Жаңа Қазақстанды бірге құрайық

«Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» деп аталатын президентіміздің жолдауы бас-аяғы он негізгі бөлімнен тұрады. Әр бөлімде елдегі түйткілді мәселлерді қозғап, президентіміз бірқатар тапсырмаларды да ұсынған. Президент жолдауы халыққа жария болған сәттен бері бірер айдың ішінде бірқатар үлкенді-кішілі істер де атқарылып қойды.1465 жылы Қозыбасыда алғаш рет туы тігіліп, негізі қалаған Қазақ хандығы осы күні экономикалық, әрі мәдени тұрғыдан дамушы, саяси билігі тұрақталған тұтас бір мемлекет болып отыр. Оның осы деңгейге жетуі барысында талай тарихи кезеңдер мен небір жантүршігерлік оқиғалар артта қалды. Енді бүгінгі күні осы сатылардан өте келе дүниеге келіп жатқан Жаңа Қазақстанды бәрімізге бірге жүзеге асыруымыз тиіс.

Жаңа деген сөздің өзінің астарында қаншама мән мен мағына берілген. Мемлекет пен оны басқару саясаты, халықпен байланыс , мамандарды даярлау, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеулі, көп балалы отбасыларға ерекше жағдай жасау, экономикалық тұрғыдан тұрақтылық, техникалық жағынан толық жабдықтандыру, білім беру бағдарламасына түбегейлі өзгеріс енгізу – осының бәрі де жаңа мемлекетімізді жасақтайтын құралдар мен пунктер. Өзгеріске дайын Қазақстанымызға деген махаббат әуелі бойдағы құлдық сананы құлатудан басталады. Не үшін десеңіз, сонау ғасырға жуық уақыт патша өкіметіне бағынышты болып, санамыз байланған тұста біз өз ұлтымызға деген махаббатты, отансүйгіштікті жоғалтып алдық. Сол кездің саясаты бойынша түп тамырымыз бен шыққан тегімізді, ата – бабамызды ұмыта бастадық. Ал тәуелсіздік алғанымызға  30 жыл өтіп, өз отауымызды бөлек тіккенімізге бірталай болса да, көкейдегі Ресейге деген жалтақтаудың сарқыншағы қалып кеткені өтірік емес. Міне, осы жалтақ мінезімізді түп тамырымен жойып , Жаңа Қазақстанға үлкен сеніммен қарауымыз тиіс. Жаңа Қазақстанның алға қойған тағы бір өзекті мәселелерінің бірі  білім беру бағдарламасына өзгеріс енгізіп, оның сапасын жақсарту болып табылады. Себебі, бәрімізге мәлім, оқыту бағдарламаларындағы шикіліктер әлі күнге дейін халықтың қарнын аштыртып келеді. Оның бәрі реттеліп, бір жүйеге салынбаса, жаңа мемлекетіміздің қаңқасын тұрғызатын келер ұрпақтың сауаттылық жағы қиын болмақ. Сондықтан, жаңа білім беру бағдарламасы қолға алынған, білімді жасөспірімдері өсіп келе жатқан, Жаңа Қазақстанды бірге қолдайық.Осымен қоса, мемлекетіміздегі өзекті проблемалардың бірі деп, техникалық мамандардың аздығы, санынан гөрі сапасына көбірек мән беру секілді жайттарды айта аламыз. Неге десеңіз, өз жастарымыздың, азаматтарымыздың іщінде техникалық құралдарды терең меңгерген мамандар шыққан болса, оларды шетелден алдырып та қажеті болмас еді. Сол себепті, Жаңа Қазақстанның тағы бір алдына қойған мақсаты – техникалық мамандармен мемлекетті толық қамтамасыз ету.

Жаңа Қазақстан идеясы қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған, еліміздің, халқымыздың жағдайын жақсартуға бағытталған идея болып табылады. Және осы алпауыт идеяны жүзеге асыру үшін студенттердің белсенділіктері аса қажет. Президентіміз осыны түсініп, студенттерге жақында тегін концерттер ұйымдастырып, наурыз мейрамында студенттер алдында сөз сөйлеген болатын. Расымен де, еліміздің негізгі қозғаушы күші – жастар, студенттер. Сол үшін де студенттердің белсенділігі жаңа Қазақстанға қадам басу үшін ауадай қажет. Қазақ елінің болашағы – білімді жастардың қолында. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай қазақ жастарының санасы өз құндылықтарын ұмытпай, білім мен ғылымға толығып, әрдайым ізденісте тұруы керек. Менің ойымша,  сол кезде ғана тәуелсіз мемлекетіміздің болмысын жарқын түрде өзге мемлекеттерге көрсете аламыз. Еліміз дамуы керек, өсуі керек деп жай ғана құр сөзбен айтып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Оған өз септігімізді тигізіп, біз де бір кірпіші болып қалануымыз тиіс. Мысалы, мемлекеттің әрбір студенті өз мамандығын жетік меңгеріп, мықты маман болу арқылы – ақ елінің дамуына үлкен үлес қоса алады. Егер, ел ішінде әрбір адам өз ісінің, өз саласының ең үздігі, мықтысы болуға талпынған болса, мемлекеттің гүлденуіне артық әрекет жасап керек те болмас еді. Себебі, әр салада тек өз істерінің мамандары қызмет ететін болса, еліміз өзі – ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарына қосылып, қарқынды дамушы еді.«Елімді көркейтем десем, ең бірінші өзіңнен баста, өзің патриоты бол, еліңді сүй, құрметте, дамуына үлесіңді қос, Отаныңның адал перзенті бол!».

«Тұран» университетінің студенті Жексенбай Дильназ Жанатқызы

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *