«Тәуелсіздік – тірегім»

PHD доктор, Тұран университеті аға оқытушы Джумабаева Карлыгаш

Биыл Тәуелсіздік құрдастары oйы тoлысқан oтыз жасқа толды. Жер бетінде мыңдаған ұлт пен ұлыстар бар екені мәлім. Біз дербес мемлекет құру бағытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Ұлы Далада күллі Еуразия құрлығын уысында ұстаған алып мемлекеттер болған. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп-төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан — сол бабалардың заңды мұрагері. Біз əлемдегі ең мықты 50 елдің сабына еркін қосылып, енді ең қуатты 30 елмен иық тірестіруге бет алдық. Біздің басты жетістігіміз – Тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Азаттық жолында қазақ халқы қаңсырап бақты, бірақ қаза болған жоқ, сүрінді, бірақ құлаған жоқ, есеңгіреп бақты, бірақ есінен адасқан жоқ, еңсесін тіктеп, тек алға қарай ұмтылды. Міне, соның арқасында біз — Тəуелсіз Қазақстанды құрдық. Биыл егемен де, тəуелсіз болғанымызға 30 жыл болған екен. 30 жыл ішінде, Қазақ Елі үлкен жетістіктерге жетті. Бұл риге Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың арқасы деп білемін. Елбасымыз — еліміз тәуелсіздікті алғаннан бері елді ынтымақтастықта керегесін кең , терезесін өзге елдермен тең , шаңырағын биік ұстап келе жатыр. Қазіргі таңда Президентіміз елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін бар күш — жігерін салуда.

Ұлтыңды сүю, оның азаттығы мен қоса құндылықтарын қорғау – кез келген азаматтың парызы. Осы парыздың пайымына жете отырып аумалы-төкпелі кезеңдерде үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігіміздің бағасына жетудің маңызы ерек. Олай деуімнің себебі – Тәуелсіздік біздің басты тірегіміз! Ал тірегіңе тірек бола білу – нұр үстіне нұр! Мәселен, мен өз ұлтымның азаттығын бағалауды оның терең тарихына үңілуден бастауды жөн санаймын. Өйткені, қай заманда болмасын тарих — болашақтың тұсбағары.

Тәуелсіздік алу қазақ үшін оңайға түскен жоқ. Оған тұнығы мен тұманы шендескен тарих дәлел. Өз басым тәуелсіздіктен кейін туылған буынның өкілі бола тұра, бұл егемендіктің қандай жолмен келгенін білемін. Қазіргі таңда біз алып жатқан білім, құзырымыздағы дүниелер барлығы дерлік бір кездері қазақ үшін қол жетпес арман еді. Ал қазір ше?! Қазір егеменді, еңселі елдер қатарындамыз. Шүкір! Мұның барлығы сенім мен бірліктің бірегейлігі деп ойлаймын.

Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендегенімізге биыл міне, отыз жыл… Бүгінгі күнгі Қазақстан – әлемдік аренада өзіндік лайықты орны бар, өсіп, өркендеп келе жатқан, саяси беделге ие Тәуелсіз мемлекет. «Қаз тұрып қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау отыз жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгіні бекем қаға білді» деп Елбасымыз айтқандай Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр.

Тәуелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекетіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту, дүние жүзіндегі ең беделді БҰҰ -на мүше болу, рәміздерімізді қабылдау бар еді. Біршама ауқымды шаруа тынды. Ата Заңымызға сәйкес қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік. Сондай ақ, халқымыздың әлеуметтік жағдайы біршама жақсарғаны белгілі. Бұған жыл сайын бой көтеріп жатқан балабақша, мектеп, оқу орны, зауыт-фабрикалар дәлел бола алады.

Күні кеше ғана Сербияда өткен бокс Әлем чемпионатында тәуелсіздікпен құрдас спортшы азаматтарымыз Сәкен Бибосынов, Теміртас Жүсіпов, Махмуд Сабырхан жерлесіміз Абылайхан Жүсіповтер көк байрағымызды аспанға желбіретіп, жеңісімен әлемді мойындатып, әнұранымызды шырқатып, тәуелсіздігімізге тамаша сыйлық жасағаны баршамызды қуантты. Осындай жетістіктеріміз көп болсын деп тілейікші!

Қазір «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы бойынша ауқымды істер атқарылуда. Бүгінгі күні мемлекетіміздің халықаралық аренада өзінің лайықты орны бар, әлеуметтік экономикалық саласы нығайып, өркен жайып келеді. Мұның барлығы ерен қажыр — қайратпен Елбасының бағдарлы, салиқалы саясатының арқасында жасалып жатқан үлкен еңбек. Әрине қиындықтар мен кемшіліктер жоқ деп айта алмаймын, түзетуді, орнына келтіруді қажет ететін олқылықтар да баршылық. Осыған сәйкес, мемлекеттік саясат, кез -келген сала өз кезегінде алдыға жылжуда… Сол көштің арасында біздей жастар да атсалысуымыз керек. Себебі, ата-бабаларымыздың азаттыққа деген ұмтылысы біздің жан-дүниемізді ұлтқа деген махаббатқа толтырды, ол махаббатың үлкен істерге жеткізетіні сөзсіз.  Мәселен, мен елім үшін не істей аламын? Оның гүлденуіне қалай атсалысамын? Бұл сұрақтардың жауабы бүгінмен ғана астасып жатқан жоқ, кешегі тарихпен тамырласып жатыр. Меніңше, ең әуелі ұлттық келбетті айшықтау бүтіндей бір халықты гүлдену дәуіріне бастайды. Ал «ұлттық келбет» дегеніміз не? Ол халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі мен мәдениеті. «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деп Ғ.Мүсірепов айтпақшы, ең әуелі тілдің ұлт болашағы алдындағы киесі жоғары. Тіл тәуелсіздігі – ой тәуелсіздігі деген тұжырымға терең бойлай отыра, баршамыз ұлттық құндылықтардың құрдымға кетпеуі үшін қызмет етуге тиіспіз. Бұл – менің жеке пікірім. Өйткені, Тәуелсіздіктің ғұмыры сол құндылықтардың өміршеңдігіне тығыз байланысты.

Қорытындылай келе, бүгінгі күн-ертеңгі тарих деген тұжырымды ойды алдыға тартқым келеді. Ал осы тарихты жасайтын Тәуелсіздіктің биік тұғыры – еркін ойлы, білімді жастар. Осы ойды әрдайым санасында сайратқан өскелең ұрпақтың қатарынан болайық! Өйткені біздің мойнымыздағы жауапкершіліктің жүгі ауыр. Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» болу үшін аянбай еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен азаматтарымыздың білімімен өлшенеді. Ел болашағы білімді ұрпаққа байланысты. Білім алу арқылы өз болашағымызды жарқын етіп, жалынды жырларымен жаһанды жаңғыртқан Мағжан атамыздың үмітін ақтайтынымыз даусыз. Терең білім – Тәуелсіздігіміздің, тәуелсіздік – біздің тірегіміз!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні // http: kk.wikipedia.org/wiki
    Аяған Б.Ғ., Әбжанов Х.М., Махат Д.А. Қазіргі Қазақстан тарихы. — Алматы: Раритет, 2010. — 448 б.
  2. Сұлтанов Қ. Серпінді кезең. — Астана: Елорда, 2005. — 608 б.
  3. Абрахманов С. Тәуелсіздік шежіресі. — Алматы: Атамұра, 2006. — 392 б.
  4. Назарбаев Н.Ә. «Тарих толқынында», — Атамұра, 1999
  5. Назарбаев Н.Ә. «Ғасырлар тоғысында», — Атамұра, 2003

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *