Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ

Жакупова Сания Оралкановна

«Адамның жақса өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын адал — еңбек, мінсіз  – ақыл, таза  – жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді»

                                                                        ( Шәкәрім Құдайбердіұлы)                                        

Иә, атамыздың сөзін негізге ала отырып, болашақ ұрпақты саналы да сапалы азамат етіп өсіру отбасы мен балабақшаның жауапкершілігін арттыра түседі.
Сәби дүние есігін ашқаннан кейін ең алдымен өз отбасымен танысады, өз отбасынан тәлім — тәрбие алады.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланың отбасында көрген тәрбиесі өмір бойы баланың өн бойынан табылып тұрады. Отбасында көрген тәрбиені ешбір балабақша түзете алмайды. Біздің кішкентай сәбилеріміз болашақ бәсекеге қабілетті ұстаз, дәрігер,көшбасшы десек те болады.
М.Жұмабаевтың мынадай бір сөзі есіме түсіп тұр:

«Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн». Сондықтан, ата-ана баланы болашақ заман талабына сай бағыт беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелесе дегім келеді.
Тәрбиелеу мен білім берудің әрекеті практикалық процесс үстінде қалыптастырылады.Тәрбиелеу мен оқытудың міндеттері баланың осы іс-әрекет түрлерін қалыптастыру және оны белгілі бір мақсатқа бағыттап отыруды көздейді. Ойнау, еңбек ету, және білім алу барысында ақыл-ой, адамгершілік, физикалық және көркем тәрбие, даму процесі қатар жүреді. Бала осы кезде белгілі дәрежеде білім алады, іскерлікке үйренеді, өзін қоршаған ортамен қарым- қатынас жасауға , қоғамдық өмірдің әдет дағдыларын игеруге бейімделеді. Іс — әрекеттің тап осы түрлерін ғана дамыту арқылы тәрбиелеу білім беру міндеттерін шешуге, бала дамуын дұрыс жолмен бағыттап отыруға мүмкіндік туады. Жақсы ойнап, еңбек ете білетін әрі оқуға қабілетті баланы ересек адамдар мен балалар қоғамында өмір сүруге қажетті қасиеттерді толық игерген тәрбиелі бала деп аталуы мүмкін. Жоғарыда аталып өткен іс әрекеттің әрқайсысы бала дамуына өзіндік, өзіне тән үлесін қосады. Бала өзін -өзі көрсете білсе, ендеше ойын, оқу еңбекте адамгершілікке тәрбиеленеді деген сөз.

Ойын, еңбек, оқу арқылы біз балаларға белгілі бір тұрғыдан ықпал жасай аламыз. Бірақ біз іс — әрекеттер ойын, еңбек, оқыту өзара ұштасқан жағдайда ғана баланың жеке басын дамытуда толық нәтижеге жете аламыз.

Балабақшаның негізгі міндеті – баланың жеке басының бастапқы қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл жас баланың ақыл ойының дамуы мен даярығы үшін қолайлы кезең.Осы кезеңде бала оқу мен тәрбиені қалыптастыруға , өз қызметін білуге, тілдік қатынастың қарапайым тәжірибесінде өзін өзі таныта білуге, мінез құлық мәдениетіне, жеке гигиеналық және салауатты өмір салтының негіздеріне бағдарланады. Еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақты азаматтық пен имандылыққа баулу-тәрбиенің басты міндеттерінің бірі. Баланың инабатты, тәрбиелі, көзі ашық, отансүйгіштікке баулуға отбасы мен мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері бірге атсалысқаны жөн.
Сонымен қатар өсіп келе жатқан жас өрен қазақ халхының ықылым заманнан бері келе жатқан салт дәстүрін, әдет дағдысын ұмытпай келер ұрпаққа айтып жүрсе қазақ халқының ертеден келе жатқан дәстүрі ұмытылмасы анық.

Олай болса, адамзаттың рухани және материалдық жағдайы осы кезеңде алған тәрбие негіздеріне тәуелді. Сұлулыққа тәрбиелемей тұрып жақсы ниеттегі, адамгершілігі бар, шығармашылықпен жұмыс істейтін адамды қалыптастыру мүмкін емес. Сұлулық бала бойында қуаныш сияқты ең жақсы сезімдерді тудыра отырып,баланың белсенді түрде шығармашылықпен жұмыс істеуі мен денсаулығына оң ықпалын тигізеді. Бірақ бала мұның бәрін сезіну үшін сұлулықты өз көзімен көріп,оны қабылдай білу керек.

Балалар тәрбие арқылы, дүниені таниды, көруді, сезінуді, тыңдауды үйренеді. Тәрбиелеуші жақсы өнегені беруге неғұрлым қабілетті болса, бала да соғұрлым көбірек үйренеді.

Баланың өміріндегі алғашқы қабылдаған қуанышты сәттер оның болашақтағы өміріне жағымды бағыт бере отырып, өмір бойы есінде қалады. Баламызды балабақшаға жіберіп, бақша тәрбие береді, білім береді деп бар ауыртпалықты тәрбиешіге салып қойғанымыз жеткіліксіз. Баланы балабақшаға берген соң ата-ана тәрбиешімен тығыз қарым-қатынаста болып, оның дұрыс тәрбие мен білім алуына бірлесе әрекет етуі тиіс. Еліміздің өркендеуі, дамуы, болашағы қазіргі жас ұрпағымыздың тәрбиелі, жан-жақты білімді болуына көп байланысты. Кейбір ата-аналар жұмыстан шаршап келгенін сылтауратып, баласының тәрбиесіне 30 минут та көңіл аударуға уақыт бөле алмайды, немесе тәрбие ісімен айналысуға ерінеді. Осындай үлкен қателік туады. Баланың күнделікті өмірінде бір де бір әрекетін ата-ана ескерусіз қалдырмағаны жөн. Жақсы нәрсесін мақтап, білмегенін айтып түсіндіріп, үйретіп отыру көп жетістікке қол жеткізеді.              Айталық, ата-ана өзінің алдына мына төмендегідей мақсат қойып, оның жүзеге асуына мән беретін болса, сөз жоқ, ұрпағының тәрбиелі, өнегелі, білімді болып өсуіне жол ашады:

  1. Бақшадан келген баланың көңіл күйін сұрау, бүгінгі тәртібіне өзінің өзіне баға беруіне үйрету.
  2. Баланың өз қателігін түсінуге мүмкіндік жасау.
  3. Баланың жақсы мінез, іс-әрекетіне назар аударып, көңіл күйін көтеру.
  4. Ата-ана өзін-өзі ұстай білу, бақылай білу.
  5. Балаға дауыс көтеріп,жазалауға асықпай, оны түсінуге тырысу.
  6. Баланың тілін түсініп, онымен сырлас, дос болуға тырысу және оның ой-идеясына көңіл бөлу.
  7. Өз баласын басқа балалармен салыстырмай, дұрыс тәрбие беріп, мінез-құлқын, іс-әрекетін, қателігін түсінуге мүмкіндік жасай білу.
  8. Оның талап тілегіне тежеу жасамай, еркіндік беріп, дүниеге, өмірге деген көз қарасын бақылай білу.

Абай атамыз өзінің 10- шы қара сөзінде «Әдемі баланы өзің алдайсың: әке, оны берем, міне, мұны берем деп, басында балаңды алдағанға мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» — деп балаларына теріс тәрбие беретін ата- аналарды сынайды. Тәрбие- білім өзегі болғандықтан, тәрбиеші мен отбасы байланысы тығыз болуы керек. Баланы дамыту, ой өрісін жетілдіру үшін тәрбиеші де, ата- ана да баланың жан дүниесін білуі керек,оны жеке тұлға ретінде тануы қажет. Отбасындағы берілген тәрбие жігеріңді құм қылып, жерге қаратпасын десеңіз, балаға кішкентайынан түзу тәрбие бер деп, ата – бабамыз айтқандай, бала тәрбиесіне уақытында көңіл бөліп, еліміздің инабатты, адамгершілігі мол, білімді, саналы ұрпағын тәрбиелейік. Бала – отбасының бақыты. Баламен сөйлесе отырып қуаныңыз, себебі бала сіздің жаныңыздағы мереке. Олай болса бүгінгі тәрбиеленуші еліміздің  ертеңгі тұтқасы десек, егеменді еліміздің болашағы, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде баршамыз тыңғылықты еңбек етуге тиіспіз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *