Киелі өлке

Атырау облысының, Махамбет ауданында, Сарайшық селосы бар. Сарайшық Атырау қаласынан батысқа қарай 50 км жерде Жайық өзені бойында орналасқан. Сарайшықтың қазақтың тарихында алатын өзіндік орны бар. Іргетасы X-XI ғасырларда қаланған Сарайшық Ноғай ордасының астанасы болған. Онда Алтын Орданың хандары мен Қазақ хандарының аталары жерленген. Оның ішінде Тәуекел ханның, Есім ханның, Тәуке ханның, Әбілқайыр ханның, Абылай ханның, Кенесары ханның аталарының негізгі пантеоны – Сарайшық.
Сарайшық – Батыс пен Шығысты байланыстырған, Ұлы Жібек Жолының маңызды бекеттерінің бірі. Сол кезеңдердегі аты әйгілі мәдениет және сауда орталықтарымен байланыста болған. Онымен қоса, Хорезмнен асып, Қытайға, Түркияға, Иранға, Үндістан жеріне дейін шығуға мүмкіндік болды. XIII-XIV ғасырларда Ұлы Жібек Жолының Солтүстік Каспий тармағының жандануы оның бойындағы қалалар мен елді мекендердің тез дамуына, оның ішінде Сарайшықтың да гүлденуіне тікелей әсер етті. Аптасына бірнеше рет қала арқылы өтетін керуендер Сарайшық үшін байлықтың көзі болды. Қала тез өсті. Онда сол замандағы шығыстың сәулет өнерінің озық үлгілерімен салынған ғимараттар көптеп кездесті. Тіпті, «Мәскеудегі Қызыл Алаңды осы қаланың жобасымен жасаған» деген деректер де бар.
Тарихшы-зерттеушілеріміздің айтуы бойынша, Сарайшық қалашығын Шыңғыс ханның Жошыдан тараған немересі Бату хан салдырған. Қала Алтын Орданың үшінші астанасы болып саналды. Бірінші астанасы Астрахань облысында орналасқан Сарай Бату қаласы болса, екінші астанасы – Волгоград облысындағы Сарай Берке. Сарайшық кіші Сарай деген де атқа ие. Алтын Орда хандары жайлау ретінде осында тұрақтаған.
XIII ғасырда Берке Алтын Орданың тағына отырғаннан кейін Сарайшықты мұсылмандардың діни орталығына айналдырды. Мемлекет қазынасынан қаржы бөлдіріп, мешіттер салдырды, діндарларды, дәруіштерді, тіпті қайыршыларды да тегін тамақтандыратын, жатқызатын орындар салды және олардың үзіліссіз істеп тұруына мүмкіндік жасады.
Халық арасында қала туралы аңыздар өте көп. Олардың бірі – Жәнібек хан туралы. «Жәнібек ханның ұзатқалы отырған 15 жасар қызы кенеттен қайтыс болып, оны алтын табытпен, барлық жасауымен, алтын қайығымен қоса жерлемекші болады. Хан сенімді деген жеті адамды шақыртып алып, «қызымның қайда жерленгенін тірі жан білмейтін болсын» — деп бұйырады. Ат басындай алтын беруге уәде еткен хан бұйрық орындалғаннан кейін әлгі жетеудің басын алады. Содан бері хан қызының қай жерде жерленгенін ешкім білмейді екен».
Хан қызының денесімен қоса қомақты қазына-байлықтың жерге көмілуі және бұнда бірнеше ханның жерленуі түптің түбінде Сарайшықтың тоналуына, Отырардай күлі қалған үйіндіге айналуына әкеп соқтырды.
Аты алысқа кеткен Сарайшыққа қызығушылар көп болды. Ресейден келген археологтар тапқан қазбаларын өздерімен бірге алып кетіп отырды. Сарайшықтағы қазба жұмыстары елімізде 1950-53 жылдары академик Әлкей Марғұланның зерттеулерінен кейін тарихи жәдігерлер, қыш құмыралар, тиын ақшалар, тағы сол сияқты құнды заттар өз еліміздің мұражайында сақталатын болды.
1999 жылы Атырау облысының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың ұйымдастыруымен «Хан ордасы – Сарайшық» мемориалды кешені салынып, биіктігі 17 метр хандарға арналған кесене тұрғызылды. Сол жылы 3 қыркүйек күні Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев келіп, ашып берді. Содан бері Сарайшық мұражайына алыс-жақын елдерден, шет елден келушілер көбейді.
Тарихи орындарды Жайықтың суы шайып кетпеу үшін 2016-2018 жылдары жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді. Қорғаныс бөгетінің биіктігі 3 метр, ұзындығы 1500 метр. Бұл көктемгі су тасқынына тосқауыл болды. Қазіргі уақытта Сарайшық тарихын ұзақ жыл зерттеген археолог Зейнолла Самашевтің басшылығымен мұражай қызметкерлері табылған қазба орындарын бұрынғы қалпына келтіру жұмыстарын қолға алуда.
Бүгінгі таңда тарихи өлкемізді көруге жыл сайын он мыңнан аса адам келіп тұрады. Олардың қатарында шет елдерден келген қонақтар да аз емес. Сарайшық – өз заманында шетелдік саяхатшылардың қызығушылығына ие болған мекендердің бірі. Өлке құпиясының жартысынан көбі қаламен бірге жер қойнауында жатыр. Егер де сол құпия-сырды ақтарып, қаланың тарихи келбетін қалпына келтірсек, көпшіліктің назарын аудартатын тарихи-туристік нысанға айналар еді.
Сарайшықтың болашағы зор. Атқарылуға тиіс шаралар өз кезегін күтуде. Ендігі міндет – өлкемізді одан әрі дамытып, тарихи байлығын келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу.

Болат САЙЛАН, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
А.Ибатолла, 1-курс студенті

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *