Рухани – адамгершілік тәрбие беру жолдарының әдіс тәсілдері, формалары

Жаканова Асемгуль Кожахметовна

Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа — адамгершілік-рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезінен басталуы керек.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Рухани — адамгершілік тәрбие — екі жақты процесс.
Бір жағынан ол үлкендердің, ата-аналардың, педагогтардың балаларға белсенді ықпалын, екінші жағынан — тәрбиеленушілердің белсенділігін қамтитын қылықтарынан, сезімдері мен қарым-қатынастарынан көрінеді. Сондықтан белгілі бір мазмұнды іске асыра, адамгершілік ықпалдың әр түрлі әдістерін пайдалана отырып, педагог істелген жұмыстардың нәтижелерін, тәрбиелеушілерінің жетістіктерін зер салып талдау керек.Адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Халқымыз қайырымды — мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Қайырымды, мейірімді жан – өзгелерді, басқа адамдарды ойлап, соларға қол ұшын беруші жан.  Адамгершілік – адамның рухани арқауы.
Мұны адамгершілік туралы айтылған мақал-мәтелдерден байқауға болады. Үлкенді сыйлау адамгершіліктің бір негізі.  Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет.    Адамзаттық құндылықтар бала бойына іс-әрекет барысында, әр түрлі ойындар, хикаялар, ертегілер, қойылымдар арқылы беріледі. Ертегінің рухани тәрбиелік мәні зор. Ол балаға рухани ләззат беріп, қиялға қанат бітіретін, жас баланың рухының өсіп жетілуіне қажетті нәрсенің мол қоры бар рухани азық», деп атап көрсеткен. Сонымен қатар  мақал- мәтелдер, жұмбақтар сайысы адамгершілік тәрбиенің арқауы.  Қазақтың ән-күйлері сарынды, кең тынысты, шалқымалы болып келеді.Сондықтан ән-күй сайыстары,кештері  жанға жағымды нәзік әуендер адамға эмоционалдық — эстетикалық әсер береді.
Өлең-жыр. Ғажайып ғаламат сырға толы қазақтың өлең-жырлары адам жанын арбайды, үйлесімділік пен ырғаққа шырмайды, адам өмірі мен қоршаған әлемнің тылсым сырына үңілдіреді, рухани шаттыққа бөлейді. Баланың тілі шығып, хат тани салысымен ана тілінде жазылған нұрлы, қуаныш пен шаттыққа толы өлеңдерді естіп, тыңдап, оқып, айтып, тани береді.  Сонда бала жаны сүйіспеншіліктің, үміттің, сенімнің, арманның биігіне ұмтылатын болады.     Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бала тәрбиесі журналы
  2. Сарбасова Қ.А.Жаңа педагогикалық технологияларды пайдалану Бастауыш мектеп

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *