Латын әліпбиіне көшу — заман талабы

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

 

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.  Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады»

 ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауынан.

Қазіргі уақытта еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу. Қазақстан халқы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері бүгінгі қолданыста жүрген кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде пікірлер жиі айтылып келеді.

Қазіргі қолданыстағы кириллица – қазақ тарихындағы төртінші алфавит екені бәрімізге мәлім. Сонау сақ дәуірі, түркі дәуірі кезеңіндегі ата-бабалаларымыз өздері ойлап тауып, енгізген, құрастырған алфавиттен басқалары бодандықтың кебімен күштеп енгізілді. Түркі заманынан мұра болып қалған осынау құндылық «руно» жазуы еді. Одан кейін араб шапқыншылығы кезеңінде елімізге араб жазуы (төте жазу) ислам дінімен қатар келді. Латын және кириллицаны Кеңес үкіметі енгізді. Мұндағы мақсат – алфавитке көшу арқылы қазақ халқымызды рухани есеңгіретіп, халықтық болмыс, ұстанымдарынан айырып, мәңгүрт етіп алдарына салып айдап өз дегендерін жүзеге асыру еді. «Ресей тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, үкіметке онан артық іс болмас» деген Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы жарық көрген «Қазақ» газетіндегі жанайқайы бекер еместі.

Кеңес үкіметінің орыстандыру саясаты мақсаты терең, ауқымды қарқынмен жүзеге асырылды. Нәтижесінде, орыс тілі өмірдің көптеген салаларында жалғыз ғана тіл болып, ұлттық тілдерді ығыстырды.
Сондықтан кеңес үкіметі құрамындағы қазақ, өзбек сияқты басқа да түркі халықтарының санасында кириллица мәжбүрлеумен және зорлық-зомбылықпен байланыстырылады.  Латын әліпбиіне өтуіміз еліміздің бай мәдениеті мен мұрасымен көптеген шетелдік оқырмандардың терең танысуына жол ашады. Ал, жастар үшін әлем кеңістігі, дамыған елдердің мол жинақталған техникалық, әдеби тағы басқа туындыларын  түп нұсқада оқуға жол ашылады.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі латын әліпбиіне көшу арқылы біз психологиямызды, ми қабыршығы астындағы санамызды орыс тіліне деген тәуелділіктен босатамыз деп ойлаймын. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі – заман талабы. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін көрсетеді. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» — деген болатын. Ендеше орыс тіліне жалтақтай беріп қарайтынымыз да осы кертартпаның бірі деуге болады. Бұл жолда латиницаға көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады.

Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Солардың ішінде латын әліпбиін дүние жүзі елдерінің көбісі қолданатыны деректерден белгілі. Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі ол біздің қоғамға әлдеқашан еніп кеткен. Оны еліміздегі кез- келген сауатты адам белгілі дәрежеде біледі. Ал, «латынның бізге берері не?» дегенде, толып жатқан тиімді тұстарын көрсетуге болады. Мысалы, «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүзеге асыру бағытында ел бойынша ағылшын тіліне көп назар аударылып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу дегенді білдіреді. Оған қоса, ағылшынша білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол.

Латын әліпбиін қолдану- озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады дегеннен бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді, шет елде жүрген қандастарымыздың осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар қылады деген де әңгімелер айтылып жүр. Мүмкін, бұл бастама, шынымен, еліміздің әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолына ашылар есік болар.

Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу- ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлімімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайтадан оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады.

Тамара Байтикенова

Шұбалаң негізгі мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі

Жангелдин ауданы

 

 

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *