Бақытжан Қаратаевтың большевиктік “Орал” газетіндегі ашына жазған “Ашық хаты”: тарихи сипаты мен мәні

 

ТАРИХ. Адамзаттың өткені-тарих. Тарихты білу, түсіну, орын алған әр оқиғадан хабардар болу әрбір саналы адамның парызы. Сол тарих беттерінің жеке-дара парағына айналған, қазақ елінің тағдыры үшін алатын орны қойнауда жатқан— XIX ғасырдағы қазақ баспасөзі. Сол замандағы баспасөздің бірі патша өкіметіне жақынырақ жұмыс жасап, “ағаш белсенді”  болса, енді біреулері ел қамын ойлап, газет арқылы қараңғы қапаста қалған “естірге құлағы, көрерге көзі болмаған”  халықты азат еткісі келді. Еңбекші қара халыққа саяси-мәдени тәрбие беру кезінде тың жұмыстар атқарған, жанкештілікпен жазылған осындай газеттердің бірі —  большевиктік “Орал”  газеті. Бұл газет материалдары  ашық түрде патша өкіметін қатаң сынға алып, барды бар деп, жоқты жоқ деп жариялады.  Халықтың жаншылып біткен ауыр халін, мұңға толы бейнесін газет бетіне айқын басты. Елінің ертеңгі жарқын болашағы үшін қара басын бәйгеге тіккен, рух-жігерімен ақиқаттың майын тамызған жандарды өз заманынының майталман батырлары  деуге болады. “Ашық хатын” ашық түрде жариялай білген  Бақытжан Қаратаевты да сол тізімге қосуға толық негіз бар. Қазақтың құтты атамекенін қоныс аударушылардың иелігіне беріп қоймау үшін патша өкіметінің назарын өзіне аударып,  “Орал” газетінің бар мүмкіншілігін пайдалана білді.

Октябрь жеңісінен кейін алғашқы жылдары Советтік Қазақстанның астанасы болған Орынборда 1907 жылы 4 қаңтардан 27 ақпанға дейін большевиктік “Орал” газеті шығарылып тұрды. Аты аталып отырған бұл газеттің бар болғаны 31 нөмірі ғана жарық көрді. Редакторы —Хусаин Ямашев болды. Орал газетінің алдына қойған мақсаты — пролетариатты топтастыруға шақыру, оның таптық саналылығын дамытуына көмектесу, шарулар мен қала кедейлерін біріктіру еді.

Орал газетінде қазақ еңбекшілері атынан Ресейге, ұлы орыс халқына жолданған Ашық хат басылды. Хаттың авторы патша өкіметінің қоныс аударту жөніндегі чиновниктерінің қазақ еңбекшілерін атамекенінен ығыстырып, жерін тартып алып жатқан жолсыздығын әшкерелей келіп, былай деп жазған: “Біз жоғарыда жазылған сөздерді орыс халқына дұшпандықпен айтып отырғанымыз жоқ.  Орыс халқы бізге дұшпан емес. Біздің бәріміздің дұшпанымыз  ол әуелден самодержавие правительстводұр” .

Мұнан кейін автор жер мәселесін екінші Думада әрбір халықтың мүддесіне сай етіп шешуін талап етеді. Бірақ  Дума жер мәселесін олай шеше алмайды, патша үкіметі құрымай, жер мәселесі шешілмейді  — деп айтқан. Хатқа “Қырғыздың уполномочнай” деп қол қойған.

Бұл хаттың авторы Бақытжан Қаратаев болуы мүмкін деп топшылайды профессор Бейсебай Кенжебаев. Өйткені ол екінші Думаның 1907 жылғы маусым айында болған мәжілісінде  Орал облысының депутаты ретінде сөз сөйледі, ал жоғарыдағы  “Ашық хат” бұрын жарияланған. Осыған орай “Уральский дневникте” жарияланған заң еңбекшілері атынан орыс халқына арналған авторы да Бақытжан Қаратаев болуы мүмкін. Өйткені бұл екі хаттың мазмұны, тілі мен жазу стилі ұқсас. Бірақ әлі де зерттелуді қажет етеді. Сол кезеңдегі Дума жағдайындағы Бақытжан Қаратаевтың көтерген мәселесіне бір тоқталып өтейікші.

Өз сөзін «Депутат мырзалар!» — деп бастаған  заңгер Бақытжан Қаратаевты қазақ халқын адам құрлы көрмей, тіпті олармен санаспай қоныстандыру саясаты ашу-ызаға булықтырды.Сөйтіп бұл жағдайды әділетсіздік деп таниды. Осынау көзге оттай басылған әділетсіздік заңгеріміздің көкірегіне сыймай, өршіл рухпен мынадай жалынды сөздерді айтуына түрткі болады: “Жергілікті халықтың  мүдделерімен есептеспей келген қоныстандыру қалай дегенмен де әділетсіздік болып табылуға тиіс. Ол қашан да күштінің әлсізді қанауы деп қабылданбақ. Сөз жоқ, қырғыздар, яғни қырғыз-қайсақ деп аталатындар-әлі дамудың төменгі сатысында тұрған қауқарсыз халық, сол себепті де олармен ортақ тіл табысуға болады және оларға зорлық көрсетудің ешқандай жөні жоқ»Бұл ойының соңында шаруаларды қоныстандыруды тоқтату керектігін жеткізеді.

Өткір тілді,орақ ауызды заңгеріміздің Думадағы көтерген  екінші бір мәселесі-өкіметтің қазақ жерінде жүргізіп отырған  жер саясаты. Иә, шынымен-ақ , Кеңес өкіметі тұсында жүргізілген бұл саясат көшпелі халықтардың жағдайын тым нашарлатты. Жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп жүрген халықтың малы қырылып, қиын кезеңді бастан өткеруіне себеп болды. Бақытжан Қаратаевтың айтуынша, қырғыздар  тек көшпелі халық деген жансақ пікір. Қырғыздардың арасында көшпелісі де, отырықшы шаруалар да бар. Далалық облыстардың құнарлы жерлерінде отырықшы қырғыздар біраз жылдардан бері жайлап егін егіп келеді. Оларды жайлы қоныстарынан қуып шығу халыққа аса ауыр тиетінін, басы артық жерлері болса олар беруге риза екенін, қырғыздарды күшпен үйлерін тартып алып жатқандығына қарсы қолында нақты айғақ бар екендігін  ескертеді. Берілген он минутқа осыншама мәселені сыйғыза алған Бақытжан Қаратаев сол заматтағы қара халықтың басындағы бар мұң-зарын айтып жеткізе алды. Ащы шындықты  ашық айту ол тұста өз басын өлім белбеуіне байлағанмен тең еді. Жылан інін тартып алған тышқандай жапа шеккен, басына қара бұлт үйірілген халықтың төбесінде күн болып, қауқарсыз халыққа болысқан заңгеріміздің қайсарлығы ұмытылмақ емес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қ.Бекхожин “Қазақ баспасөзінің тарихының очеркі” (1860-1958) Алматы  “Мектеп” 1981
  2. Қ.Бекхожин “Қазақ баспасөзінің даму жолдары”
  3. Ж.Нұсқабайұлы , Қырықбай Аллаберген “Көне басылымдар, құнды деректер, аяулы есімдер” Алматы  “Рауан”    (1997-256 бет)

 

                                 

                                             Садырқан Дана

                                           “Әл-Фараби” атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

                                            Журналистика факультетінің 1-курс студенті

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *