Түс атауларының көркем әдебиеттегі мағыналық сипаты мен көрінісі.

Символист — жазушылардың мифопоэтикасының басты ерекшелігі дүниені қабылдаудың әртүрлі элементтері мен аспектілерін синтездеуге үндеу болды, Бұл әлемге эстетикалық құбылыс ретінде тұтас көзқарасты білдіруге мүмкіндік берді. Олар музыка мен кескіндеменің, кескіндеме мен поэзияның, поэзия мен музыканың, соның нәтижесінде түс пен дыбыстың өзара байланысы арқылы өнердің барлық түрлерін байланыстыруға ұмтылды. Символистер адамның түс қабылдауының бірегей мүмкіндіктерін пайдаланды. Ежелгі заманнан бері әртүрлі халықтардың мәдениетінде әрбір түс белгілі бір психологиялық күймен, эмоционалдық «нотамен» байланысты болды. Түс мәдени дамудың ерте кезеңдерінен-ақ символдық мәнге ие. Бастапқыда адамдар тек екі түсті қолданды  және қазақ танымында  — ақ және қара концепциялары  сәйкесінше қарама-қарсы ұғымдарды білдірген: аспан мен жер, жарық пен қараңғылық, ер мен әйел, бақыт пен бақытсыздық, жақсылық пен зұлымдық, өмір мен өлім. Қоғам өзінің даму жолында ілгерілеген сайын түс таңбаларының палитрасы байып, әртүрлі халықтар арасында түстік символизм тілдік сипаттағы жүйелерге айналды. Түрлі-түсті белгілердің көмегімен қоғамдық өмірде ақпарат берілді. Қазақ танымында түстің мағынасы мен анықтамасының жүйесі болды, ал өркениеттердің дамуы неғұрлым көп болған сайын, түстердің белгілі бір реңктері алуан түрлі мағыналар мен коннотацияларға ие болды.

Қазіргі эстетикада, өнертануда, психологияда және әдебиетте түстің адамның сезімдері мен ойларына әсерін зерттеу жалғасуда. Түс семантикасының мүмкіндіктері символистердің де назарында болды. Бұл мәселеге қазақ лингвистикасында Ф.Н. Дәулетов, А.Т. Қайдаров зерттеулер жүргізе отырып, түстердің этнолингвистика мен лингвомәдениеттегі ерекшелігі туралы жазды. Жалпы, поэзия мен мәдениеттегі бояу поэтиканың құрамдас бөлігі ретінде 20 ғасырдың басында күшейе түсті.

Қазақ әдебиеті жазушыларының шығармаларында өңбояуларға байланысты заттың белгілі бір атауы оның тек қана түр-сипатын, сыртқы кейпін аңғартумен ғана шектелмей, өмірдің қарама-қарсы пәлсапалық ұғымдарын ауыспалы мағынада танытады. Мәселен, Жұмекен Нәжімеденовтың «Қоңыр түс» өлеңіндегі «Қоңыр жолға түсіп мен өстіп – қоңырқай ой берер емес түк» деген жолдарын мысалға алайық. Бұл өлең жолдарындағы «қоңыр» сөзі тек қана түс пен реңк мағынасында емес, сонымен қатар «қоңыр күпі», «қоңыр төбе», «қоңыр ару», «қоңыр ымырт», «қоңырқай ой» тіркестері өлеңге өзіндік мән үстеп, қазақ халқының бойына тән жуастығын, қарапайымдылығын , сабырлылығын бейнелеп, өлеңге стильдік мән беріп тұр.

Түр-түсті қолдануда әр ақын-жазушының өзіндік талғамы, стильдік ерекшелігі болады. Бұл ерекшелікті біз М.Әуезов шығармаларынан байқай аламыз. Біздің байқауымызша, жазушы сан алуан түр-түсті білдіретін сын есімдерді әсіресе қара, сұр, ақ реңктерді өз ретіне лайықтап өте жиі қолданған. Бұл, әрине, шығарманың сюжетіне, уақиғасына т.б. ерекшеліктеріне байланысты болуы да мүмкін. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы — табиғаттың әсемділігі мен сұлулығын, көрікті де әсем көріністерін өте шебер суреттейтін туынды. Әсіресе пейзажды суреттеуге келгенде, автор палитрасынан ахроматикалық (ақ, сұр, қара) түр-түсті білдіретін гамма бояудың сан алуан реңктерін түгел табуға болады. Мәселен: Аспанда ұсақ Айналадағы ақ мамық бұлттар қалқиды. жазық пен төбешіктің бәрі де алқара көк.

Өң-түс атауларын Төлеген Айбергеновтің шығармаларында кеңінен кездестіре аламыз. Әсіресе, ақ, көк, қара сонымен қатар қызыл түстердің атауларын көптеп қолданған . Мысалға алатын болсақ, қара түс қараңғылықтың, сәтсіздік пен жамандықтың белгісі ретінде танылса, ақын поэтикасында «қара шаңырақ», «қара домбыра», «қара қазан» тіркестеріндегі қара түс  қасиетті, киелі деген ұғымды  аңғартады. Ұлтымыз жай ғана «қазан» емес, «қара қазан» деу арқылы оның ұлт мәдениетіндегі берекелі және қасиетті тіршілік құралының маңызын қастерлеп көрсетеді. Ал қара сөзінің антонимі болатын ақ түс ақын шығармаларында пәктік пен адалдықтың символы болып табылады. «Мен жалпы ақ перзенті болсам керек, үміті үзілмейтін дүниенің» деген жолдарда «ақ  перзент» тіркесі бейкүнәлілік пен тазалықтың нышаны ретінде көрсетілген. Ауызекі әдебиетіміздегі «ақсақал», «ақ бата», «ақ жол» ұғымдары «көрегендік», «өсиет», «өнеге», «жақсылық», «қадірлілік» концептілерін үстеп тұр.

Қорыта айтқанда, әдебиетіміздегі ахроматикалық тіркестердің қолданылуы халқымыздың тұрмыс тіршілігін, дүниеге көзқарасын, психологиялық өрісін аңғартатынын білгеніміз дұрыс. Түс адам бойында әртүрлі эмоциялар мен ассоциацияларды тудыруға қабілетті, сондықтан түс символизмі – әлем тереңдігінің сырын ашудың бір әдісі. Ұлт мәдениетіндегі табиғат, тұрмыс, салт, дәстүр және қазақ халқына тән белгілерді түс атауларымен, мағыналарымен байланыстыра ұштастыру әдебиет майталмандарының  шеберлігін айқындайды. Табиғат құбылысын суреттеуде де, әлеуметтік уақиғаның мән-жайын, кейіпкерлердің бет-әлпетін, ішкі жан дүниесін, психологиялық қалпын сипаттауда сөз зергерлері тіліміздегі түр-түсті суреттеуде әр түрлі мағынада аса бір шеберлікпен орынды пайдалана білген. Бұл оқырманды ерекше бір тебіреніс күйге келтіріп, эстетикалық рухани азығын молайта түседі.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *