Аты мәшһүр, тағылымы терең “Дала уәлаятының газеті”

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 1-курс студенті
Бауржан Альмира

Қазақ елі әу-бастан қасіретті һәм қайғыға толы аумалы-төкпелі заманның талайын басынан өткерген. Заман ағымымен ел үшін шыр-пыр болған, халқымыздың мүддесін қорғаған және ұлт болмысын сақтауға ұмтылған зиялы қауым, интеллигенция өкілдері, айбатты батырларымыз, шамшырақ ұстаған ізгі жандар да аз емес. Қытымыр шақта, орыс патшасының қатал әрі ауыр заңдары кең етек жайғанда, ел қалың ұйқыға кетіп, өз тілін, ділін, дінін, мәдениетін ұмыта бастаған кезеңде пайда болған маңызға ие газеттердің бірі — “Дала уәлаятының газеті”.

Әйгілі газет 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап басылымға шықты. Омбы генерал-губернаторының органы есебінде Омбы қаласында жарыққа шығып тұрғаны белгілі. Ұлтымыздың іргетасын қалап бастап, елімізді өркендету мақсатында осы ресми газет елге дәйекті әрі өзекті хабарлардың жаршысы ретінде таныла бастады.

Газет жөнінде Т.Шонанұлы: “Қазақ даласында переселен мәселесі өткен ғасырдың 80-жылдары аяғында 90-жылдар басында кенеттен көтерілді. Осы 90-жылдар басынан бері қарай ішкі қара шекпенді көшкен бұлттай түнертіп, қазақ жеріне үкімет аудара бастайды. Шын талау енді басталып, бұрынғылар ойыншық болып қалды” деп айта кетті. Ал Әлихан Бөкейханов өз кезегінде: “Алаштың жайында қара топырақ, қара жер болса, аққан өзен, шалқар көл, тұщы құдық, мөлдір су-бұлақ, жайлы жазық, орман болса, майлы ет біздің орыстың сыбағасы деп отаршыл орысқа тартып әперген” деп еліміз қай жерінен махрұм қалғанын нұсқады. Осы тұрғыдан қарасақ, ең алдымен “ДУГ” қазақ жерінің келімсектер талауының астында қалғанын, отаршылдық жүйенің ащы шындығы мен көз сұққан көршілеріміздің қиянатқа барған қадамдарын ашып көрсетті. Сондай-ақ газет беттерінде сауда, шаруашылық, өнеркәсіп хақында ақпараттар, өлкенің жағрапиясы, тарихы, этнографиясы, салт-дәстүрлер, аңыз-ертегілер тәрізді тақырыптарда мақалалар жарияланып тұрды. “ДУГ” редакторлары И.Козлов, Г.Абаза, К.Михайловтар қолдарын қойып, басқарып отырды, ал басылымның қазақшасын тәржімалаған Е.Аблайханов пен Д.Сұлтанғазин, Р.Дүйсенбаев, Б.Чалымбеков іспетті бірқатар әдеби қызметкерлер аянбай еңбек етті.

“ДУГ” құрамындағы материалдар тізбегі XIX ғасырдың соңғы онжылдығындағы қазақ елінің беделін ойлаған, жеке ерекшеліктері бар дереккөз. Қазан төңкерісіне дейін тіл мәселесі көп қозғалған, сондықтан басылым беттерінен Б.Әбілқасымовтың “Алғашқы қазақ газеттерінің тілі” (Алматы, 1971) және С.Исаевтың “Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы” (Алматы, 1983) атты туындыларын оқи аламыз. 4-ші кітабында адам, қоғам, табиғат жайында мақалалар болса, басқа бір бөлімдерінен рухани отарланудың қыр-сыры ашыла жазылған. Газеттен оқырман “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Еңлік-Кебек”, “Бозжігіт”, “Қамбар батыр” сияқты дастандарды, Жиренше шешен, Алдар көсе менен Қожанасыр туралы аңыздарды оқып, жүрегінің түкпіріне бір қызықты әрі ақиқатпен астасқан оқиғаларды ұялата алады. Тіпті, “Редакцияға хат” деген тақырып аясында хаттар, мақалалар, әдебиет жөнінде өзекті мәселелер қаралған. Газет, өкінішке орай, өзінің өмір сүруін 1902 жылы 27 наурызда тоқтатты.

Тілге тиек еткен “Дала уәлаятының газеті” қазақ қоғамы үшін, еліміздің ұлт ретінде қалыптасуымыз үшін шындықтан сыр шертеді. Халқымыз шырғалаң мен ұмтылыс, кедергі мен биік асулардан өтіп, қазіргі таңда елімізді жандандырып отыр. Қым-қиғаш сәттен аман-есен шыққан қазағымыз бүгінгі күнде осы мұраларды зерделеп, саралап, оны оқып, түсініп, біле жүрсе — бұл үлкен ғанибет. Қазақ елінің тарихы осындай тарам-тарам жолдардан құралып, азаттық үшін талай күрестерге түсті, ел іргесін қорғауға серпіліс берді. Осындай ел ертеңін ойлаған жандардың үмітін ақтайтын жастар тәрбиеленіп, білім-ғылымды меңгерсе, мемлекетіміз одан да көркейе түсер деген нық сенімдемін.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар). -Алматы: Білім, 2010. -308 бет.
2.Қамбар Атабаев. Қазақ баспасөзі. Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918). Ғылыми монография. — Алматы: Қазақ университеті, -358 бет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *