Тұрақтылық – тәуелсіз қазақстанның ұлы жетістігі

Хамзина Қарлығаш Мауеновна

Қазақстандағы саяси тұрақтылық, қолайлы хал-ахуал ел экономикасын өркендетуге, шетелдік инвестицияны тартуға молынан мүмкіндік жасайды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, біздің еліміз Мәңгілік Елге айналуы үшін аса қажетті нәрсе – тұрақтылық. Ал, тұрақтылыққа жетуге алғышарттар жасайтын тек экономикалық жетістіктер ғана емес, сонымен қатар, мәдениет пен өнердің жетістіктері, руханият саласындағы биік зияткерлік. Егер осы айтылғандар жүзеге асса, мемлекеттің өз мәнінде болашағының баяндылығы, келешегінің кемелдігі.

Ұлттың бүкіл рухани қазынасы, байлығынан бөліп алып қарауға болмайтын құндылық – оның тілі. Тіл – сол елдің кескін-келбеті, болмыс-бітімі. Тілге деген құрмет – елге деген құрмет. Тілді сыйлау – ұлтты сыйлау. Ал ұлт, халық – мемлекетті құрушы ғана емес, сол мемлекеттің тірегі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Демек, мемлекет өз тіліне өзі қамқорлық жасауы керек. Ал, барлық өңірлерде, аудан, қалаларда лауазымды, яғни, атқарушы билік органдарының өкілдері мемлекеттік тілдің өркендеп, дамып, қолданылу аясының кеңеюі үшін барлық мүмкіндікті толықтай пайдалана білу керек. Себебі, мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай, біздің республикамыздағы барлық этнос өкілдерін біріктіретін елеулі күш. Тек біздің елімізде қазақ тіліне жасалатын құрмет басқа ұлт өкілдерінің тіліне деген құрметпен шынайы ұласып отыр. Себебі, қазақ тілі – ұйыстырушы тіл. Қазақ тіліне деген құрмет қазақ халқының  ұлттық құндылықтарына, әдебиеті мен мәдениетіне, өнері мен әдет-ғұрып, салт-дәстүріне, қысқасы, ұлттық болмыс-бітім иірімдеріне деген терең құрмет. Егер біз, жастар, осы жайтты терең пайымдай алсақ, Қазақстандық елжандылыққа қол жеткізгеніміз болмақ.

Әлем елдері арасында Қазақстанның саяси тұрақтылығымен ерекшеленетіні мәлім. Бұл – аса қуанышты жағдай. Ал, саяси тұрақтылықтың негізі Н. Ә. Назарбаев жүргізіп отырған көреген әрі заманауи саясатта жатыр.

Республикада тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен өнерін дамытып,Республикада тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің өз мәдениеті мен өнерін дамытып, ұлттық тілінде білім алуына, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дамытуына барлық жағдай жасалған. Осыдан келіп, ортақ мәдениеттер тоғысы, тиімді тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа бастайтын алғышарттар туындайды.

Бұл мәселелердің елімізде оң шешім тауып келе жатқанына ТМД елдері ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі елдер қызыға қарайды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» — дейді халқымыз. Ұрпақ жалғастығымен адамзат баласы мың емес миллиондаған жылдар жасап келеді. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. «Надан жұрттың күні – қараң, келешегі – тұман», — деп М.Дулатов айтқандай, егеменді еліміздің тірегі – білімді  ұрпақ. Сусыз, құрғақ, таса көлеңке жерге дән ексең өнбейтіні сияқты, жас ұрпақтарымызды тәрбиелемесек – өспейді, өнбейді.Міне, өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбексүйгіш, абзал азамат болып өсуі үшін халық педагогикасының негізгі мақсатын шығармашылықпен оқу-тәрбие үрдісіне тиімді пайдалану әрбір ұстаздың міндеті болып табылады.

Зерттеушілердің пікірінше, болашақ қоғамдағы әрбір азаматтың міндеті – «мамандардың бүкіл өмір бойы білім алуы» болады. Бүгінгі білім парадигмасына сәйкес оқытудың басты мақсаты өздігінен білім алып, дами алатын жеке тұлға қалыптастыру болғандықтан, қазақ тілін оқытуды ақпараттық білімдік ортада жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы тіл үйренушілердің қазақ тілінен қатысымдық дағдыларын өздігінен жетілдіріп отыруды өмірлік дағдыға айналдыруларына ықпал жасау көзделеді. Тіл үйрету үдерісінде компьютерді қолдану арқылы жасанды өзгетілді орта тудырылып, өзге тілді қарым-қатынас қамтамасыз етіледі, ақпаратты молынан алуға, өз бетімен тіл үйренуге жол ашады.

Осы орайда мемлекеттік тілді қолданылу аясын кеңейту, оған байланысты іс-шараларды жүзеге асыру тарапында бірнеше ой-пікірімді білдірген жөн деп есептеймін.

  1. Мемлекеттік тілді Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері, олардың ңшңнде орыс тілін ғана меңгерген қазақтар да бар, міндетті түрде меңгеруі қажет. Себебі, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ендеше, оған деген құрмет, оны меңеру – қазақ сияқты жергілікті халыққа жасалған құрмет.
  2. Көптеген халықаралық терминдерді жаппай қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын балконды – қылтима, фонтанды – шаптырма деп аударып, баспасөз бетінде аудармашылардың күлкіге қалғаны рас. Тіпті сынып деп класс сөзін аударғанымыз, пайыз деп процент сөзін аударғанымыз да бәлендей қисынға келе қояр ма екен? Әрине, бұл – менің жеке пікірім.
  3. Егер қазақ тілін ұйымдастырушы күш деп қабылдасақ, оны саяси тұрақтылықтың еліміздегі бірден-бір кепілі деп білсек, бұл санаттағы атқарылатын бүкіл кешенді істер осы мақсатты бағыт ретінде ұстау қажет.

Тіл – тұрғылықты халықтың рухани қазынасы. Яғни қазақтың құндылығы. Баға жетпес асылы.

Елбасы атап өткендей, республика мектептерінде қаза тілін оқу, оны үйрену, жетік меңгеру – басты міндет. Сонымен қатар, БҰҰ да тіркелген жетекші тілдердің бірі – орыс тілін де білген абзал. Ал, ағылшын тілі – халықаралық тіл. Оны меңгерген мақтаныш әрі қандай құрметке болсын лайық. Сондықтан да Мемлекет басшысы атап өтендей, республикамызда үш тұғырлы тіл бағдарламасы аясында мектептерде үш тілді оқыту басталды. Тек бір нәрсені есте ұстау керек сияқты. Елбасы бір тіл емес, үш тілді меңгерсек мерейіміз биік болатынын өте дұрыс айтты. Алайда Елбасы үш тілдің ішінде қазақ тілінен басқа екі тілді міндетті түрде бірінші класстан бастап оқыту керек деген талап қойған жоқ. Ендеше, бұл мәселені ойластыра отырып, кеңесе келе, қай жастан бастау керек екенін ғылыми, психологиялық тұрғыдан пайымдай келе, ұтымды шешім қабылдаған жөн деп ойлаймын.

Қазір біздің елімізде кейбір өз ана тілін білмейді деп сөгу үрдіске айналған. Тіпті оларды «қара орыс» деп атау да жиі кездеседі. Менің ойымша, олай істеу бәлендей дұрыстыққа жатпайды, себебі:

а. Өз ана тілін білмейтіндер мен өз ана тілін менсінбейтіндердің ара жігін ажырата білгеніміз жөн. Ана тілімді білсем екен деп талпынатындарды жан-жақты қолдауымыз керек. Олар ұзақ уақыт бойы «орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген қағида аясында болды. Орыс мектебінде оқыды, ойлау жүйесі орысша қалыптасты;

ә. Егер қазақ ұлтының түрлі себептермен өз ана тіліне білім ала алмағандарын шетқақпай жасап, сипаттап шығаруға тырыссақ, оларға түрлі ат қойып, айдар тағып, кінәлаумен болсақ, біз тұтастықтан, бірліктен айырар қауіпті жолға түскен боламыз. Ендеше, екі түрліұлы міндетті жүзеге асыру жолында еңбек еткеніміз абзал:

  1. Мемлекеттік тілді қажеттілікке айналдыру – мемлекеттік міндетке жататын фактор екеніне ден қою.
  2. Үш тұғырлы тіл бағдарламасында қазақ тілі ұйыстырушы фактор екендігін пайымдау.

Қорыта келгенде, жоғарыда айтылғандардың еліміз алдында тұрған асқаралы міндеттердің тек бір парасы екеніне ғана назар аударуды көздедік және олардың саяси тұрақтылықтың арқасында ғана өз мақсатына жететінін баса айтқымыз келеді. Тек сонда ғана елімізде Мәңгілік Ел идеясы жүзеге аспақ.

 

Әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н. Қазақстан халықтары Ассамблеясының 1-10 сессияларындағы баяндамалары жинағы.
  2. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: «Атамұра» баспасы, 1999.
  3. kz сайтынан алынған кейбір деректер

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *