Топтық презентация туралы рефлективті есеп

Акмарал Мусиева

«Білім беру мен білім алудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы базалық ІІІ  деңгейдегі біліктілікті арттыру курсының алғашқы күні. 9 сәуір күні таңертең Н.Тілендиев атындағы Кіші Өнер Академиясында курстың ашылу салтанаты болды. Әрбір сөз алған білім қызметкерінің сөзінен жаңа бір толқынның, жаңа бір жаңалықтың басталғалы тұрғанын сездік. Астанадан оқып келген тренерлеріміз тіпті бұл курстың әнұранын да дайындап қойыпты. «Армандастар» әуеніне жазылған бұл әнұрандыы бәріміз жақсы көңіл-күймен айтып шықтық.

Бұл қалай болар екен,басталғалы тұрған дәріс қалай болар екен деген ой жетегінде түсқайта сабаққа келдім. Отыз адамнан тұратын тобымызды үш тренер басқарды. Тренерлер өздерін  Хайруллина Света Хояшқызы, Ахметова Рухас Мұқажанқызы және Есбосынов Наурызбек Мурсалимұлы деп таныстырып,содан соң Рухас Мұқажанқызының айтуымен барлығымыз топтаса үлкен шеңбер құрдық. Сөйтіп әр адам өз атын, оның қойылу себебін және өзі туралы мағлұмат берді. Азғантай уақыттың ішінде бір-біріміз туралы біле бастағандаймыз. Сонан соң Рухас Мұхажанқызы қолымызға түрлі-түсті қағаздар таратты, сол таратылған қағаздар бойынша біздер алты түрлі түспен бес шағын топтарға бөліндік.  Алғашқы тапсырма берілді. Барлығымызға ортақ, нан пісіру технологиясы. Сөйтіп біздер әр жерден жинақталған топ мүшелері өз жұмысымызды бастап кеттік. Айтып өткендей біздің  шағын топ алты адамнан тұрады. Олар:Гулмира,Гүлбаршын,Райлы,Амангүл,Эльза және мен. Берілген тапсырмаға сәл ойлана түсіп оны орындауға кірістік. Әр адам өз пікірімізді айта отырып өз «нанымызды» пісірудің жолдарын постерге жазып және суретін салдық. Және басқа да топтардың нан пісіру технологиясын тыңдай отырып олардың шығармашылық жұмыстарын көрдік, өз жұмыстарымызды салыстырдық. Одан әрі біз құрылған әрбір шағын топ өз ережелерімізді құрдық.  Онда әр топ өз ережелерін түрліше құрды. Бірі қарапайым сөйлемдермен құрса, енді бірі өз ережелерін  қазақтың мақалдарымен өрнектеді. Біздерде өз ережемізді құрдық. Осылайша шағын топтардағы ережелерді жасай отырып жалпы топқа арналған ереже құрдық. Бұлай жұмысқа кіріспес бұрын ереже құру  тәжірибе барысында сыныптағы әрбір оқушыны тәртіптілікке, жауапкершілікке бағыттайтынын ұқтым.   Одан кейінгі берілген тақырып: Сапалы оқыту туралы не білеміз?  Осы тақырып аясында Үздік мұғалім қандай мұғалім?, Құзырлы мұғалім деп қандай мұғалімді айтамыз?  Деген сұрақтарға жауап іздедік.  Бірлескен жұмыстың нәтижесінде  «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы», «Мұғалім мектептің жүрегі»  деген пікірлерге сүйене отырып біз мұғалімді теориялық білімді, тәлімді тәрбиеші, саяси сауатты, нәзік психолог, адамгершілік қасиеттерге бай, жаңашыл, шығармашыл, өнерлі, сұлулықтың символы, ұлттық құндылықтарды насихаттаушы жанға баладық. Өзге топтарда өз түсініктерімен құзырлы мұғалімді суреттеді. Әр пікірдің құнды екендігін ескерсек қаншама нақты, көңілге қонымды пікірлер айтылып жатыр десеңізші? Бала жанының бағбаны мұғалім туралы осындай пікірде болсақ ендігі тақырып: Жақсы оқу үшін қандай факторлар қажет? Оң және теріс факторларды анықтадық.

Сонымен алғашқы күніміз аяқталды. Әрбір мұғалімнің көңіл – күйі көтеріңкі басқа курстарға ұқсамайтындығын сезінді.

10 сәуір күнгі алғашқы тақырып: Мәдениет аралық оқушы дегеніміз не? дегеннен басталды. Осы бағытта бізге  Наурызбек Мурсалимұлы әртүрлі конверттер ұсынды. Англия, Ресей және Қазақстан елдері туралы әр топ өз білгендерін ортаға салды. Еріксіз қызығушылығыңды оятатын осындай сұрақ төңірегінде әр топ өз пікірлерін ортаға салды. 1,3 топ Қазақ елін, 2,5 топ орыс халқының елін, 4 топ Англия елі туралы қызықты да қисынды ақпараттар берді. Жалпы осы күнді мәдениет күні десек те үйлескендей. Және тағы бір жайт Рухас апай «Мадақтау» тренингін жүргізді оған ортамыздағы  Ибатолла есімді мұғалімді ортаға шығарып әртүрлі мадақтаулар айтқызды. Бұл да  тұйық оқушыны ашуға жақсы әдіс екен.

Бүгін сәрсенбінің сәтті күні алғашқы іс-әрекет өз көңіл-күйіңді білдіретін смайлик салудан басталды. Әрине,бұны тездетіп-ақ салып тастадық. Жаңа тақырып: Мұғалімнің оқушыға және оған кеңес беруге көзқарасы. Тағы да шағын топпен жұмыс жасай отырып мінсіз оқушы туралы пікір алмастық. Психологиялық тұрғыдан мінсіз оқушыны зерттеуге тырыстық. Одан соң «оқыту және уәж» деген тақырыппен қарастыра отырып Маслоудың қажеттілік иерархиясымен таныстық. Бұл иерархияда балаға алдымен биологиялық және физиологиялық қажеттіліктер (негізгі өмірлік қажеттіліктер: ауа, тамақ, су, баспана, жылу, жыныстық қатынас, ұйқы және т.б.), қауіпсіздікке деген қажеттілілік, сүйіспеншілік және қарым-қатынасқа деген қажеттілік, өзін-өзі құрметтеуге деген қажеттілік, өзін-өзі іске асыру сияқты пирамида тәрізді қажеттіліктермен таныстық. Осы орайда топтарға әртүрлі оқушылар туралы тапсырмалар  берілді, бізге риза болған Сэмге мінездеме беру келді. Салли туралы оқи отырып ол оқушының дарынды, талантты, ынталы, бірақ кейде оның жіберген қателіктерінен көп адамдарды ренжітетінін,оның ғылымға құштарлығын және баға үшін барын төкпейтінін,бірақ кейде сыныпта қиын сұраққа жауап берер жалғыз оқушы екенін білдік. Және Маслоудың қажеттілік иерархиясына сүйене отырып өз ұсыныстарымызды білдірдік.Түстен кейін  мінсіз мұғалімге арналған мұғалім Мистер Кларк туралы  «Триумф» фильмін көрдік.  Кинодан алған әсермен үйге тарастық.

Таңертеңгі алғашқы пікірлесу кешегі мұғалімдіктің қыр-сырын ойына сіңіре білген адал да қарапайым мұғалім Мистер Кларк жөнінде болды. Оны жақсы жақтарынан әркім өзінше қабылдап, әлсіз тұстарын да сыни тұрғыдан бақыладық. Және оның жақсы қасиеттерін өзімізге жазып алдық.

  1. Оқушылардың әлеуметтік жағдайын зерттеді.
  2. Сынып оқушыларына еркіндік берді.
  3. Ереже арқылы ұйымшылдыққа тәрбиеледі.
  4. Балаларды мадақтады.
  5. Мұғалім өзін еркін ұстады.
  6. Балаға қызық әдіс-тәсілдерді өзі ойлап тапты.
  7. Әрбір баланы болашағына сендіре білді.

Осылайша киноны өз ойымызбен түйіндедік. Мен үшін киноның әсері зор болды.Мен өзіме кинода көрген мұғалімнінң кейбір қасиеттерінің жетпейтінін сездім.Әрмен қарай өткенімізге үңіліп әр күнге шағын есеп жасадық. Топтық жұмыстың артықшылығын байқадық. Сынып ережелерінің түрлерін қарастырдық.Одан соң  Рухас Мұқажанқызы  берген әртүрлі қиық суреттерінен үлкен сурет құрастырып ешкім мында барасың демей-ақ үнсіз келістік.  Одан әрмен жаңа тақырыпқа көштік. Құндылықтар мен ұстанымдар, тәжірибедегі стратегиялық іс – әрекет. Мұнда әр топ өз түсінігімізше постерге салынған суреттерімізді  қорғадық. Бір – біріміздің  қасиет, іс – әрекеттерімізді  байқау барысында интервью әдісімен сұхбаттасып, жұптасып жұмыс істедік.

Аптадағы қасиетті күн жұманы «Сыныптағы психологиялық ахуал» деген тақырыппен бастадық. Сабақты бастаған Рухас Мұқажанқызы  топтағы шеңберде әрқайсымызға таңғы көңіл-күйді білдіру үшін 2 минут смайлик жасау туралы айтты. Менің ойымша бұл әдіс балалар үшін қызықты болатын секілді. Әрмен қарай көзімізді жұмып жүріп  біз үш дегенде үшеу, бес дегенде бесеу болып топтастық. Осы жұптасқан бес адам әр түрлі мұғаллімнің бейнесін сомдайтын шағын көрініс қойдық. Біз қатал мұғалімді көрсеттік. Топтардың бірі өзімшіл  мұғалімді, жауапсыз мұғалімді және тағы да басқаларын көрсетті. Бұл өзіміз сомдаған көріністерді  көріп отырып ойнау шеберліктеріне күлсек, іштей осындай мұғалім болса оқушыға қаншалықты қиын екенін іштей түйсіндік. Осы көріністерден соң оқушы мен мұғалімнің әр түрлі бейнесін талқылап, әрқайсымыз өзіміздің сабақ беру әдістеріміз бен өзімізді ұстау мәдениетіміз қаншалықты деңгейде екеніне іштей баға бергендей болдық. Әрмен қарай мұғалім – оқушы әрекеттестігі, оқушыға өзі білмейтіндігін өзі мойындауы және басқалардың алдында мойындауы маңызды екенін түсінуге қалай көмектесе аламыз деген сұрақтар төңірегінде қарастырдық. Соңында болашақта оқу қандай болмақ? деген ресурсты үйге алдық.

«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана шәкірт жанына нұр құя алады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай мұғалімнің ізденісі, жан-жақтылығы төмендегі қызметтерді жүзеге асырумен анықталады: болжау, ұйымдастыру, бақылау, реттеу, үйлестіру, сәйкестендіру, белсенділігін арттыру, зерттеу.

Осы ұғымдардың барлығымен осы курс барысында ретімен таныстық.Алабұртқан көңілмен келген әр адамға өзіндік сенім ұялап аптаны аяқтадық. Не болады?, қалай болады?, қандай болады? деген сансыз сұрақтарға үнсіз жауап тапқандаймыз. Ешкім тап осылай жасайсың деп айтпаса да ертең-ақ осы әдіс-тәсілдерді сыныпқа барып, өзімнің  оқушыларыммен тәжірибемді бөлісетінімді іштей болжап та қойдым. Апта көңілді өтті. Әдіс-тәсілдерді үйренумен қатар жаңа таныс, жаңа орта таптым.Бір отбасыынң адамдары секілді бірігіп жұмыс жасағанымыз қатты ұнады.Аптаның басындағы үрей,белгісіздік, тартыну сияқты сезімдер мүлде жоғалды. Алдағы аптадан да осындай жақсы жаңалықты күттім.

Жалпы топта жұмыс жасау әр бір білім алушы үшін өте құнды болып табылады. Себебі қолмен ұстап, сезініп жұмыс жасап көргендіктен топтық жұмыстың үлкен артықшылығы бар деген шешімге келуге болады. Топта жасалған жұмыс, талқыланған тақырып бір адамның ойынан гөрі көлемді шығады. Топпен жұмыс жасағанда мұғалімдер бірігіп әр-бірі өз ойларын ортаға салып, бірін-бірі білгендерімен толықтырып отырды. Өздері ортаға салып жинақтаған ойларын арнайы берілген постер бетіне түсіріп және де постерлерге әр түрлі қиалдарымен ерекшелендіре түсірді. Сонымен қатар, постерді ортаға салып қорғауда бір мұғалімнің арқасына түскен жүк болғанымен, топ мүшелерінің ортаға салып талқыланылған оймақтай ойлары еді. Сонымен топтық жұмыстың түпкі мақсаты мұғалімдерді біріне-бірі үйрену, ауызбіршіліктің болуы, пікір алмаса білуге дағдылануы, біреудің ойын тыңдай білуге дағдылану сайып келгенде нәтижелі білімге қол жеткізу болып табылады.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *