Міржақып Дулатұлының «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» мақаласының өміршеңдік мәні

 

Қазақтың киелі топырағы 19 ғасырда көптеген ұлы тұлғаларымызды дүниеге әкелді. Солардың арасында «Оян Қазақ!»  деп ұрандатқан Алаш зиялысы, қазақтың алып мұнарасы- Міржақып Дулатұлы.

Өмірін өз халқына арнаған Міржақып, жастай әке-шешесінен қол үзіп, ағасының қолында тәрбиеленеді. Білім жолы Торғайдағы 2 класстық орыс-қазақ мектебінен басталады. Білімқұмар қайраткер, халық арасында мұғалім болып, білімін өз бетінше жетілдіреді. Қазақтың аса көрнекті ағартушысы 1904 жылдан бастап саяси өмірге белсене араласа бастайды. Сол бір Патша үкіметінің озбырлығы кезеңдерінде ұлттық сананы оятуды мақсат еткен ақынның 1909 жылы әйгілі «Оян Қазақ!» атты манифесті жарық көреді. Өзінің шоқтығы биік, ащы шындыққа толы туындысы арқылы беделі артып, саяси күрес жолында қолдауға ие бола алды. Тіпті, өлең жинағының басылуына тыйым салынсада, халық арасында туынды тез тарап кетті.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» — деген зиялы өзінің саяси күресі жолында баспасөздерге мақалаларды белсенді жариялай бастады. Міржақып Дулатұлының мақалаларының мықтылығы сонша білдей бір «Серке»  газетін бір күнде-ақ жауып тастады. Ендеше ол қандай мақала,оның қандай құдыреті болды?

Маусымның алтыншы жұлдызында «Серке» газетінің екінші санында Міржақып Дуалатұлының біздің мақсатымыз атты мақаласы жарық көрді. Оның шыға салысымен «Серке» газетінің жабылып қалуы жайдан-жай емес. Халық жанашырының «Біздің мақсатымыз» мақаласында қазақ халқының патша үкіметіне тәуелді екенін, ешқандай құқығы сақталмағаны жазылған. Мақаланың алғашқы сөйлемдерінен-ақ озбыр саясаттың бейнесін анық көреміз. Сондай-ақ жиналған салықтың көп бөлігі, қазаққа жарамсыз дүниелерге жұмсалатынын көтереді. Тіпті, өзінің ахуалы мен шағымын айтуға барған қара халыққа ешқандай көмек көрсетілмейтінін жеткізеді.  «Еркіндік» ұғымы атымен де жоқ, ұлт жанашыры айтып кеткендей тек «патша үкіметіне тәуелділік». Онымен қоса, дінге де тыйым болғанын байқаймыз. Өйткені ол кезеңдері діни кітабы барларды да түрмеге тоғытты. Ұлт жанашырының өзі « Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп»-деп айтқанындай қазақтың жайылымдарының сатылып кету мәселесі де, діни, рухани ахуалы да қозғалды. Сондай-ақ жазбаның енді бір бөлігінде Думада қазаққа орын болмауын айтқан. Шынында, Думада халық қамын ойлар қазақ болса, оны алып тастап отырған. Қазақтың алып мұнарасы Міржақып өз мақаласының соңын «Біздің мыңдаған ер адамдар қазірдің өзінде шөл далада немесе түрмелерде..» -деп аяқтайды. Мақаланы оқи отыра, сол кезеңдердегі саяси ахуалды, қазақтың мүшкіл жағдайын аңғарамыз. Өзінің асқан батылдығымен, ауыр шындықты жеткізген саяси қайраткер, әділдік орнауын көздеген. Тіптен, бірінші сөйлемінің өзін оқып, жазба ауыр шындыққа толы екенін бірден байқаймыз. Халық санасының оянуынан қорыққан патша үкіметі әсте шара қолданатыны белгілі еді. Мақаланың саяси, тарихи рөлі өте зор болды. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халық газеттен білмегегін біліп, естімегенін естейді.

«Біздің мақсатымыз» мақаласымен қатар Алаш зиялысының « Жастарға» атты туындысы жарық көрген. Осы тұста Дулатұлының мақаласы халық проблемасын анық көтерсе, ал «Жастарға» атты өлеңі сол бір түнектен шығудың жолы секілді көрінеді.

«Халыққа, жастар, басшы бол!

Қараңғыда жетектеп.

Терең судан өтер ме,

Мың қойды серке бастамай? »  – делінген өлең жолдары елдің жарқын тағдыры, білімді жастардың қолында екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Қазақ үшін тер төккен алып тұлғалар, әсіресе, жастарға үндеу жасаған. Қазақтың арысы Мағжан Жұмабаевтыңда «Мен жастарға сенемін»  деп ұрандатуында үлкен даналық пен жарқын сенім бар.Шыныменде, отаршылдық саясаты кезінде қазақ жастарында білім алуға,жоғары лауазымға ие болуға мүмкіндік өте аз еді.Осы себептен де, жүрегі «қазақ» деп соққан ұлы тұлғаларымыз қазақ жастарының білімді, болашағы жарқын болуы жолында аянбады.

Ұлттық сананы ояту жолында өз басын тәуекелге тіккен Міржақып Дулатұлы қазақ халқы үшін, құдды бір, қараңғы кештегі жарық шам секілді. Бүгінде оның өзі болмасада, оның көзі ретінде, әрбір ащы шындыққа толы мақалалары мен шоқтығы биік туындылары, асқан ерлігі мен ерең еңбегі халық жадында мәңгі сақталып қалмақ.

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *