Эссе «Мен қазіргі заман педагогімін»

Жамбыл бастауыш мектебі

Шағын орталық тобының тәрбиешісі Айгүл Қинешқызы Қасанғалиева

Қазіргі қоғам қарқынды өзгеріп отыр, бұл білім беру жүйесіне де ықпал етіп, педагог қызметкерлерге жаңа талаптар қояды .Қазіргі заман педагогі деген кім? Менің пікірімше, педагог – өзінің кәсіби білімін тәжірибемен тиімді ұштастыра білетін, жаңашыл, ақпараттық ағында өз қызметін жетілдіретін, балалардың жан дүниесін танып, түсініп, бар жылуын сыйлаған тәрбиеші, білікті маман.

Педагогтің қоғамда алатын орыны зор. «Педагог» терминінің өзі – ұстаз, мұғалім, тәрбиеші сөзімен айқын түсіндіріледі. Педагог адамзаттың, қоғамның болашағын анықтайтын жауапты маманның бірі.

Заманауи қоғамдағы педагогтің ролі қандай? Мен қазіргі заман педагогі бола алдым ба? Әрбір кәсіби құзыретті педагог осы сұраққа жауап берердей қызмет етуге қадам жасайды.

Қазақстан Республикасында қабылданған «Педагог мәртебесі» Заңы да заманауи педагогке қойылатын талаптарды айқын қарастырған. Педагог алдында өз қызметі саласында тиісті кәсіби құзыреттерді меңгеру, өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру міндеті қойылды. Осы Заң аясында замануи педагог мәртебесін өзіміз құрметтеуге және қоғам сұранысына жауап беруге тиіспіз.

Міне, осы жауапкершілікті арқалаған менің мамандығым — мектепке дейінгі ұйым (шағын орталық) тәрбиешісі. Тәрбиеші мамандығын таңдаудағы себебім, бұл өте қызықты, әрі жауапты мамандық, яғни мен балаларды жақсы көремін, ал балалар мені жақсы көреді және менен әрдайым қандай да бір жаңа нәрселер күтеді, ал мен болсам олардың балалық өмірімен бірге өмір сүремін, табыстары мен әр жетістігіне қоса қуанамын.

Мен жаһандану үрдісіне қанат жайған мемлекетіміздің ертеңгі болашағы болатын балабақша бүлдіршіндерін тәрбиелеумен оқу-білім қайнарымен сусындататын осынау абыройлы мамандығымды ерекше мақтан тұтамын.

Бала тәрбиесімен айналысатын әрбір педагогтің алға қойған мақсат-міндеті мен педагогикалық ұстанымы болуы керек. Менің өмірдегі ұстанымым-жүрек қалауымен таңдаған жұмысыма жауапкершілікпен қарау.

Бес асылымыздың бірі М.Жұмабаев: «Тәрбие-адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру» -деген екен. Сондықтан біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.Біз мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілері тәуелсіз,татулығы жарасқан,байтақ мекеннің болашағы үшін құстың қанатындай су болсада көмегімізді тигізіп жатырмыз деген мақтаныш кеудемді кернейді.

Заманауи тәрбиеші — өз мамандығын сүйетін өз ісінің шебері, ізденімпаз, жаңашылдыққа ашық және өз шешімін қабылдай алатын тұлға болуы тиіс. Жеке тұлға ретінде ізденгіш, өз пікірін айта алатын, адамгершілігі мол, білімді, өз елін сүйетін, жан-жақты тұлға болуы керек.

Пікірімді түйіндей келе, тәрбиеші мамандығымды шексіз мақтан тұтатынымды және осы таңдаған жауапкершілігі мол қызмет жолында бар білімім мен тәжірибемді аямайтынымды, қалтқысыз еңбек ететінімді айтқым келеді.

 

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *