Абай жолы туралы үн

    Қазақи танымның үлгісі ретінде шығарма сұраса, бірден ойға адам құндылығы, өмір мәнін қамтыған, ұлы Абай туралы жазылған “Абай жолы” роман-эпопеясы есімізге түседі. М.Әуезов жазған бұл туынды, жалпыадамзат құндылықтары негізінде, өзінің даралығымен, өшпес өрнекті ізімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, екі бірдей тұлғаның сабақтастығымен, адами құндылықты шебер түрде шеңберлеп, бір-біріне үйлесімді түрде романды дамытуымен көптің ішінен жарып шықты десек қателеспейміз. Бұл туынды, ең біріншіден қазақ халқы үшін руханияттың асыл тәжі болса, екіншіден әлемдік әдебиеттің маржандарымен пара-пар.

   Абайтанудың негізін қалаған М.Әуезов, ұлы тұлғаның толыққандық бейнесі мен адами образын бейнелеуді, жеткізуді басты мақсат қылғандығы романды оқыған жанға бірден көрінеді. Бір таңқалатын дүние, Мұхтар ағамыздың тек қана ақын бейнесі мен халықты арқау ету арқылы теңгесі жоқ туынды жазуы. Шығармадағы үлкен ерекшелік —  кейіпкерлер мен олардың қайталанбас бейнесі, сол кейіпкерлердің жан-дүниесі мен қоғамға деген көзқарасының ашылуы. Автор хәкім Абайды тани отырып, туындыға адамгершілік пен жан сұлулығының үндестігін сіңірген. Жалпы айтқанда Абай болмысын үлгі ала отырып, оның бойындағы, өзіне тән қасиетті қағазға түсіру арқылы халыққа жеткізуді ұйғарған. Бұндағы негізгі ой – Абайды тану арқылы адами құндылыққа толу. Неге Абай? Өйткені, Абайды тану, оның өсу жолын білу арқылы әр адам рухани байып, кемелдене түседі, өмір сүрудің ізгілік, адамдық тұрғысымен танысады. Осыны негізге ала отырып туынды өзінің ауқымын кеңейтіп, түрлі образдар мен идеяларға қол жеткізді.

   Қалай десек те, Абай қазақ әдебиетінің сан ғасырлық өрлеу тұсында өлшеусіз үлес қосып, «алтын ғасырдың» көз жетпес көркем биігі болғандығы баршамызға белгілі. Абайдың рухани мұралары, Абай әлемі, абайтану тарихына зерттеу жүргізіп, Абай болмысын, ақын есімін өзекті тақырып етіп, ғылыми айналымға айналдырмаған зерттеуші-ғалымдар кемде-кем. Соның ішіндегі ең керемет үлгісі, алуан түрлі жақтарымен терең мән берген “Абай жолы” роман- эпопеясы. Ұлттық құндылықтың өзегі мен діңгегі бола білген Абайды білген, таныған дұрыс. Ал, оның танымы мен әрбір айтқан сөздерін түсіну үшін ең абзалы романды оқып,  түсіну. Сонда ғана адам құндылығының асыл тәжіне жетеміз деген ойдамын.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *