Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі

Баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың рөлі бөлек. Туындаған тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда  ғана үйлесімділік табады. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына, ұстазға, ата-анаға, құрбы-құрдастарына, сыртқа көрінісіне, сөйлеген сөзіне, әдептілігіне қажеттеріне байланысты. Халық «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп тегін айтпаған. Баланың қоғамдық-әлеуметтік дамуы жанұяда өз орнын алуынан басталады. Ата-ана балаға жеке тұлға ретінде баға беріп, дамытып, жетілдіреді де, аяқтандырған балапанын мектепке табыс етеді. Осыған сәйкес жасөспірім талабын қанағаттандыратын, қоғамның, ұлтымыздың ұстанған бағытымен сабақтас келетін тәрбие жүйесін жүзеге асыру-педагогикалық ұжымның басты міндеті  болып табылады.

Ата-аналар мен мектеп ұжымы үнемі үздіксіз қарым-қатынаста болуы керек. Оқу жылының басында және оқу тоқсанының қорытындысында сыныпта жоспарға сай ата-аналар жиналысы өткізіліп отырады. Ата-аналарға бала тәрбиесі туралы дәрістер оқылып, баланың жеке басының қалыптасу жолдары мен даму заңдылықтары туралы білім беріледі.  Ата-аналар комитетімен тығыз байланыста болу, жалпы мектепте өтілетін іс-шараларға белсенді түрде қатыстыру, үлгілі ата-аналарды өзгеге үлгі қылып көрсету тікелей сынып жетекшінің міндеті болып табылады. Сондықтан да сынып жетекші мектептегі оқушының екінші анасы болады. Мектеп қабырғасында баланың саналы түрде жетіліп, жан-жақты дамуы сынып жетекшімен қатар ата-ананың жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан да ата-аналар бала тәрбиесіне бей-жай қарай алмайды. Күнделікті өмірде әрбір ата-ана өз баласына үлгі болуы тиіс.

Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болатыны баршамызға мәлім. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балаларының көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы, жаман әдетіміздің барлығының бала тәрбиесіне ықпалы зор екенін ұмытпауымыз керек.   Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы  туған ұясы, өз үйіндегі ата-ана тәрбиесі, өнегесі екенін жоғарыда айтып өткен болатынбыз.  Қазақта «Баланың бас ұстазы -ата-анасы» деген сөз бар. Сондықтан да ата-ана мен мектеп ұжымы тізе біріктіріп, тығыз жұмыс жасауы керек. Ата-ана үй тәрбиесінде мұғалімнің мәртебесі туралы баланың құлағына  сіңіріп отырса, мектеп қабырғасында сынып жетекшісі тәртібі мен біліміне көңілін бөлсе, біз жаман ұрпақ тәрбиелейміз деп айта алмаймын.

Елбасымыздың «Болашақтың кілті жас ұрпақтың қолында» демекші, біздің алдымызда отырған әрбір бала ертеңгі депутат, министр, дәрігер, ұстаз екеніне еш күмәніміз болмасын. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей мектеп ұстаздары ешқашанда өз білгендерін үйретуден шаршамайды.

Ұлы ғалым, философ Әбунасыр әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» десе, Жан-жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң солай түседі. Бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең солай тәрбиеленеді» деген екен. Мұның түйіні, яғни, бала тәрбиесіне ең әуелі оның ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етеді. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше.

Баймұратова Алия Серікқызы — оқу ісі жөніндегі орынбасары

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектебі КММ

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *