Мақала

Баяндама

Абай педагогикасы тәрбиелеу ілімінің әрі тереңі, әрі тұнығы. Ол бес баулудан тұрады.

1.Елдікке, ерлікке, Отаншылдыққа баулу. Бұл арғы қазақтан келе жатқан ұласпалы дәстүр, текті де тегеурінді қасиет. Мұны бар қазақ, еш адам, еш уақытта аттап кете алмайды, қанға сіңген қатал тәрбиелік ұстаным.Оны бойына сіңірген адам ғана толық адам, нағыз қазақ бола алады.

2.Кісілігі мол кісі болдыру, адамшылыққа баулу.

3.Имандылыққа баулу.

4.Өнер, білім-ғылымға баулу.

5.Өмірге дайындау, еңбекке баулу.

Осы баулу мектептерінен өткен, адамшылықтың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, өнер,білім-ғылымға,көргенділікке қол жеткізген қоғамда өз орнын таба білу (өміртану) ғылымын игеруші жанды атамыз толық адам деген. Олай болса Дана Абай педагогикасы – заманауи толық адам қалыптастыру ісінде тұғыр боларлық, Қазақстан білім жүйесінде, жастарға тәлім-тәрбие беруге ғылыми негіз боларлық ұлтанды ілім болып табылады. Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған этикалық қағидасы – бұл «Адам бол!» деген үндеуі – ол ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үндеуінің этикалық мәні адамның өмірдегі міндеті мен ролін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында, ақыл-ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен Күн – аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер – таудың әшекейі, ал жердің сәні – адам. Абай үлкен мақтанышпен: «Адам деген даңқым бар!» — деп жар салады. Абай дүниетанымы мен философиясындағы даналықтың қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін ашып көрсете білген профессор Т.Х.Рысқалиевтің пікірінше: «Абай даналыққа, даналықты білдіретін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән берді; ол даналықты танып, ажырата білді, жүзеге асыра білді. Даналық Абай ілімінде теориялық концепция болып қалған жоқ, өмір сүру тәсіліне айналды». «…Абайдың түсінігі таң қалдырады. Оған дейінгі, одан кейінгі қазақ ойшылдары мен ғалымдарында кездеспейтін түсінік. Өткенді де, қазіргіні де, болашақты да қамти алған түсінік. Оқумен, тоқумен, тәжірибемен, ойланумен, толғанумен, терең бойлаумен келген түсінік. Адамды өсіретін, сонымен бірге кімнің кім екенін, ненің не екенін таразыға салып өлшеп беретін түсінік».
Сондықтан, Абай педагогикасы да таңқаларлық терең әлем! Абай жасөспірімдерден көп үміт күтті, халықтың ілгері дамуына, жаңа заманға ие жастар екенін баса айтты. Жастар айналысар іс – өмірлік мұратпен сай келуі керектігін ескертті. «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса, денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады»- дейді Абай.

Ақылды, білімді адамды құрмет тұтты: «Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық»-деп жастардың білімді болып, ғылымды игеруі арқасында ел-жұртына, заманына көп пайда келтіре алатынына кәміл сенеді. Оның білім-ғылымға, өнер үйренуге бағытталған көзқарасы жалпы дүниетанымына, философиялық ойларына негізделеді, білім, ғылым ақын пікірі бойынша дүние, мал табудың көзі болуымен пайдалы. Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз» немесе «түбінде баянды еңбек егін салған, жасынан оқу оқып білім алған» деген. Осы арқылы ол адамдарды, әсіресе, жастарды оқу, ғылымға қызықтырғысы келеді. Ол ғылым, өнердің мал тауып жақсы өмірге тұғыр болатынын «ниетің түзу болса сенің аппақ, ғылым, өнер, мал таппақ жұртқа жақпақ» дей келе, өнер туралы «әуелі өнер үйренелік қолдан келсе» немесе «ұқпасын ба сөзді тез, сөз өнері тұр таяу» деп өнер мен ғылымды адамның қабілетімен байланыстырады. Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесін көгертеді. Көсегесі көктеген ғылым ғана елдің еңсесін тіктейді. Өркениет әлеміне тікелей жол ашады. Ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттердің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері осыған меңзейді. Мұның бәрі бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан жастарымызға тікелей қатысты, ғибраты мол, өнегелі сөздер.
Көреген Абай ғылымды үйренушілерді екі топқа бөледі. Бірі – сол ғылымды ақиқат үшін, білу үшін үйренушілер де, екіншісі – бақас үшін, яғни, біреуден озу, біреуден жоғары болу мақсатын көздеушілер. Біріншісі – сөз жоқ, нағыз ғалым, ғылымға берілген адам. Ал екіншісі – ғылыми дәрежені жеке басының пайдасына біржолата бұратын, Абай заманынан бері келе жатқан, біздің заманымызда да кездесетін ғалымсымақтар. Абай ғылымды үйренуге тойымдық жасап, жеткілікті деп отырып қалмау жөнінде он екінші қарасөзінде былай дейді: «…үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса,оны Құдай ұрды, ғибадат болмайды»- дейді. Кемеңгер Абай ғылымды іздеп, тауып үйренген адамға енді бір мынандай қасиет керектігіне отыз екінші қара сөзінде былай мән береді: «Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез-келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.Онан соң оқып-үйреніп те пайда жоқ. Қонарға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?» — дей келіп, алған мақсаттан таймайтын табанды болуды талап етеді.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та бар қалан,-деп, ғылым қуған жастар әр нәрсеге желікпе, қызыққуғыш болмай, мақсатты болу, сол жолға өзін даярлау керектігін ескертеді.Абай ғылымды кімнен үйрену керек деген сұраққа шығармаларында толық жауап береді. Мысалы ол «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде мынандай пайымдаулар айтады:

Білгендердің сөзіне,

Махаббатпен ерсеңіз.

Ақыл сенбей сенбеңіз,

Бір іске кез келсеңіз.

Ақсақал айтты, бай айтты,

Кім болса, мейлі, сол айтты,

Ақылменен жеңсеңіз?- деп, яғни өзіңнің көзің жетпей ештеңеге, ешкімге сенбе дейді. «Мұны жазған кісінің, Атын білме, сөзін біл! Егер түзу көрінсе, Ойлап-ойлап, құлаққа іл». Ал, ғылымды кітап арқылы ғана игеруге болатынын және аңғартады. «Интернатта оқып жүр» деген еңбегінде: «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге»-дейді.

Маратова Раушан Серікқызы
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *