайта оралайық. Ата-бабаларымыз есте жоқ ескі замандардың өзінде-ақ жылан көп кездесетін жерлерде қазына, кен, әсіресе алтын-күміс, мыс, жез секілді түсті металдардың болатынын білген екен әрі айтқаны дөп басып келген. Мен осыны халқымыздың дара перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан сұрағанымда ол кісі талай қызық деректерді айтып беріп еді. Ал кобраға келсек… Ата осы сөзді айтқанда Бақытжан мұрнының астынан күңк етіп: «Кезек саған келді», – деді қасында отырған маған. Өзіне дауа жоқ, қағытпа сөзден есе жібермейтін әдетіне тағы басты. Зейнеп АХМЕТОВА, «БАБАЛАР АМАНАТЫ»
***
— Бұрын қазақта қазіргідей үлкен-кіші, еркек-әйел жаппай сүйісіп амандаспайтын, — деді ата мен сусын апарғанда.
Әлгінде Бәкеңнің кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған досы келіп, екеуінің орысшалап сүйісіп сәлемдескенін көрген болатын. Мына айтқан сөзіне сол сүйісу түрткі болды-ау деймін…
— Әсіресе батпандай ер-азаматтардың кездескен жерде сүйісіп амандасуы деген қазақ қауымында бұрын атымен жоқ еді. Осы сүйісу Хрущевтің билік құрған кезінен кең етек алып, жайылып кетті. Жақсыны да, жаманды да алаламай тез қабылдай қоятын «талантымыз» бар. Бастықтың әр қимылын қалт жібермей, қайталап кәукелектейтін жағымпаз жампаңдығымыз тағы бар. Сөйтіп, жалпаңдап жүріп, жапалақ болып кетер ме екенбіз, құдай білсін… Ер-азаматтар қолдасып амандасушы еді. Сағынысып көріскенде құшақ айқастырып қауышатын. Міне, осыларды «еркекше сәлемдесу» дейді. Ал әйелдер өзара құшақтасып, сүйісіп амандаса беретін. Қариялар өзінің баласындай, немересіндей жастарды жақсы көріп еміренгенде құшағына қысып, арқасынан қағатын. Осы жерде бір нәрсеге тоқтала кетейін. Бұрын қазақтар ер баланы еркелеткенде басынан сипамаған. Арқасынан қаққан. «Басына сипау ұл баланы аяп, мүсіркеу сезімдерін туғызады, төмен қарап жүретін жасық болып қалады» деп түсінген. Ата-ана, ел-жұртына қорған болатын, шаңыраққа ие болатын ұлдың көзін жерден алмайтын жігерсіз, есіркеуді тілеп тұратын ынжық болғанын қаламаған. Ал арқасынан қаққанда ер бала батылданады, жігерленеді, еңсесін тік ұстап, тура қарауға дағдыланады. Неге болса да тайсалмай қарайтын қайратты, батыл болып ержетсін деп ұлды арқадан қағыпты. Ал қыздарды керісінше басынан сипаған. Қыз — жатжұрттық, қыздың бағы — үйде емес, түзде. Қыз басқа босағаны аттап, өзге үйдің отын жағады, ұрпағын өсіреді. Қызды «кететін бала ғой» деп еркелетеді. «Алдында не күтіп тұр екен, тағдыр-талайы қалай болады» деп басынан сипап аялаған. Қыз баланы басынан сипағанда басы еріксіз еңіс тартады, көз жанары төмен түсіп, жасырынады. Кісі бетіне бажырайып қарамайтын әдетке үйреніп, қызға лайық биязы мінез қалыптасады. Арқадан қағу мен бастан сипаудың осындай талғамды астары, тәрбиелік мәні бар екен.
Ал енді әжелер мен апалар жасы кіші жақындарын жақсы көргенде ұл болсын, қыз болсын, оларды құшақтап, маңдайынан не қолынан сүйеді. Қазір де ел ішінде жиі болмағанымен бұл әдет сақталып келеді. Жас балалардың маңдайынан иіскеп не сүйіп: «Үлкен азамат бол!», «Бақытты бол!», «Өркенің өссін!», «Өмір жасың ұзақ болсын!» — деп тілектерін қос қабат айтып жатады. Тегінде қазақ жас баланы, әсіресе кішкентай сәбиді бетінен сүймейтін, қызығып қарамайтын, таңданып сұқтанбайтын. Бұлар — тыйымдар. Ертеден келе жатқан осы ырым-тыйымдар негізсіз емес. Сәби құстың балапаны сияқты, нәзік әрі сыртқы әсерді өзіне тез қабылдайды. Ересек адамдар баланы мейірленіп сүйгенде әр адамның бойындағы әртүрлі деңгейде болатын биоөрісті сәби көтере алмайды. Сәбиде қорғану күші әлі жетілмегендіктен науқастанып қалады. «Көз тиді», «сұқ өтті», «аш кірді» деп жатамыз ондайда. Бұрын халық емшілері сумен ұшықтап, адыраспан, аршамен аластап, тұзбен емдеп жататын. Әрине, ешкім де жас баланы әдейі ауыртайын демейді. Көп адамдар өзінің бойында, көзінде қандай дәрежеде өріс бар екенін біле бермейді, ол тіпті ойына да келмейді. Сондықтан сәбиге қатысты жерде үлкендердің абайлап, сақ болғандары жөн. Өте еміреніп жақсы көру зардапсыз емес, балаға қауіп болуы ықтимал, — деді ата.
Мен осы әңгімеден соң ойланып қалдым. Атаның өзі жас балаларға онша жұғыса бермейді. Балаға үйірсектігі шамалы. Бір қарағанда баланы жаратпайтын секілді әсер қалдырады. Өзге адамдар сияқты жас баланы құшақтап, елжіреп сүйгенін өз басым көрген емеспін. Біреудің баласына керемет көңіл бөлгенде «жақсы бала екен ғой» немесе «жігіт екен ғой өзі» деп қана қолынан ұстап, арқасынан қағып қояды. Жас балаға тура қарамай, басынан, иығынан асыра назар салады. Атаның тіке қараған отты жанарына бала түгілі ересек адамның төтеп беруі екіталай.
Өзгені былай қойғанда, елу тоғыз жасында алғаш көрген немересін де көпе-көрнеу жақсы көре бермейді. Алғашқы кездерде атаның осы салқындығын түсінбейтінмін әрі жүрегіме тікендей қадалатын. Біз атаның қолына көшіп келіп, бірге тұрған соң ғана сырын ала бастадым. Ата баламен ойнауды білмейді, олармен үлкен адамша сөйлеседі. Немересінің толып жатқан бітпейтін сұрауларына жалықпай жауап береді. Бала қиялын жетелеп, оны әдейі сөзге салып, ойлау қабілетін өрістетеді. Қате кеткен бұрыс жерін сол замат түзеп, түсінік береді. Керек жерінде солдат құсатып қақшитып тұрғызып қойып, қаталдығын да көрсетіп жібереді. Бірақ қорқытпайды. Атаның көп қолданатын әдісі — қайталау. Немересіне әлденені үйреткенде осы әдісі арқылы нәтиже шығарады. Ержанға деген аталық пейілін айналып-толғанбай-ақ өзіне тән ерекше табиғатымен жеткізеді. Сырттай көрсеткісі келмегенімен бір ауыз сөзінен, бір қимылынан, көзқарасынан бұлтты жарып шыққан күндей жарқ ете қалатын аталық мейірімі бәрбір анық та айқын байқалатын.
***
Жарма есіктің бір жағын болар-болмас ашып сығалағанымда ата бір нәрсені жазып жатыр екен. Бөгет болып, ойын бөлмейін деп есікті ақырын қайта жаптым. Сол кезде:
— Бермен келгін, — деп дауыстады ата.
Мен кірген соң «отыр» дегендей ым қақты да, мұрнына қарай сырғып кеткен көзәйнегін түзеді. Кеудесін көтеріңкіреп, қағаздағы жазуды оқи жөнелді.
— «Қай ұлттың болсын ана тілі, ата дәстүрі, салт-санасы — сол халықтың өзіндік қадір-қасиетін, жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін көрсететін төл белгілері. Олар — бүкіл бір халықтың өмір жолында ғасырлар бойы мысқалдап жинаған рухани қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған ардақ-мұрасы. Онсыз қара шаңырағы бар іргелі ел болып, бүтін ұлт болып қалу мүмкін емес. Ана тілі, ата дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды немесе біреу сырттан келіп сен үшін көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Халықтың өз бет-бейнесінен айырылуы не сақтап қалуы — әрбір ұрпақ өкілінің өзінен кейінгі ізбасарларына бабалар аманатын қай сапада жеткізуіне байланысты», — деп көзәйнегін алып былай қойды. Жаңағы оқыған қағазды маған ұсынды. Сынып кетер нәзік затты ұстағандай қос қолымды тең созып, абайлап қағазды алдым. Неге екенін толқып кеттім. Ата мұны байқамады дей алмаймын. Бірақ ештеңе көрмегендей, сезбегендей сөз бастады.
— Өкінішке қарай, арқау жіпті босатып алдық. Ескектен айырылған су бетіндегі қайықтай теңселіп қалтылдап жүрміз. Бабалар аманатына адал бола алмай, күнәміз көбейді. Қашан тәубеге келерімізді кім білсін?! — деді.
Көкті қымтаған бұлттай қабағы түнеріп, біразға дейін тұйықталып қалды. Атаның күрт өзгерер мінезіне төселген жанмын. Сондықтан үндемей тым-тырыс отырдым. Арасында көзімнің астымен ұрлана қарап қоямын. Тастан қашалған мүсіндей бір нүктеге қадалып, міз бақпай қатып қалған. Қоңырқай өңі қарауытып, буырыл мұрты айбат шеге едірейіп, онсыз да қисая қоймайтын кірпі шаштары атой салған қалың қолдай өре түрегеліп, тікірейіп кетіпті. Атаның қабырғасын қайыстырып, жанын кемірген күйдің не екенін аңғарып отырмын. Әлгінде өзі оқып берген түйдек-түйдек ойлы сөздері мына қиналысының жауабы еді. «Саналы ерде ұйқы жоқ», өз басының мұратын күйттеп, жан тыныштығын бағып жатқан жоқ. Ұлттық құндылықтардың қиюы кетіп, ұлттық намыссыздық пен жан мүгедектігіне душар болсақ, кейінгі ұрпақ кім болады деп күйзеліп отырғаны анық.
— Зерігіп отырсың ба? — деп ата оқыс үн қатқанда:
— Ойланып отырмын, -дедім. «Үкі батылдығынан түнде ұшпайды», тайғанақтамай тақ еткізіп жауап бергенім батылдығым емес, шынымен, ойланып отырғам.
— Ойлайтын ми болмаса, тыңдайтын құлақ әркімде бар. Иә, естігенді саралайтын сана болмаса, айтылған сөз тастаққа түскен дәнмен тең, солай ма?!
— Солай секілді…
— Секілді-мекілді деген дүдәмал көмескі сөзге көп әуес болмағын. Айтар ойыңның негізі — берік, ішкі сүйегі түзу болса, солқылдақ, буыны бос сөзді қоспай, түйіп сөйлегін! Ұқтың ба?
— Ұқтым, ата.
— Менің ығыма неге жығыла бересің? Әлде «бәлесінен аулақ, қырсық шалдан құтыла салайын» деп, бәріне бас изейсің бе?
Ә дегенде үндей алмай қалдым. Ата алдында әр сөзіңді өлшеп сөйлемесең, әлдеқалай боларыңды болжай алмайсың. Дегенмен «көтерем көтерілсе, көштің алдын бермейді» дегендей, әлдебір күш қолтығымнан демегендей осы жолы мен де көтеріліп кеттім.
— Ата, мен сөз түсінетін жақсы тыңдаушымын, — дедім шімірікпей. «Тым аспандап кеттің» дейді ішкі бір үн мені ұялтқысы келіп. Дәл қазір ұяла қоймадым. Ақиқатты айттым.
— Сөз түсінеді деп сенген соң саған көп сөйлеймін. Бірнеше күннен бері үздік-создық айтып жатқан сәлем төңірегіндегі әңгімелеріміз де — бабалар аманаты. Мен білгенімді саған айтам, сен өзіңнің балаңа айтасың, үйретесің. Кейін балаң өз баласына айтса, сөйтіп, бір шаңырақта бабалар аманаты жалғасады. Күнделікті тілімізде «елге еңбек сіңіріп, халыққа қызмет ету» деген сөз әр деңгейде жиі айтылады. Мұның шынайы мәнін көбі ұға бермейді. Елге еңбек сіңіріп, халқыңа, ұлтыңа қызмет ету деген — ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру деген сөз. Осыны ұмытпаған адам өз халқының алдында жеген нанын, татқан тұзын ақтайды. Басқа үшін жауап бермеймін, әркімнің өз еркі өзінде. Бірақ мына менің өз тұжырымым — осы! Балаларым ретінде сендерге де мұны аманат, өсиет етемін.
— Кіруге бола ма? — деген Бақыттың дауысы естілді.
— Кіргін, — деді ата.
Бірдеңенің жөнін сұрауға келді ме десем, креслоның арқалығына шалқая жайғасып отырып жатыр. Жазудан қолы бос болса, ара-арасында біздің қасымызға осылай келіп әңгіме тыңдап, өзі де кірісіп кетеді. Қайта бұл келгенде сөз жанданып, ажарланатыны бар. Мен секілді ішкі сырын бүгіп, тымырайып үнсіз отырмайды. Айтып қалатын жерде көбінесе аузымды бағып, талай нәрсе ішімде босқа өледі. Бәкеңнің жөні бөлек, ойындағысын сырғанақтатпай, көсілтіп әкете береді. Әкесіне сұрақ қояды, таласады. Кейде әңгіме ауаны қисайып бара жатқанда аяқ астынан қисынын тауып, оң жамбасқа оңай келтіріп, сытылып кетеді. Ал кейде қиямпұрыс қиқарлығына басып, атаның ыңғайына икемделе қоймай, теке тіреске түсіп, есе теңдік бергісі келмей, тым өзеуреп кеткенде ата жынын қағып алады. Қасынан қуып та шығады. Бір қызығы, екеуі де мұндай шекісулердің аяғын шиеленіс-тірмейді, соңы кексіз бітеді. Тағы бір байқағаным, дүниені аралап кететін үлкен ауқымды әңгімеге кіріп кеткенде, егесу жоқ, бірінің ымын бірі түсіне қояды. Тегі бір болғандықтан шығар…
— Неге үндемей қалдыңдар? Сәлемдерің бітіп қалды ма? — деді Бәкең қулана жымиып.
Ата оның сөзін құлағына ілмей, елеусіз қалдырды.
— Онда мен сендерге әңгіме болатын бір нәрсе айтып берейін, — деп Бәкең тағы үн қатты.
— Ішіңе сыймай бара жатса, айтқын, тыңдайық, — деді ата.
— Өткенде Жазушылар одағының алдында бір жігіт Мәриям апа Хәкімжановаға: «Ассалаумағалайкүм, апа!» — деп қолын кеудесіне қойып, сәлем берді. Ана кісі: «Бар бол, айналайын!» — деді. Шынымды айтсам, әйел адамға бұлай сәлемдесуді бірінші рет естідім. Өзім әдеттегідей «сәлеметсіз бе, апа» деп амандастым, — деп әкесіне сұраулы жүзбен қарады.
— Ы-ы-ым… Мына бауырлас өзбек, ұйғыр халықтарында қыз-келіншектер, жігіттер мен балалар өздерінен жасы үлкен ер адамға да, әйел адамға да: «Саламалейкум!» — деп қолын кеудесіне басып сәлем береді. Бұл салт олардың өздеріне жарасып тұрады әрі ұлттың бір ерекшелігі секілді табиғи көрінеді. Дүниежүзіндегі барлық мұсылман халықтар «ассалаумағалайкүм» деп амандасады. Өйткені бұлайша сәлемдесу — ислам дінімен бірге келген. Десек те, әрбір ұлттың ислам дінінен бұрынғы таным-нанымы болғаны тарихтан белгілі. Мүмкін сондай бір өзіндік ұғымдардың әсерінен бе, әйтеуір, қазақта ер адамдар ғана бір-бірімен «ассалау» деп сәлем береді. Ал ер адамдар — әйелдерге, керісінше әйелдер — ер-азаматтарға немесе өзара олай сәлемдессе, көзге де, көңілге де біртүрлі томпақ көрінер еді. Сонда да, жиі болмағанымен ел сыйлайтын үлкен әжелерге, өзің айтқан Мәриям апа секілді ел анасы болып кеткен кісілерге жігіттердің жоғарыдағыдай сәлемдесуінің ешбір қателігі жоқ. Құлаққа салқын естілмейді, қайта ерекше ілтипат белгісіндей салмағы арта түседі. Бірақ әйелдердің барлығына таралған әдет емес. Қазақта бұл жаппай сипат алмаған.
Сәлем жосындарының түрлерін айтқанда бір нәрсе ойымнан қалыс қалыпты, ұмытыппын. Олар — балдыз бен жезденің, қайны мен жеңгенің арасындағы амандасулар. Бұлардың былайғы адамдармен есендесу шеңберінен шығып кететін тұстары бар. Өзге ұлтты білмеймін, ал қазақта балдыз-жезде, қайны-жеңгелер әзіл-қалжыңдары жымдасатын, әңгімелері жалғасатын, ойын-күлкілері жарасатын өте бір тату жандар болып келеді. Бір-біріне батып та, батыл да сөйлейтін әрі оған ешқайсысы шамданбайтын, өзгеге айтпайтын жүрек түкпіріндегі сырларын өзара ашатын да — осылар. Қазақ ғұрпында балдыздың жездеге наздануы, қайнының жеңгеге еркелеуі сыйластығы ерекше сүйкімді қарым-қатынас болып саналады. Тонның ішкі бауындай жандары жақын сырлас әрі қимас болғандықтан олар қолдасып та, құшақтасып та амандаса беретін. Бұл еркіндікті қазақ атаулы біледі, түсінеді. Сонда да үлкендердің көзінше әдептен озбаған. Өз қатарларының арасында немесе қариялардың көзінен тасалау болмаса, кез келген жерде жұрт көзінше бойларын тартып ұстап, ұстамдылық қалыпты сақтаушы еді.
Әдетте, өз халқыңның ұлттық өнеге-өлшемдері қашанда ерекше сезіліп, басқалардікінен озық көрінетіні бар. Бұл — барлық ұлттарға тән табиғи қасиет. Алайда «менікі артық, басқанікі нашар» деген жаңсақ ой тумаса керек. Әр нәрсенің үйлесім тауып жарасатын өз ортасы, өсіп-өнетін өз топырағы бар. Саналы адам елін-жұртын, оның ұлттық табиғи болмысын ардақтай отырып, өзгенікін құрметтеп түсінуі керек. Өзін зор санап, өзгені қор санау — көргенділік емес, өзімшілдіктің, надандықтың бір белгісі. Ал енді туған халқыңды білмей, оның жанын ұғынбай тұрып, басқанікін келістірем деп еліктеу де кісілік емес. Ол намыссыздыққа жетелейді. Намыссыздық — жаман дерт. Оның өсер ұрпаққа, халықтың келешегіне кесірін тигізетінін ешқашан ұмытпау керек. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», әр халық, әр ұлт өзіне-өзі ұқсағаны жақсы, — деп ата баласының сөзіне орай мол мағлұмат беріп тастады…
«БАБАЛАР АМАНАТЫ»
Тегінде, салт-дәстүрсіз ұлт жоқ. Ал, дәстүр, салт – тамыры тереңге кеткен тарихтың аманатын арқалаушы.
Кеңестер Одағының батыры, ұлы қол¬басшы, қаламгер Бауыржан Мо-мышұлының келіні, Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты естелік-эссесі (Алматы. 2012. 388-бет) тап осы ұлттық салт-дәстүр тағлымы, әдеп-ғұрып ғибраты жөнінде мәні зор мол мағлұмат береді. Бала кезімізден естіп өскен ұлттық салт-дәстүр туралы дерегіміз қаламгер апамыз Зейнеп Ахметованың баяндауы бойынша берілген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының өмірдегі көргені мен тіршіліктегі түйгені арқылы толыға түседі. Шығарманың әр бетінен есетін есті сөздер сиқыры сізді өзіне тартып, тарихтың талай қатпары мол құпияларына қанықтырары сөзсіз.
Бүкіл қазақ халқының сүйіспеншілігіне бөленген біртуар тұлғаның ұрпаққа ұлағат боларлық дана сөздері мен ұлттық салт-дәстүрден туындап жататын тәрбиелік маңызы зор әңгімелері сөз жоқ оқушысын ойлантады. Аузы дуалы дара да дарынды жанның мұхиттың тереңіндей ұлан-ғайыр мол білімі мен кемеңгерлігі бұл кітаптың өн бойында өріліп жатыр. «Атаның қысқа қайырмалары» мен «Атаның маған айтқан ақыл сөздерінде» ұлы тұлғаның бұрындары баспасөзде жарияланбаған тәлімдік-тәрбиелік сабақтары шежіреліктің шынайы көрінісі. Әдептіліктің әліппесіндей көрінген бұл кітап кіші мен кәріге де берер кеңесі мол дүние. Әрбір әңгімені халықтың өмір тәжірибесінен тұжырымдалған мақал-мәтелдерімен әдіптеп, ажарлап отыратын баяндаушы кітапты «Сөз анасы-сәлем», «Атаның қысқа қайырмалары», «Жетілік ұғым», «Ұлыстың ұлы күні-Наурыз», «Бір үзік сырлар» деген бірнеше тарауларға бөліп, ой тарқатады.
Автор «Сөз басында» бұрындары атасының адами қасиеттері мен әңгімелері келіннің күнделігі ретінде жазылған «Шуақты күндер» шығармасының заңды жал¬ғасы болған «Бабалар аманатының» айырмашылығын атап көрсетеді: «…тәуел¬сіздіктің арқасында тілімнің шешіліп, ешкімге жалтақтамай еркін сөйлегенім әрі бір кездегі талай уақиға, әңгімелерді бүгінгі күннің көзімен өрем жеткенше жіктегенім дер едім….кешегі мен бүгінгінің алма-кезек ауысып, қатарласа өріліп ой түйінделгені өзім үшін қажеттіліктен туған әдістер екенін ескерткім келеді. Тағы бір баса айтатын айырмашылық – «Шуақты күндерде» әңгіме тек атамен байланысты өрбісе, енді атамен қарым-қатынаста болған адамдар жайлы да сөз болады» (6-бет).
Лев Толстойға А.Пушкинді танытып, талантына тәнті етіп, мойындатқан В.Белинский екенін еске алсақ, З.Ахметованың тұтанбай жатқан талантын тұтатқан Бауыржан атасы екендігі осы мысалдан-ақ мәлім. Ұлылардың ұясына келін болып түсіп, қазақтың бір туар батыр ұлы Бауыржан Момышұлының ұлағатты сөздері мен кейінгі ұрпаққа ұсынар ұлан-ғайыр өсиет сөздерін өз өресі мен көрген тәлім-тәжірибесінен жиып, түйіп, түртіп қағазға жазып жүрмесе осындай зердеге тоқырлық даналығы, парасат пайымы, құнарлы ойға толы туынды туар ма еді. Бауыржан атамыз арқылы бүгінгі ұрпаққа ұсынылып отырған даналық дәнегі – «Бабалар аманаты». Өмірден көргені көптің, айтары аз болмасы ақиқат. «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, өмір үйретіп данышпан етеді. Ақылым – атам, білімім – бабам» деп кезінде Киікбай деген би айтқан екен. Сол айтқандай көргені мен көңілге түйгені көп, ұлттық құндылықтардың қадірін терең түсініп,білетін, қанжарынан қан шашырап тұрған кеңестік кезеңнің өзінде таза ұлттық болмысты өзінің сөзінен де, ісінен де , ірілік қасиетінен, тіпті туабітті табиғи жаратылысымен де танытып өткен ұлы тұлғаның тұнып тұрған тұжырымдарын тыңдап, көкірегіне түйе де білген кіп-кішкентай келіннің сол жауапкершілігі мен жүгі ауыр «Бабалар аманатын» бүгінгі ұрпаққа жеткізуін үлкен ерлік десек те болады. Атасының саясатқа, қоғамдық құрылысқа, әділетсіздікке, құдайдың құдіреті мен тылсым күштерге байланысты сыртқа айтуға болмайтын талай батыл пікірлері мен өткір сөздері, т.б сөз жоқ оқушысын қызықтырары хақ. Айталық, елдің бәрі «ов», «ева» болып жүргенде жалғыз өзі «Момышұлы» болуы, басынан қазақы тымақты тас¬тамауы, өзі қан кешіп жүріп те қазақ тілінің қамын жеп 1943 жылы наурыздың 8-інде Қазақстан Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа, 1944 жылы ақпанның 25-жұлдызында Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовқа хат жазып, ана тіліміздің өзінің тиесілі тарихи тұғыры-мемлекеттік дәрежесін берудің ұлттық жобасын ұсынуы нағыз ұлтжандылықтың озық үлгісі. Бауыржан десе қазақ деген ұғымның қатар жүруі ұлы батырдың: «Мен өлген соң да, тірілердің арасында жүремін» деген даналығына дөп келеді.
Бүгіндері бүкіл баспасөздерде үлкен сынға ұшырап жататын тарих пәнінің оқулықтарына қатысты олқылықтардың түпкі сыры мен кемшіліктерінің кілтін тапқандаймыз осы кітаптан.
Қай халықтың тарихын зерттеуде ең бірінші олардың тіршілік түйткілдері, табиғи болмыс бейнесі, өзіндік табиғаты мен менталитеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы, әр кезеңнің дәуірлік ерекшеліктері егжей-тегжейлі қарастырылмаса, қателіктерге жол берілетіні сөзсіз. Өйткені әр халықтың салт-дәстүрінсіз ұлт тарихы түзілмейді. Оған Бауыржан атамыздың мына сөзі толық дәлел: «Кейбір зерттеуші тарихшылар Кенесарыны марксизм идеясын білмегені үшін кінәлайды, бұдан өткен көрсоқырлық болмас» (5-бет). Кенесарының кезеңі мен санасы марксизм идеясымен уланған кеңес кезеңінің ерекшеліктерін анықтауға зер салмаған зерттеушілерді кім дейміз?
Екінші мысал атасының қонақтары қазақтың белгілі жазушысы Сапарғали Бегалин, академик Ақай Нүсіпбеков, полковник Мейман Екешевтерді асқа шақырғанда жіберген төрт қателігінің осы тарихпен тікелей байланыстылығы. Ұлттық дәстүрге жүйрік Бауыржанның келініне берген кеңесінде: «Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын бас иең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен тазалық… Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек», – дейді (113-бет). Халықтың салт-дәстүрімен байланысып жатқан тарихи танымды көкейіне алған тәрбиелі келін кейін осы кемшіліктердің Алматы қаласындағы Тәуелсіздік монументінің қаптал тастарының үшіншісіндегі бейнеден көріп, таңырқайды. Осы орайда кітап авторы ашынып, мынадай ой айтады: «Сонда бұл не? Білместік пе, әлде әйелдің хан алдына қошқардың басын мүйізімен тартуын ерекше құрмет санаған мүсіншілердің далбаса қиялы ма? Атақты болсын, басқа болсын, ғасырлардың аржағынан келген дәстүр-салтты өз беттерінше жамбасқа басып бұза берсе, қазақтың ұлттық қалпынан не қалады?! Айта-айта ауыз талды, халықтың ұлт болып сақталып қалуы, ең алдымен-тіліне, содан кейін өзіне тән ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпының жойылмауына байланысты» (116-бет). Халқымыздың сонау Сақ дәуірінен бастап, еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихи бейнеленген сәулет ансамбліндегі осынау ағаттықты жіберген өзге ұлт өкілдері емес, өз қандастарымыз екендігін естіп, қаны басына тепкен апамыз кезі келгенде ескерткен сөзіне олардың жауабын оқып көрелік: «Сіз мұндай күрделі композициялық құрылымның өзіндік ерекшелігін, сәулет өнерін түсінбеуіңіз мүмкін. Бұл – үлкен шығармашылық ойдан туған образдар мен аллегориялық пішіндерден тұратын мүсіндер. Ол қазақтың салтын көрсетуге арналған жоқ, тарихи маңызы бар кезеңдерді қамтыған дүние. Сондықтан майда-шүйде салт-малтты айтып қайтесіз?» (117 б).
Қазақтың егемендікке ие болып, төл тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді дәріптер Тәуелсіздік монументінде осындай олқылыққа орын берілсе, сәулет өнері арқылы ұлтын ұлықтар мүсіншілеріміздің рухани мүгедектігіне, ұлттық рухының әлсіздігіне «әттеген-ай» демеске шара жоқ. Өзіміздің тарихи өмірімізді өрнектей отырып, ұлттық болмысымызды бейнелер салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың ғибраты осы ғимаратта көрсетілмегенде қай жер де танылуы тиіс? Тарихшы мамандар неге бұған мән беріп, кеңес бермеген? Елдік символды танытар тұста осылай аузын тұмшалап отыру ұлт зиялыларына жараса ма? Елдің ертеңі мен ұлт пен ұрпақтың тарихи танымын тереңнен тартып, танытудағы ұлттық салт-дәстүрден айрылудың арты қауіпті екендігіне неге мән бермеске? Бауыржан атамыз айтқандай: «Халықтың ізгі дәстүрі-біздің ең асыл мұрамыз… Халықтың әдет-ғұрыптары, үдіріс-дағдылары заман өзгерісіне бейімделіп отырады. Бірақ ежелден келе жатқан ұлттық қасиеттер, ұлттық белгілер жоғалса, онда жеке атауға ие болатын халық ретінде күні бітер еді. Ол-қасірет. Ол-соры қайнап, сормаңдай болған халық» (59-бет) екендігін, естен шығарсақ, ертең не төл тарихы жоқ, не ұлттық бейне-болмысы жоқ, ұлттық салт-дәстүрі жоқ, мәдениеті, әдебиеті, өнері, әдет-ғұрпы, киімі, т.б жоқ болып, жан-жақтан жұтамаймыз ба? Сол тарихшылар мен мүсіншілердің өздері бейнелеп отырған Сақ дәуірінен кешегі Тәуелсіздікке дейін бізді жоғалтпай алып келген де сол салт-дәстүріміз екендігін, тіпті жазу-сызу жоқ көнеден күні бүгінге дейінгі тарихымызды ұрпақтан ұрпаққа ұластырып отырған ұлы жолда адастырмаған да әлемге танытқан да, тіпті тарихымызды түзеген де осы дәстүріміз екендігін қалай естен шығарады?.. Міне, осынау кемшіліктерді түзеп, жас ұрпаққа, ең бастысы олардың көзқарастарын дұрыс қалыптастыруға көмегі көп тиер бұл кітапты тарих пәнінің оқытушылары оқыса оңды болар еді. Жас ұрпақты адастырып жүрген талай тарих тағлымын осы салт-дәстүрмен байланыс¬тырып, өзіміздің табиғатымызды танытар әдет-ғұрыптарымыздан ғибрат ала отырып, ғылым жасаудың кезі келгендей.
Әрбір қазақтың кітап сөресінде тұруға лайық «Бабалар аманатының» өз оқушысына айтар ақиқаты, ой салар тәрбиелік тұжырымдары әлі талай талдауларға арқау болары хақ.

«Бір серкешке екі ер талтаңдайды», – деп Бәкең қайталады да, – мен бұл сөзді апамнан – Зейнептің мамасынан естігенмін. Оның мәнісін апам маған тәптіштеп түсіндірген болатын. Ертеде бір жолаушы тұманды күні адасып, аты да, өзі де әбден қалжырап келе жатып, шағын ауылға кезігеді. Үй таңдайтындай шамасы жоқ, ауылдың шетіндегі жұпыны үйге ат басын тірейді. Үй иелері қалжырап тұрған жолаушыны қабылдайды. Отағасының маңырамадан жеті-сегіз ешкісі бар екен. Бір серкешіне қонаққа бата жасатып, қонағасы беріп, қондырып аттандырады. Қонақ кеткен соң үй иесі аспанға қарап, қолын жайып: – О, хақ тағала! Шаңырағыма мейман жібергеніңе тәубе! Бір азаматтың алдында жерге қарамай, марқа болмаса да, серкеш сойып, бұйырған несібесін алдына тартқаныма шүкір, шүкір! – деп Жаратушыға да, өзіне де разы болып, көңілі көлдей шалқыпты. «Тәңір жарылқасынды» қайта-қайта айтып, қоштасып аттанған жолаушы ауылына аман-есен жетіпті. Келген соң ауылдастарына: «Жол азабын көріп, тарығып келе жатқанымда құдайым мені кісі қадірін білетін үйге кез келтірді. Сүйегіме дейін су өтіп, малмандай болған мені ат үстінен қайтармай, үйіне түсірді. Серкеш сойып күтіп, есімді жиғызды. Жасаған жақсылық берсін сол шаңыраққа!» – деп көңілі көк аспанға шыға мақтаныпты. Сөйтіп, бір серкеш екі ерді талтаңдатыпты, – деп Бәкең жатқа білетін әңгімесін айтып шықты. Ата пейілденіп рақаттана күлді. Осылай мейірленіп күлгенде көзге көрінбейтін сиқырлы сәулелер үйге толып кеткендей, айнала көріктеніп сала береді. Алды қатты, өңі сұсты көрінетін атам жарқ етіп жадырап күлгенде қалтқысы жоқ жас баладан аумай қалады. – Тек қазақтың жаратылысына жарасып тұрған қасиет қой бұл! – деп ата ұшатын қырандай қомданып, екі иығы көтеріліп кетті. – Құдайдың құдіреті, әлгінде біз қонақ туралы сөйлеп отырғанбыз. Сенің серкешің соның жалғасындай ұласа кетті. Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса, берген жақсы. «Жасырғаның жоғалар, бергенің оралар», – деп отырушы еді әжем марқұм. Ол кісі: «Берген үйде береке бар. «Берекем» деген – періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар, «біте» деген – шайтанның аты. Пиғылы түзу адал адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады. Кіргеннің берекесін періштелер қорғап тұрады. Пейілден ортаймаңдар, мұқтажға қол созудан танбаңдар», – деп отырушы еді рахметлік. Айналып келгенде мұның бәрі – халқымыздың даралығы мен дарқандығы. Солай ма, Баха? Зейнеп АХМЕТОВА, «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді.

Кітаптың пайдасы
Мәдениет оқылған кітаптардың санынан емес, түйген ой-түсініктердің жиынтығынан көрінеді.
* * * *
Кітап оқыған жандар теледидар көретіндердің төбесінен қарап отырмақ…
* * * *
Кітапты көп оқыған сайын соғұрлым еліктеу де азая түседі.
* * * *
Кітапты кинодан артық десек, ең алдымен шексіз қиялдың сансыз бояулары ойға оралады.
* * * *
Адамдардың қатары екіге бөлінеді: кітап оқитындар мен кітап оқитындарды тыңдайтындар.
* * * *
Тиыннан теңге құралғандай оқылған әр кітаптан білім жиналады.
* * * *
Ми үшін кітап оқу — бұл да денеге жасалған физикалық жаттығу секілді.
* * * *
Ақылды болуға 10 кітап оқылса жеткілікті, бірақ, сол 10 кітапты оқу үшін мың кітапты тауысу керек.
* * * *

Кері байланыс.З. Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабын тауып оқимын дегендер жасыл түс, оқуға болады тырысамын дегендер сары, қызықпаймын дегендер қызыл түс көтереді.
Қазақ халқы бала тәрбиесіне бей-жай қарамаған. «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағы» деп бала тәрбиесіне аса зор жауапкершілік жүктеген. Ол туралы ел ішінде айтылатын қанатты сөздер мен тәмсілдерден көруге болады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі»,-дейді. Яғни, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. Отбасында алған тәрбиесі баланың адам болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Ұрпақ тәрбиесіне бірінші кезекте мән берген ұлтымыздың тәрбие туралы нақыл сөздерін назарларыңызға ұсынамыз.
Кітаптың пайдасы:
1.Телефоннан ойын бөлуге таптырмайтын құрал
2.Экраннан көзі ауырмайды
3.Кітап тіл байлығын молайтады,кітап оқыған бала әдемі сөйлейді.
4.Қазір Whats-App-та халықтың жетпіс пайызы грамматикалық қате жібереді. Ал, кітап сауатын ашады қатесіз жазуға үйретеді.
5. Интеллектуалды деңгейін , ой-өрісін өсіреді.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *