Оқу сауаттылығында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтардың өзектілігі.

Хошорбайқызы Сәулегүл

Ұлттық тәрбие алған ұрпақтың дені сау, ақылды, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, кішіпейіл болып өседі. Халықтың өмірін, рухын және тілдерінен тұратын ішкі заңдары, оның ұлттық мінезін, болмысын таныту бүгінгі таңда жастарымыздың тәрбиесіне берер пайдасы мол.

Отбасынан алған тәрбие балабақшадағы тәрбиемен, одан мектеп тәрбиесімен жалғасын табады. Мектеп тәрбиесінде ұлттық тәрбиеге, мемлекеттік тіл мен қоғамдық ой-мақсаттарға ерекше көңіл бөлінеді.Қазақ елінің болашағы жас ұрпаққа ұлтымыздың тектілігін, дасындылығын, кеңпейілділігін ары қарай дамыта отырып, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары арқылы сол құндылықтарды құрметтеуді, дінін, ділін берік ұстануды тәрбиелеуде және халқымыздың асыл қазыналарын сақтауды, қорғауды үйретуді тек мектепке дейінгі кезеңде және мектеп кезінде ғана оқытып қоймай, оны ары қарай да жетілдіру – негізгі міндетіміз.Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – ұлтымыздың болашақ азаматтарын рухы биік, адамгершілігі мол, саналы тұлға ретінде қалыптастыру. Заманауи тәрбие жүйесі қысыммен болмауы керек. Баланың өзі қатыспайынша, өз мүмкіндіктері мен табиғи дарынын біліп, өз алдына мақсат-міндеттер қойып, өзі әрекет етпейінше нәтиже шығару мүмкін емес. Сондықтан да тұлғаның өзіндік әрекеті мен оның өзін-өзі тәрбиелеуі – тәрбие жұмыстарының маңызды аспектілерінің бірі болып табыла-ды. Бұл мәселелерді шешуде, ең алдымен, отбасына, балабақша басшылығы мен тәрбиешілеріне, мектеп мұғалімдеріне үлкен міндет жүктеліп келеді.

Кез келген жұрттың өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – атадан балаға ұласып, күні бүгінге дейін өз маңызын жоймаған, күнделікті өмірімізден айқын көрініс тауып келе жатқан негізгі ерекшелігіміз.Расында да, ең құнды тәрбие – ұлттық тұрғыдан берілген тәрбие емес пе?! Сан ғасырлар бойы сараланған асыл құндылықтарға шынайы ізеттілік пен моральдық тұрғыдағы тәлім қосылса құба-құп болар еді. Халықтың дана өмір салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар жиынтығы қашанда маңызды рөлге ие. Осы себептен ұлттық тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік.

Қай ұлттың болсын баянды болашағы оның ұрпағымен тікелей байланыс­ты екені сөзсіз. Ол екеуін бір-бірінен ажыратып қарау әсте мүмкін емес. Ал­дың­ғы толқын «келместің кемесіне» мініп кеткеннен кейін елдегі барлық жауапкершілік түгелімен сол дәуірдің буынына түсетіні біз айтпасақ та белгілі жайт. Ендеше, ата-баба аманатын алысқа апаратын саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеу ісі бүгіннен кешікпеуі керек. Сонымен қатар оларды өмірге бейім, заманауи сауатты, жан-жақты қабілетті қоғам мүшесі болуға да талпындыруымыз керек.Ұлт боламыз десек, тәрбие ана сүтімен беріліп, ана тілімізбен қалыптасып, тал бесіктен сіңірілуі шарт. Жас ұрпақ тәрбиесі- адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де , болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты.Баланың шын мәнісінде адам болып қалыптасуы, қыруар уақыт пен тер төгетін, зор еңбекті қажет ететін, ауқымы кең, жауапкершілігі мол жұмыс. Ұлы Абай «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе дүниедегі жақсы- жаманды танидыдағы сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», десе француз педагогы Жан Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді.» деген екен.

Бүгінгі таңдағы біздің бар мақсатымыз, іс-жоспарларымыздың барлығы балабақшадағы тәрбиеленушілерге жан-жақты жағдай жасау, солардың Қазақстан Республикасының болашақ азаматы ретінде тәрбиеленіп өсуі үшін күні бүгіннен бастап негізінің берік қалануына басты назар аудару. Әрбір ісімізді балалардың болашағы үшін арнап отыруды өзімізге басты міндет. Қорытындылай келе айтарым,  ұлттық құндылықтардың өзектілігі қазіргі уақытта өте маңызға ие болуда сондықтан да жастардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз қажет.Қазақ халқының ұлттық тәрбиесінде үлкен мән жатыр. Ұлттық тәрбиенің негізгі маңыздылығын түсініп түйсіктегі ойға үңілуіміз қажет екенін ұмытпайық.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *