Сабақтан тыс шаралар – бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекеттерін қалыптастырудың құралы

Адамбекова Жұлдыз Боранбаевна

І.Тәрбие тал бесіктен басталады

Адамның сана-сезімі, мінез-құлқы іс-әрекет үстінде дамиды, ал бұлардың негізі балалық кезде қалыптасады. Халқымыз өз ұрпағын дүниеге келгеннен бастап жақсы қасиетке баулуды үнемі негізгі мәселе деп санап келген. Болашақ ұрпағын бесік  жырымен әлдилеп, әнімен тербете отырып, оның жан-жақты дамуын, есен-сау жетілуін, ел азаматы болуын ойлайтын ата-бабамыз бала зейінін сөз мәніне аудара білген, өнегелі болуды құлағына құйып, көкірегіне тоқуға баулып отырған. Халқымыздың сөз өнері бала жасына лайықтала термеленіп, зердесіне жетерлік мағынада құрылғанын көру оңай.

Егер халқы даналығына зер салсақ: «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай сөйлесең көрсетер бір өнер», «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп баптау жетілдіреді» дейтін мақалдардан баланың оқу-танымдық іс әрекеттерін қалыптастыру ата-анаға, тәрбиешіге байланысты екенін көреміз. Мақал-мәтелдер, жаңылтпаш, жұмбақтар, ертегілер, аңыз әңгімелер, батырлар жыры – халық ауыз әдебиетінің ерте заманнан келе жатқан, атадан балаға мирас болып кір шалмайтын, тот баспайтын өнегелі бабалар өсиеті. Бұлардың әрқайсысының бала тәрбиесінде алатын елеулі орны бар. Жас ұрпақты ақыл-парасатқа, өнегелі істерге, мәдениеттілікке, шешендікке баулитын мақал-мәтелдердің маңызы зор. Жаңылтпаштар баланы дұрыс сөйлеуге, ойлауға үйретумен қатар, айналасындағы неше алуан көріністермен, өмірмен таныстыруға жәрдем етеді. Жаңылтпаштарды қолданған кезде құрылысы жағынан ықшам, жаттауға жеңіл тиетіні, ұйқасы күшті, әуенді және мазмұны күлдіргі болып келетіні баланы қатты сүйсіндіретінін де естен шығармаған жөн. Жұмбақтар – жас буынның ақыл-ойын, тапқырлық әрекетін дамытуға бағытталған асыл мұра. Жұмбақтар құпиясы баланы қызықтырып, әсерлендіре түседі, шешімін тауып айтқызу баланың ақыл-есін, дүниетанымын кеңейтіп, ұшқыр ойын шынықтырып, іске, әрекетке баулиды, зейін, ықыласын арттырады. Күнделікті сабақта және сабақтан тыс шараларда  осы халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларын пайдаланып отыру баланың оқу-танымдық  қабілетін арттырып, шығармашылыққа жетелейді.

«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, руыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» демекші, ата-бабамыз ұрпақ тәрбиесіне жіті көңіл бөлген. Әр сәби өз халқының сөз өнерін, халық ауыз әдебиетін, ана тілін, тәлім-тәрбиесін, дүниетанымын меңгеріп, жан-жақты дамытылуы тиіс. Әрбір мектеп бітіруші түлек өз ұлтының дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын тамашалаушы, қызықтырушы ғана емес, өз бойына сіңіріп, нағыз қазақ жігіті, нағыз қазақ қызы дерліктей дәрежеге жетуі керек.

 

ІІ. Бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыру жолдары

Бала жасынан еліктегіш, арманшыл, қиялшыл, әр нәрсеге құмар, әуесқой, тынымсыз зерттеуші. Есейген сайын білсем, көрсем, үйренсем деп әрекет етуге ұмтылып, қоршаға ортамен, адамдармен, заттармен қарым-қатынасқа түсуді қалайды. Ж.Баласағұни: «Балалығын тыйған, оның есейгендегі даналығын тыйғанмен бірдей» демекші баланың отбасында қалыптасқан қызығушылығын мектепте одан әрі жетілдіре түсу керек. Баланың еркін сөйлеуіне, өз ойын жеткізе білуіне жол аша білуміз керек. Бала өзінің жан дүниесіне үлкендердің өктемдігін сезінсе, ашылмай тұйықталып қалады. Ш.Құдайбердиев білім беруде шәкірттің ойлау белсенділігін, ақыл-парасатын дамытуды басты бағдар деп таныды. Берілетін білім мен оның тәлімдік-тәрбиелік ғибрат жолын бөлмей бірлікте қарауға ерекше мән берді. Демек, берілетін білім де, тәрбиелік тәлім де баланың шамасына үйлеспесе, нәтиже шықпайтынын дөп баса айтқан: оқыту мен үйрету зорлау, күштеу емес, баланың дербес ерекшелігі мен бейімділігіне қарай жүргізілсе дұрыс болады.

А.Байтұрсынов «Бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалім балаға жұмысты әліне қарай шағындап беру мен бетін белгіленген мақсатқа қарай түзетіп отыру керек» деп атап көрсетті. Осы уақытқа дейін күнделікті сабағымызда қарапайым нәрселерді сұрау, жаттанды жауап алу арқылы көп уақыт жібердік. Оның орнына баланы ойландырып, өмірден алған білімін пайдалануға ықпал етуіміз керек. Тек сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс шараларды өткізу арқылы да баланың оқу-танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыра білуіміз қажет. Яғни, баланың біліммен қатар танымдық деңгейінің артуы да қарқынды адыммен алға басып отыруы керек. Ол үшін оқытудың алдыңғы қатарлы әдістемелерін қолданып, маңызды үрдістерін сақтап отыру шешуші роль атқарады. Ол үрдістің ең озығы – дамыта оқыту. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Дамыта оқыту мақсатының мәні зерттеушілік жағдайды туғызу арқылы білім алуға үйрету, өз бетімен ойлап, мәселенің дұрыс шешімін іздеп табуға талаптандыру. Баланы жақсы, нашар деп бөлмеу, бұл баланың жаратылысына қарама-қарсы келу.Егер баланың дені сау болса, оқу барысында ол қандай да бір дәрежеде дамиды. Тек соған сену керек, шыдамдылық көрсету керек. Мұғалімнің негізгі қызметі: мұғалім мәселе қояды, ойлаудың жолдарын ашады, әрекеттің барысына бағдар береді, жетектейді. Дамыта оқытуды тек сабақта  ғана емес, сабақтан тыс шараларды өткізгенде де қолдануға болады. Мысалы, тренинг, дебат, ертеңгілік, сынып сағаттарын өткізгенде баланың өзіндік ой-пікірін, көзқарасын, зерттеушілік, шығармашылық қабілетін байқап, бағыт-бағдар беруге болады.

Адамгершілік тәрбиесін берудегі негізгі мақсат – заманға лайықты дарынды да, қабілетті, туған елінің мүддесін ойлайтын азамат тәрбиелеу. Жас ұрпақ бойына патриотизмді, өзінің халқына деген сүйіспеншілікті, батырлықты, өжеттілікті, ата-анаға құрмет, өзара сыйластық, халық игілігі үшін өзінің барлық күші мен жігерін, білімін жұмсауды, имандылық, биязылық пен тектілікті егу керек.

Қазіргі заманда бала бойына пәндер арқылы ғылыми көзқарас қалыптастырудың маңызы зор. Әдебиеттік оқу сабағында баланың туған тілін қадірлеуі, ана сүті мен ана тілінің теңдігі ерекше талап етілуі керек. Тіл арқылы еліміздің тарихын, дәстүрін, ғылымы мен білімін, мәдениетін түсіндіреміз. Ол үшін ауыз әдебиетінің маңызын, ақын-жазушылардың дәлелді шығармаларын талдай отырып, адам ең алдымен өзі үшін өмір сүретінін, өзі еңбекқор, шыншыл, әділетті, білімді, парасатты болса ғана  егеменді еліне, жалпы қоғамға пайда келтіретіндігін санасына сіңіреміз. Осы мақсатта «Тәуелсіздік тірегі – білімді ұрпақ» атты тәрбие сағаты сағаты өткізілді.

Айналаға ғылыми және адами көзқарасты қалыптастыра тәрбиелеу үшін сыныптан тыс жұмыстардың әр түрлі үлгілерін пайдалану қажет. Патриоттық тәрбие  ата-бабадан ұрпаққа берілген Отансүйгіштігі, елімізде тұратын барлық ұлттардың достық, ынтымақтастығы негізінде жүреді. Ғасырлар бойы атаусыз келген хандар мен батырларымыз, билер мен жыраулар, ақын-жазушыларды үлгі тұтып, өшкенімізді жандырып, тірімізді асқақтататын мезгіл келді. Осы мақсатта өзім жетекшілік ететін сыныбымда М.Мақатаевтың «Қайран Қарасазым-ай» тақырыбында тәрбие сағатын өткіздім. Ақынның туған жерге сүйіспеншілігін білдіретін өлеңдерімен қатар, «Райымбек, Райымбек» поэмасы бойынша сахналық қойылым көрсеттік. Бұл тәрбие сағатын өткізудегі мақсатым бала бойында патриоттық сезімді қалыптастыру болды. «Жігітке жеті өнер де аз» тақырыбында ұлдар сайысы ұйымдастырылды. Бұл сайыста ұлдардың ата-баба дәстүрін жалғастыра білудегі білімі мен біліктілігі сынға алынды.

Наурыз мерекесіне байланысты  ата-анамен ынтымақтастықты арттыру мақсатында өткізілген  «Күннің аты — Ұлыс» атты тәрбие сағатының өнегелік мазмұны зор болды. Балалар Наурыз мерекесі, наурыз айтысы, жастардың сәлемі, үлкендердің қабыл алуы, наурыз батасы жайлы көптеген мағлұматтар алды. Бұл тәрбие сағатын өткізуде ата-аналардың көмегі зор болды. «Қыз сыны» байқауы өткізіліп, қыздардың ақылы мен парасаттылығы анықталды.Сонымен қатар халқымыздың аңыз-әңгіме желісі бойынша «Ырыс алды — ынтымақ» атты сынып сағаты өткізіліп, сахналық қойылым көрсетілді. Мемлекетіміздегі өзге ұлттармен достық, ынтымақтастық қарым-қатынастың маңыздылығы түсіндірілді.

Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Денсаулық – зор байлық», «Есірткіге жол жоқ», «Шынықсаң шымыр боласың» атты сынып сағаттарыөткізілді. Оқушылардың шығармашылығын дамытуда «Іздену ізгі қасиет», «Кім болам?», «Достық – татулық белгісі», «Өмір сүру – өз қолыңда»  атты тренингтер жүргізілді. Оқушылардың сенімді көзқарасы, өзіндік ой-пікірлері мені де ізденіске жетелейді.Құқықтық тәрбие беру мақсатында «Тәуелсіздік тұғыры – Ата Заңым» атты сынып сағатында мемлекетіміздің конституциясының адам өміріндегі маңыздылығы жайлы түсінік берілді.

 

ІІІ. Бала тәрбиесіндегі сынып жетекшісінің атқаратын ролі

«Адамның адамшылығы – ақыл,  ғылым, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абай айтпақшы, баланың жақсыны үйреніп, жаманнан жиренуін қалыптастыратын ата-ана, қоғамдық орта, сынып жетекшісі. Яғни, сынып жетекшінің міндеті – бүгін мектеп табалдырығын аттап отырған жас бүлдіршінді ертең егеменді елімізге қызмет ететін, ұлттық сана-сезімі оянған, жан-жақты азамат ретінде тәрбиелеу.

Мұғалім тек өз пәнінен білім беріп қана қоймай, оқу-танымдық іс-әрекеті қалыптасқан жан-жақты тұлғаны тәрбиелеуі тиіс. Балаға, оның сана-сезіміне, жан дүниесіне әсер ететін тәрбие мен сапалы білім берсе ғана одан болашақта ертеңіне сенімі мол азамат  шығатыны анық. Ал мектеп, мұғалім, сынып ұжымы баланың көпшіл болуына, жауапкершілікке тәрбиелейді. Абай атамыз да: «Адамға үш алуан мінез жұғады. Ата-анадан, ұстаздан, құрбысынан, әсіресе, солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» деген. Ендеше, жақсы болу, жақсылық жағынан бір-біріне әсер ету – осы «үш алуан адамның міндеті», ел, келешек ұрпақ алдындағы парызы.  Өнегелі тәлім-тәрбие, құнарлы білім алған баладан болашақта тек өз басын ғана емес, көпшіліктің, елдің қамын ойлайтын адам шығатынына сенімім мол.

Сабақтан тыс шаралар, мысалы ертеңгілік, сынып сағаты, тренинг, ойындар, сахналық қойылымдар, пікірталас, сайыс өткізу бастауыш сынып оқушыларының оқу-танымдық іс-әрекеттерін қалыптастырудың негізгі құралы болып табылады. Мұндай шараларға қатысқанда баланың әрбір еңбегі құр босқа жаттауға жұмсалмай, мағыналы әрі жүйелі болуы керек. Мұғалім тапсырма бергенде баланың қабілетіне, қызығушылығына көңіл бөлуі қажет. Баланың сөздік қорын байыту, сөйлеу тілін, сөйлеу мәдениетін дамыту, өзіндік ой-пікірін, ізденушілік қабілетін қалыптастыру да мұғалімнің міндеті. Сабақтан тыс шараларды түрлендіріп өткізу баланы өз бетімен ізденуге, іс-әрекет етуге  үйретеді. Баланың қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтан тыс шараларды өткізуде де ақпараттық технологияны пайдалануға тырысамын. Сабақтан тыс шараларға қатысу арқылы баланың ортамен қарым-қатынасы кеңейіп, оқу-танымдық қабілеті артады, мінез-құлқы қалыптаса түеді. Бала достыққа, жолдастыққа, сыйластыққа, іскерлікке, ептілікке, адамгершілікке тәрбиеленеді.

Мектебіміздегі тәрбие жұмысын жүргізудің бағыттарын басшылық ала отырып, бастауыш сынып оқушыларының қабылдау деңгейіне сай жұмыстар атқарып келе жатырмын. Алдыма қойған мақсатым – халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, халық ауыз әдебиетін, мәдениетін меңгерген, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеу. Баланың шығармашылық қабілетін бастауыш сыныптан бақылап, дарындылығына жол ашу, бағыт-бағдар беру.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *