Заманауи әлемдегі педагог (эссе)

Акдаулетова Сауле Нуркамаловна

Алты Алаштың баласы бас қосса,қадірлі орын — мұғалімдердікі.

                                                                                        Мағжан Жұмабаев.

Ұрпақ… Бала … Бүкіл адамзат болмысының тірлігінің мәні.Қай заманда, қай ғасыр, қай қоғамда болмасын адамдар тірлігінің мақсаты, болашаққа жалғастырар алтын көпірі, аманат етер асылы- оның ұрпағы. Сондықтан да күллі адамзат дүниесіне ортақ мүдде- ұрпақ тәрбиесі.Ал сол ұрпақтың азамат болып шығуына бағыт- бағдар беріп, үнемі қадағалау – бүгінгі ұстаздар қауымының жауапты жұмысы деп білемін.

Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», -деген. Мемлекет болашағының кепілі- жастарға білім мен тәрбие беру мәселесінен өткір мәселе жоқ екені белгілі. Әр бала — жеке тұлға. Біріне – бірі ұқсамайды, жаңалықты асыға күтетін талант иесі. Сол талантты бала жүрегіндегі ізгілікті шынайылықпен тани білетін қазіргі заманғы ұстаз қандай болуы керек? деген өзекті сұрақ өз жауабын күтуде.

Ал, ХХІ ғасырдың нағыз ұстазы қандай болмақ керек? Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс.

Әрине, ол өз қалауымен таңдай білген мамандығының майталманы болу үшін, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл – әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу- сезімнің ақылдығы»— деп ғұлама ақын Ғабу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, ғұмырын  ұстаздық мамандыққа арнаған, көңілі мәңгі жас баладай жақсылыққа құмар ұстаз болу – көп адамға бұйыра бермеген бақыт десем, артық айтқандық емес шығар.

Елбасымыз: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен басталады”, -деген болатын. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші,жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып,оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті.Қазіргі заманауи ұстаз өзінің алдына нақты белгілі бір мақсатты қойып, соған жету жолында барынша талаптанатын, білім кеңістігінде болып жатқан жаңалықтарды үнемі назардан тыс қалдырмай, жаңашыл мұғалімдердің іс- тәжірибесін мүмкіндігінше дұрыс пайдаланатын, оқытудың ой елегінен өткен тиімді әдіс- тәсілін дұрыс таңдап, оны мейлінше меңгере алатын нағыз маман болу керек. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы мұғалім заман талабына сай психологиялық негізден өте мықты хабары бар, ақпараттық технологиялардың бар түрінде жұмыс істеуге қабілетті , жан- жақты білімді, үлкен жүректі , оқушыларды жанындай жақсы көре білетін байқампаз да білікті жан болуы керек. Өйткені іс-тәжірибеге көз жіберсек, кешегі бүгінгіге, бүгінгі ертеңгіге ұқсамайды. Ғылымның дамуы, білім мазмұнының өзгеруі, өмір талабы, оқушы талғамы үнемі өсуде.

Мұғалім өз пәнін   терең   меңгеруі   оның   ең   алғашқы   қыры, кәсіби   шеберлілігін үздіксіз ұштай,шыңдай түсуі екінші қыры болмақ. Үшінші   қыры – мұғалімнің тілдімеңгеруі –тіл шеберлігі.Сөзді жетесіне  жеткізе сөйлей білудің  өзі – өнер.Себебі, тіл – тәрбие құралы.Төртінші қыры – байқағыштық сезімі –көрегендігі. Бесінші қыры- әр жүректі білім

шұғыласымен нұрландырудыңең тиімді, ең төте жолын таба білетін

жасампаздығы. Алтыншы қыры – жан – жақты дарындылығы.

Жетінші қыры үздіксіз, тынымсыз ізденімпаздығы.Сегізінші қыры –

үлгі­өнегесі, мұғалім мәдениеті немесепедагогикалық әдеп–этикасы деуге болар еді.Себебі, мұғалімнің келбеті –сыртқы мәдениеті, қарым­-қатынасы, өзін­-өзі басқаруы,бақылауы,сөйлеу мәдениеті,үздіксіз жаңарып, өзгеріп,

үнемі жаңа сипатқа ие болып отыруы мұғалімдік мамандықтың

ең басты этикалық сапалық белгісі деп білемін. Осы жайтты ағылшын

ағартушысы Уильям Уордтың«Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді,ұлы мұғалім шабыттандырады.»-деген сөздер арқылы түсіндірер едім.

Сол себептен де ең алдымен, жеке тұлға ретінде өзімнің бойыма өзгерістер енгізуге тура келді. Өзім де өзгердім, оқушыларым мен әріптестерімді де өзгертуге қолымнан келгенше ат салысып жүрмін.

Мен– қазіргі заман педагогі  ретінде өзім де заманауи әдіс­тәсілдерден
құралақан болмауым керек деп санаймын. Қазіргі мектепке қойылатын талапты ғана біліп қоймай, түсінуім де қажет, қолдануым да,үйретуім де керек.  Заман   ағымынан қалып кетпеу үшін, көшбасшылық міндетті лайықты   орындау үшін кәсіби білімімді үнемі шыңдап отыру қажеттілігінтүсінемін.

Сондықтан тәрбиеші ұстаз  ретінде оқушыларымыздың жан-жақты білім алуы мен мәдени дамуына, балауса өнерлерін шыңдауға көп көңіл бөлемін.

Ойымды қорыта келе, әр үйдің үміті болған шәкіртеріңнің жан шырағын жаға білсең, нағыз адам етіп тәрбиелей білсең, жүрегіне ұлтына деген қасиетті ұғымды ұялатып, Абай атамыз айтқандай, толық адам тұлғасын қалыптастыра алсаң, міне,  нағыз заманауи ұстаздық мұрат- мақсатың — осы болмақ…

 

Вам может также понравиться...

Комментариев нет

  1. Бахытгуль:

    жарайсыз, Сауле! Эссеңіз өте әсерлі екен

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *