Девиантты мінез-құлықтың алдын алу бойынша мектептегі сынып жетекшісінің отбасымен жүйелі жұмысы

Девиантты мінез-құлық (лат.deviatio –ауытқу) – жалпыға ортақ ережелерден ауытқитын әлеуметтік іс-әрекет , осы ережелерді бұзатын адамдар мен әлеуметтік топтардың қылықтары, моральдық нормаларды бұзған адамның мінез-құлқы. Девиантты мінез-құлық тұжырымдамасын қалыптастырған француз әлеуметтанушысы -Эмиль Дюркгейм. Жеткіншектің мінез-құлқындағы ауытқулар көбіне туа пайда болмайды, олар физиологиялық ауытқулардан емес , отбасындағы дұрыс тәрбие бермеуден пайда болады. Осы аталып көрсетілген ауытқу – девиантты мінез-құлық деп аталады. Ғалымдар девиантты мінез-құлықтың пайда болу факторларын түрліше түсіндіреді. Олар:
 Жанұяда берекенің болмауы;
 Ата-ананың «ерекше» қамқорлығы;
 Тәрбие берудегі кемшіліктер;
 Өмірде кезігетін қиыншылықтар мен күйзелістерді жеңе алмау;
 Өмірлік дағдының болмауы,айналасындағы адамдармен; құрбыларымен жарасымды қатынасқа түсе алмауы;
 Сырттан келген қысымға төтеп бере алмау, өз бетінше шешім қабылдай алмау, сынаушылық ойды дамыта алмау;
 Психоактивті заттарды жиі пайдалануы;
 Агрессиялық жарнаманың ықпалды болуы;
 Мектептерде психологиялық көмек көрсету қызметінің нашар дамуы;
 Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытының проблемалары.
Аталған себептерден әлеуметтік-педагогикалық факторларды ажыратып алатын болсақ , олар мектептік, отбасылық,қоғамдық тәрбиедегі кемшіліктердің нәтижесінде , баланың оқудағы үлгермеушілігіне байланысты. Мұндай балалар көбінесе мектепке дайындығы жоқ, үйге берілген тапсырмаларына және бағаларға парықсыз қарайтындар. Мұның бәрі баланың оқудағы бейімсіздігін көрсетеді. Кейбір отбасындағы әлеуметтік жағдайдың өте төмен болуы, балаларды да өз ортасындағы әлеуметтік теңсіздікке әкеледі, ал мектеп оқушысы , жасы жетпегендіктен жұмыс істей алмайды, содан барып олар қылмысты іс-әрекеттермен айналыса бастайды.Баланың психоәлеуметтік дамуындағы ауытқушылықтардың негізгі факторы – ата-ана.
Девиантты мінез-құлықтың қалыптасыу отбасындағы қолайсыздықтың яғни ата-ананың арақ ішуі, нашақор заттарды пайдалануы , криминалды іс-әрекет,отбасылық қатыгездік,балаға қажетті көңіл бөлмеу, яғни балаға аналық немесе әкелік жылылықтың жетіспеуі , үнемі теріс қылықтары үшін ұрып-соғу,зорлық-зомбылық жатады. Балаға көрсетілген қатыгездік нәтижесінде бала қалыпты түрде дамымайды және қоршаған ортаға бейімделе алмайды. Соның әсерінен , бала өзін жаман, керексізбін деп сезінеді. Балада агрессия жоғарылайды , төбелескіш, өзіне сенімсіз , ұялшақ және өзіне деген бағасы өте төмен болады
Аталған девиантты мінез-құлықты оқушы менің сыныбымда бар. Қыркүйек айының басында мектеп психологы сабақтарға қатысып сынып оқушыларын зерттеу кезінде менің сыныбымнан девиантты мінез-құлықты оқушы анықталды. Ол балада алғашында , яғни 1- сыныпқа (2017-2018 оқу жылы) қыркүйек айында келгеннен бастап девиантты мінез-құлықтың белгілері байқала бастады. Баланың оқуға деген қызығушылығы мүлде төмен, сыныптағы оқушылармен үнемі араздасып қалып отырды. Тіпті сабаққа жиі кешігіп келетінін айтпағанда бала сабақта партада мүлде отыра алмайтын жағдайға жетті. Үзіліс арасында балалармен жиі-жиі төбелесіп қалады. Оқушым көп балалы , материалдық жағдайы орташа жанұяда тәрбиеленуде. Қыркүйек айының басынан бастап, мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі және мектеп психологымен біріге отырып баланың ата-анасымен әңгімелесіп, бала тәрбиесіне қатысты кеңес беріп, аз қамтылған отбасы болғандықтан мектеп тарапынан материалдық көмек көрсетіп отырдық. Үнемі баланың үйіне барып, баланың жанұядағы тәрбиесіне де араласып тұрдық. Оқушымның анасы көпбалалы болғандықтан, мектеп психологымен бірлесе жүргізген зерттеуіміз бойынша балаға аналық мейірімнің , жылы қарым-қатынастың жеткілікті мөлшерде берілмеуіне байланысты баланың бойында девиантты мінез-құлық пайда болды деген шешімге келдік.
Сыныптағы аталған оқушымнан басқа оқушылардың ата-анасы үнемі сабаққа қатысып, мектеппен қарым-қатынас жасап отырады. Сондай кездерде аталған оқушым сабақта мүлде отыра алмай , сабақ үстінде оқулық,сабақ құралдарын лақтырып, тіпті дәптерін де жыртып тастайтын. Ал көмек қолын созып, лақтырған құралдарын жинап беруге тырысқан оқушылармен бірден араздасып, өзінен-өзі айғайлап жылап қалатын. Осы агрессиясы қатты жылап алғанда ғана басылатын. Мектеп психологымен біріге отырып баланың ата-анасынан баласы үшін сабаққа келіп қатысуын сұрадық. Оқушымның анасы баласының қасына отырып сабағына қатысты. Балада агрессия азайып, өзін сыныпта еркін ұстай бастады. Мен өз тарапымнан балаға үнемі қолдау көрсетіп баланың орындаған тапсырмаларын балаларға мақтап көрсетіп отырдым. Мектеп психологы да баламен кесте бойынша жеке коррекциялық жұмыс жүргізіп отырды. Осы кезеңде оқушымның сурет салуға деген қызығушылығы бар екенін анықтадық. Ендігі кезекте оқушымды өз қызығушылығы бойынша үйірмелерге тартуды жоспарлап отырмын. Девиантты мінез-құлықты балаларды түзету күрделі , әрі қиын , ұзақ процесс. Оны іске асыруда көп шыдамдылық пен белсенділік қажет. Девиантты мінез-құлықты баланы түзетуде мынадай шарттарды орындау қажеттігі туады:
 балаға ілтипатпен, ізгі тілектестікпен қарау;
 оның жағымды қасиеттеріне сүйену;
 оның адамгершілік күшіне, потенциалды мүмкіндіктеріне сену;
 оқушыларды салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жасалған жалпы білім беретін бағдарламаларды тиімді пайдалану;
 девиантты мінезге ие балалардың білім алуы мен бос уақытын пайдалы іс-әрекеттермен өткізу жолдарын қарастыратын жаңа кешенді бағдарламалар құру;
Ата-ана, мектеп, оқушы бола отырып бірлесе жұмыс жасау арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады. Баласына жеткілікті мөлшерде көңіл бөліп, сабағын қадағалап, баланы өмірге бейімдеу ата-ананың парызы екенін әрбір ұстаз ата-анаға жеткізе білуі керек.
Баланың алғашқы адами құндылықтары ,әрине,отбасында қалыптасады.Алайда ешбір ата-ана өз баласының жаман болғанын қаламайды. Егер әртүрлі себептермен баласы тура жолдан шығып кеткеннің өзінде ,ата-аналарды кінәлай бермей , бірлесіп жұмыс істеу үшін олармен дұрыс қарым-қатынас орнату керек, бұл біріншіден ал екіншіден ол отбасының барлық жағдайын зерттеу керек, «қиын» балаға айналу себептермен әртүрлі жолдармен анықтау, тәрбие жұмысын дұрыс ұйымдастыруға оң әсерін тигізеді. Ол үшін : «Менің отбасым», «Мен не үшін ата-аналарымды жақсы көремін (сыйлаймын)» «Мен бос уақытымды қалай өткіземін?» деген тақырыптарға шығарма жаздырып , содан көп нәрсені білуге болады. Және де отбасылық қарым-қатынасты күшейту мақсатында отбасылық спорттық сайыстар өткізу ұсынылады. Үшіншіден , істелген жұмыстың бәрі алдын-ала терең , жан-жақты ойластырылған болуы керек. Ата-аналармен , олардың тәрбиесі қиын балаларымен жүргізілетін жұмыс сол отбасының жеке ерекшеліктерін ескере отырып жоспарланған болуы керек.
Ғалымдар жасөспірімдердің мінез-құлықтарын спорт , өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру , мектепке деген ықпалды күшейту , бойындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге араластыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсеткен.
Қорыта айтқанда , девиантты мінез-құлықты балалармен тәрбиелік жұмыстарын жүргізуде коррекция жасаушы әрбір психолог маман немесе ұстаз баланың тек кейбір мінездік кемшіліктерін түзетіп қана қоймай , оларды қоғамдық өмірдің талаптарымен ұштасқан дұрыс қарым-қатынас жолына қайтып әкеліп, ары қарай қалыптаса дамуына , әлеуметтенуіне көмектесуі қажет.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *