Абай мен Жамбыл поэзиясында көрініс тапқан қазақ болмысы

Ұлыларды белгілі бір дәуір туғызады. Шыңғыстауда Абай дүниеге келсе, арада алты-жеті ай өткен соң Жамбыл тауының бөктерінде Жамбыл туды. Кейін екеуі де қазақ деген ұлы халықтың екі алыбына – поэзиядағы піріне айналды. Әрбір ұлы тұлға өзінше бір-бір әлем, бөлек жаратылыс. Абай мен Жамбыл екеуі де қазақ әдебиетінде алтын әріптермен қалар ғажайып құбылыс. Біреуі мынау әлемдегі алуан толқынды алып мұхит десек, екіншісі сан түрлі бедер-белгісі бар құрлық секілді. Екеуі де алып та биік, айдынды да айбынды. Абай мен Жамбыл өз замандастарының ішінде жұлдыздай жарқырап ерекше көзге түсті де ұлттық поэзиямызға екі түрлі жолмен келді. Абай жазба әдебиетімізді жаңа реалистік дәстүрде берік қалыптастырды. Ал Жамбыл Жабаев – сонау заманнан бері халық өмірінің айнасы болған ақындық, жыршы-жыраулық өнердің саңлағы. Бұл – қазақ поэзиясының дамуындағы тарихи қоғамдық негізі бар құбылыс.
Халқымыздың сан қырлы, бай ауыз әдебиетінің көркем нышандары Абай мұраларында молынан айшықтала түседі. Жыр алыбы Жамбыл жайында: «Жәкең әрі жырау, әрі жыршы, әрі ақын. Ол өзіне дейін ертеде өмір сүрген айтулы ақындар мен жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық меңгерген, игерген өз шығармашылығына арқау еткен» деген тұжырым орынды айтылған. Өзіне дейінгі ұлттық руханиятпен сусындап өскен Жамбыл ақынның мұраларынан ауыз әдебиетінің құндылықтары айқын көрінеді. Абай да, Жамбыл да замана жайын, ондағы қоғамдық өмір құбылыстарын туындыларына арқау етіп отырған. Оған би-болыстарды сынап, мінеген арнау өлеңдері дәлел болмақ.

Жамбыл:

«Салқын келіп, тоң теріс,

Сыртқа сыздап қарайсың.

Сенен басқа жоқ болыс.

Деп өзіңді санайсың…

Шарға түсер шағыңда.

Қара тер боп шабылдың

Елге сөзің жеткенше:

Жамағат деп жалындың,

Салғыртыққа салындың, 

десе, Абай:

Мәз болады болысың,

Арқаға ұлық қаққанға,

Шелтірейтіп орысын,

Шенді шекпен жапқанға…

Ол болдым-ақ дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп көзді аспанға, –

дейді. Қос ақынның отты жырлары – заман келбетін, ондағы адамның болмысын көрсетер айна іспетті. Қоғам өміріндегі шындықты бүкпесіз, боямасыз сол қалпында өлеңдерінде өрнектеп, ақиқатты айтып, шығармалары арқылы оқырман қауымын жақсылыққа үндейді. Абай мен Жамбыл – ақындық мәдениеті биік, шеберліктері шыңдалған, қазақ әдебиетіне жаңаша леп әкелген кесек тұлғалар. Абай да өз лирикасының керекті жерінде кейбір қоғамдық қатынастардан белгі бере отырып, өмірге көзқарасын, таным-талғамын, идеялық бетін айқындайды. Қос ақын қоғам өміріндегі болып жатқан мәселелерді тілге тиек етіп отырған. Қазақтың данышпан ақындары Абай мен Жамбыл шығармалары ескірмейді, әр ұрпақ оны жаңаша көзқарас тұрғысынан танып, оларға өзіндік байламын айтады. Жаңа заман талабы да оқырман алдына жаңа міндеттер қоятыны сөзсіз.

Данат Жанатаев

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, профессор.

Әуез Ақдидар

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *