Адам бойындағы асыл қасиеттер-кісілік құнары

                                 Адам бойындағы асыл қасиеттер-кісілік құнары

      Адамға қойылатын басты талап-асыл да ізгі адами қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу.Өйткені адам-өзінің имандылығымен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты.Оның бірерін жіпке тізіп көрелік: Жылы жүректі. Талапты. Адал. Ізденгіш. Терең ойлы.Парасатты. Инабатты. Қайратты. Жомарт. Кеңпейіл. Мейірімді.Әдепті. Кішіпейіл.Ақылды. Жүйрік ойлы. Зейінді. Жанашыр. Сенімді.Батыл. Алғыр.Адал.Шыншыл.Байсалды Ойшыл. Иманды, Қайырымды. Бұлай санамалай берсең адам бойындағы асыл қасиеттер талай жүзге жетер. Ал,топтастырып зерделесек сегіздің арғы не бергі жағында екенін аңғаруға болады. Сондықтан да,казақ атамыз жігіттерін «сегіз қырлы болсын» деген ғой. Адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, бақыт та қонбайды.(Ж.Баласағұни) Адам-Аллаһтың көркем түрде, ерекше махаббатпен жаратқан жаратылысы. Барлық әлемдердің Раббысы жаратқан мақұлықтарының ішінде адамға ғана ой-сана, ақыл берді. Сөйлеу қабілетіне ие қылды. «Аллаһ сендерді аналарыңның қарнынан еш нәрсе білмейтін түрде шығарды да сендерге есту, көру және ойлау қабылетін берді. Әрине шүкіршілік етерсіңдер» (Нахыл сүресі, 78-аят).Адам бойындағы барлық күшін қоршаған ортадан,алыс-жақын дүниеден алатыны белгілі. Соны сезіну, тану, білу арқылы ұғады, білімін .арттырады, ойын толықтырады. Бірақ құдыретті сананың сан қилы саяси, философиялық, ғылыми, көркем әдебиеттің, діни қорытындылардың негізі – түрткісі, қайнар көзі сол объективті дүние, қоғамдық болмыс, өмірдегі түрлі іс-әрекет, шешілмеген, шиеленіскен мәселелер.Рухани бастаулар мен жан әлемінің тылсым дүнелері адам болмысына сәт сайын әсер етіп,ықпал жасайтыны осы заманда айқын сезілуде Ал оларды бейнелеп, талдау керек. Ондай мәселелерсіз ой да шарықтамайды, дүние де толығырақ түсінілмейді, оны зерттеу де мүмкін емес. Ғылыми жаңалықтар, данышпандық тұжырымдар, ғажайып шығармалар, жан-дүниеңді қозғайтын ән, тәтті күйлер – осылардың бәрі ақыл-ойдың нәтижесі,сананың сан қилы құбылыстары.

Ақылдылық – бұл жан-жақты жетілген білімді, салмақты да байсалды қарапайым да кішіпейіл, аса ізетті адам қасиеті. «Ақылды адамға екі дүниеде жол ашық » деген Ж.Баласағұн. Қазақ мақал-мәтелдерінде де «Ақылды кісі азбайды», «Ақылды адам ақымақтан да бірдеңе үйренеді», «Ақылды айттырмай біледі» деп ерекше мән берген. Ақыл-адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет.Абай дана «Үш-ақ нәрсе-адамның қасиеті: ыстық қайрат,нұрлы ақыл,жылы жүрек» десе «Адамның жақса өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым бола алатын адал-еңбек,мінсіз –ақыл,таза –жүрек.Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді» -деген Ш.Құдайбердіұлы Ежелгі ойшылдар еңбектерінде ақылдың екі деңгейі болатыны айтылады. Ол -пайым және парасат.Пайым-ақылдың табиғи күші, ол әрбір адамға тән. Есі дұрыс әрбір адамның тіршілік дағдыларын қай дәрежеде меңгергендігіне байланысты ойлау жүйесінің ең төменгі буыны.Парасат-ойдың мүлдем жаңа таным-білімдерді қорыта алатын және шындықтың аса терең мәнін танып біле алатын жоғары жасампаздық қабілеті. Ақыл-ой дамуының ең жоғарғы дәрежесі-даналық (өмірлік тәжірибеге сүйенетін терең ақыл). Даналық-адамзаттың сан ғасырлық таным процесі мен өмір тәжірибесі нәтижесінде жинақталған рухани ілім-білімді игеріп, оны ұрпақтан ұрпаққа ұлағатты ой-пікір, өнегелі түсінік, ізгілікті іс-әрекет түрінде жеткізе білетін адам қасиеті,тұлғаның тиімді анализбен, адамдар өміріндегі қүнделікті және ғылыми оқиғаны алдын-ала жобалауымен және бағалауымен байланысты интеллектуалдық дамуының ең жоғары деңгейі, табиғи интелектінің (құраушы) бір жағы. Ол болып жатқан окиғалар туралы ақпаратты өңдеу мен бейімделуге тікелей байланысты. Сонымен бірге даналық интеллектуалдық жетілудің ерекше жағдайы ретінде танылады. Даналық – ауқымы кең, күрделі құбылыс, оған бір жақты, кесімді анықтама беру мүмкін емес. Ол, әдетте, надандыққа қарсы мәнде де қолданылады.Даналық-адамгершілікті танудағы, табудағы, табыстырудағы құбылыс, қасиет, құрал. Даналықтың тәні «талап, еңбек, терең ой, ар-намыс, ынсап, сабыр ғой», жаны -туралық пен әділетте, сезімі-рух, ыстық жүрек, өң-шырайда, тегі-ынсап пен рахаттану да, адалдық үшін күресте. Ақылмен ғана іс әрекет ететін болсаң – нәтижесі дұрыс болмайды, ал ақыл мен жүрек біріккенде -парасат пайда болады. Парасаттылық ақ пен қараны,жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік береді. Демек, кез келген нәрсені,құбылысты сабырмен, түсіністікпен қабылдап, сүйіспеншілікпен пайымдау жасасақ – жаман ойдан арылып, жаныңыз жай табады, күдіктен, мазасыздықтан, үрейден арылтады. Рух-деген адам бойындағы бір қуат. Ол қуат адам бойында кездесетін барлық жақсы қасиеттермен жасайтын барлық игі істерінің қайнар көзі. Рухтың мекені-адамның жүрегі. Жүрек жылуы, махаббат ,ар-ұят, қайрат, мейірімділік, жақсылық, адамшылық осы жүректен туындайды. Рухтың табиғаты материалдық зат емес, оның табиғаты-асыл нұр.Күн адамның рухы болса, күн сәулесі –ақыл. Себебі ақыл-рухтың құрамдас бөлігі Адам бойындағы барлық жақсы қасиеттер рухтан туындайды, ал жаман қасиеттер нәпсінің көрінісі болып табылады. Адам денесі тұтас болғандықтан оның ішінде билік үшін үнемі осы екі қуаттың-«рух пен нәпсі» күресі жүріп жатады.Адамның ішінде болмайды аласы,Оларды бұзатын нәпсінің таласы. (Шәкәрім.)Рухани бай адам-ең алдымен әділ, шыншыл, мейірімді, кешірімді, қанағатшыл, ақылды болады. Осындай қасиеттері бар адамда адамшылық мол Адамгершілік ұғымында да осы аталған қасиеттер мен бірге аяушылық сүйіспеншілік, жан аямай еңбек етушілік т.б. көптеген сапалар кездеседі Мақсаткерлік – бұл адамның өз мінез-құлқын көздеген мақсатына алаңсыз бағыштауы, мұны өзінің ұстанған бағыт-бағдарына танымы мен сеніміне, асыл арманына бағындыра алуы. «Мақсатсыз өмір сүрген адам неткен бейшара» депті орыс жазушысы И.С.Тургенев. «Адамдарды алдына қойған мақсатымен бағалау керек» деген белгілі саяхатшы Миклухо-Маклай. Мақсаткер адам ылғи да жалындап жанады, бықсу дегенді білмейді, ол жеңілмеу үшін күреседі. Адам:ақиқатты түсіне алғанда ғана;жақсыға ұмтылғанда ғана;дұрыс әрекет жасағанда ғана;жүрегін сүйіспеншілікке толтырғанда ғана байсалдылыққа, мақсаттылыққа қол жеткізеді.Ал адамның жан дүниесі сүйіспеншілік болғанда ғана өзгеріске түседі.Сүйіспеншілік қорқынышты білмейді, сүйіспеншілік өтірікпен өш.Сүйіспеншілік тілдің ұшында, ақылдың шыңында емес – ол жүректің төрінде. Сүйіспеншілік кешірімділер мен жаны жомарттармен бірге, өзімшілдік ала берсем деп ойлап, жақсылықты тез ұмытып кететіндермен сиыспайды. Сүйіспеншілік – барлық руханилықтың тамыры, барлық шығармашылық пен ізденістердің мәні, барлық талпыныстардың қиылысқан тұсы, адамдардағы шабыт көзі.Қиянат жасамау, яғни басқаларға зиян келтірмей өмір сүру-бұл сүйіспеншілік пен ынтымақтастық рухы, кешіре білу, қайырымдылық, қоршаған орта мен өзгелерге қамқорлық, бауырмалдық және теңдік сезімі ұлттық сана, өзгелердің мәдениеті мен түрлі рухани дәстүрлеріне деген құрмет.Ұлттық рух ─ ұрпақ тәрбиесінің арқауы. Ұлттық рух дегеніміз – өз ұлтыңа деген ерекше сүйіспеншілік. Ол сүйіспеншілік қайдан пайда болады? Егер де ұлттың топырағында туып өссең, оның болмысын қаныңа, жаныңа, тәніңе сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын білсең сүйіспеншілік пайда болады. Жалпы Сүйіспеншілік атты адамның асыл қасиеті Жасағанның сыйлаған нәзік сезімі,ерекше несібесі.Оның нышаны тілі шықпаған «жанды бақа» нәрестеден де сезіліп тұрады.Сүйіспеншілікті Яссауи бабамыз,Абай данамыз Аллаһты танудың жолы,оны «көрудің» ерекше көзі десе Шәкерім атамыз Әлемді танудың,саналы іс-әрекеттің басы деп көрсетеді.Данышпан Абайдың мына бір шумақ өлеңінде осы ойлар ;

Махаббатпен жаратқан адамзатты,          
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.        
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,       
Және хақ жол осы деп әділетті.    
Осы үш сүю болады ИМАНИ ГҮЛ,         
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.  
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл,-деп берілген..

Хәкім Абай мұнда пенденің әуелі жаратқан иесі Алланы, сосын барша адамзатты және әділеттікті сүюді, яғни осы үш ұлы сүюдің жиынтығын «имани гүл» деп атағанын көреміз. Шындығында, иман ақиқаты осы үш махаббаттан тарайды десек, артық айтқандық емес.Тәрбиелеу қазақ ілімінде мынандай түжырым бар: «Басына бақ жұғысып,құт қонатын қазақтың ұлы құлықты,қызы қылықты келеді.Себебі-қазақ,Аллазан сұрап, қалап алған ұрпағын олар қанша көп болса да, «Алла аманаты ,Тәңір сыйы»,- деп көріп,оларды-«Сүйіспеншілік бесігіне бөлеп,Махаббат жөргегіне орап,Мейірім уызымен ауыздан-дырып өсіреді.»Сондықтан қазақ баласына сүйіспеншілік,махаббат,мейірім, сыпайылық, имандылық қатарлы асыл қасиеттер ана сүтімен беріліп,дамып жетіледі.Қазақ ұрпағын жетімсіретпейтін себебі осында.Жетім өскен ұрпақ аталмыш бесікке бөленбей мейірім-ділік уызына жарымайды. « Мейірімділік,- деп жазды К.Бови,- мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл» Мәселен, балада алғашқы күннен бастап-ақ адамға деген шынай сүйіспеншілік сезімі болатынын М.Жұмабаев өз еңбігінде былай суреттеп берген: «Ананы сүю сезімі оянады. Анасын сүю, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Бірақ ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Ол елін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық азаматты сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздерден ізігілік деген сөздерден дұрыс һәм толық мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни жауыздықтан безіп, ізгілікке ұмтылуы, туысқандарын сүю, яғни оларға жауыздық тілемей ізгілік тілеу, өз елін сүюі, пайда келтіріп, зиян келтірмеу, һәм басқаларға да зиян келтірткізбеу, ең негізінде — біткен адамзатты дос һэм бауыр көру екен.Міне, кімде-кім өзін сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе біткен адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймын»,- деген сөздерiне жүгiнсек, iзгiлiк қазақтың қанында бар қасиет екендігіне көзіміз әбден жетеді Сүйіспеншілік аталтын нәзік сөзімнен көптеген адами сапалар туындап,махаббат алақанында әлпештеніп,  жайсаң мінездер қалыптасады.  Перзенттік борыш,ата-аналық махаббат,туысқандық мейірім, достық мейірім,  ұлтжан-дылық, отансүйгіштік ,елжандылық,бауырмалдылық- осы асыл қасиеттің тарамдалып жетілуі,көгеріп көркеюі.Қайырымдылық-айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатыгездікке жол жоқ. Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымдылық-халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Қазақтардың,- деп жазды, осы халықтың өмірін, түрмыс-салтын алғаш зерттеушілердің бірі А.И.Левшин, (1799-1879) — басқа Азия халықтарына қарағанда …қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға қүрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі — айрықша қасиеті».Біздер — жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без» деп, осынау қасиеттен жүрдай адамның жүртқа қадірі болмайтынын бірден кесіп айтатын халықпыз.Адам өміріндегі ең игі істің бірі — қаріп-қасірге, кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға қамқорлық жасау. «Қүран кәрімде»де қайырсадақа беру — әр адамның мүсыл-мандық парызы делінген. Қайырымдылық — кең мағыналы үғым. Мөселен, отбасын-дағы үлкеннің кішіге қамқорлығы, кішінің үлкенге ізеті, баланың ата-анаға, өке-шешенің бала-шағасына мейір-шапағаты, үл мен қыздың ер жеткен соң еліне қызмет етуі – қайырым-дылықтың түрлі көріністері мен қайнар көздері. Халқымыз өз үрпағына осы қастерлі қасиетті ес біліп, етек жаба бастаған кезден үйретіп, мұны тұрмыстық салтқа, адамгершілік дәстүрге айналдырып отырған. Халық «бір үйлі жансың, бір-біріңе меймансың», «бір-бірінді сыйласаң — жан семіреді» -деп, қайырымдылық қасиетті үрпағына мирас етіп, ерекше кадір түтып, қастерлеп келгенін біздер еш уақытта естен шығармауымыз қажет.Сабырлылық – адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткені де, екіншісі адам өзін-өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Мейірімділік пен ізгілік – егіз қозыдай осы екі қасиет басқаларға (әке-шеше, ағайын-туыс, танысқа көңіл бөлу ) олардың сеніміне ие болуды айналадағылармен өзара дұрыс қарым-қатынас жасау,адамға эмоциялық жағынан тиімді, кісінің шат-шадыман тіршілігі үшін маңызды.Үйде де, түзде де кісіге ізгілік, имандылық пен қара, оның қамын ойлау, оған мейірімділік пен мейірмандық білдірген жанашырлық пен қамқорлық жасай білу кісіліктің, ұнамды мінездің көрінісі.. Ұлтжандылық дегеніміз — өз ұлтын сүю және өз халқы үшін аянбай еңбек ету, ұлттық мүддені қорғау, қайда жүрсе де өз ұлтының баласы екендігін ұмытпау, сонымен қатар басқа ұлттың өкілдеріне құрметпен қарап, өз халқының мүддесіне сай саяси, экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелерді шешуге атсалысу.Ал, отансүйгіштікті ұлтжандылықтан бөліп қарауға әсте болмайды. Бұл екі үғым бірін-бірі толықтырып отырады.Отансүйгіштік дегеніміз — өз жеріне, өз халқына деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар өз Отанын анам, жаным, жүрегім, өмірім, қаным деп қарап, өмірін қиюға даяр бола алу. Отансүйгіштік — әр заман ғұламалары адамның осынау қасиетін қастерлеп, сөздерінің небір дәмді ой түйіндерін арнаған. Мәселен, М.Әуезов: «Отан анам, Отаным сенен аяр жаным жоқ,сенен іркер күшім жоқ » десе, В.А Сухомлинский: « Отан — өз бесігің,өз үйің, өз бесігіңді ұмыта көрме » дейді. «Ең зор ізгі ерліктерді Отанға деген сүіспеншілік туғызған » дейді Ж.Ж. Руссо.

Борыш пен жауапкершілік – бұл адамның әке-шеше, үй-іші, тума- туыстарына қатысты перзенттік парызынан туындайтын қасиет.Мұның негізінде өзін әлпештеп, адам етіп өсіргендердің алдындағы жауапкершілігін бар санасымен терең аңғара алып түсіну, сондай-ақ, осы арадағы өз парызы мен қарызын қалай ақтау жолын ойластыру жатады. Борыш пен жауапкершілікті түсіне білуден адамның имандылығы мен адамгершілігінің дәрежесі байқалады.Сондай-ақ,оның биік дәрежесі, ауыл алдындағы,ру алдындағы, ұлт алдындағы,Отан алдындағы өз міндетін қалай орындап,қайтып сенім мен үмітін ақтау,жету сияқты өршіл талаптар жатады.Ар-ұят – халқымыз «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп арды жаннан да қымбат есептейді.Ұят – адамгершілікті сақтай білудің, имандылықтың жотасы. Бұл жан толғаныстар арқылы бет-бейнеден, инабатты іс-әрекеттерден байқалады. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп халық ұятсыздықтың негізі қанағатсыздық, ұрлық, мақтаншақтық, өтірік айту, адамгершілік қалыпты бұзу деп есептейді.Адалдық пен шыншылдық – адал адам шынайы да, шыншыл адам. Адалдық сөздің таным мен сенімге ұштасуы,оның іс-әрекетке қайшы келмеуі. Адал да шыншыл, әділетті болу- еңбекпен білім алуға, жалпы іс-әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты, тіршілікке тиянақты болу деген сөз. Адалдық пен шыншылдық бар жерде әділет, кішіпейілділік, қайырымдылық пен қарапайымдылық та еріп жүреді, бұлар кісінің ат пен абыройына дақ түсірмейді.Достық – адамды асқақтатады, ол жан мен тәннің гүлдене түсуіне көмектеседі.Оның маңызды белгісі – берік әрі терең эмоциялық жақындық. Ол- адамның бір-біріне сөз жүйесінде де, іс жүзінде де адал және шынайы болу, өзара терең мүдделік, бір-біріне терең сенім, қайғы мен қиыншылықта өзара терең мүдделік,бір-біріне терең сенім,қайғы мен қиыншылықта өзара қол ұшын беру,өзара жауапкершілік пен қамқорлық. Жалқау, менмен, мәдениетсіз, самарқау, салдыр салақ адамдар бір-бірімен дос болып көгермейді.Достыққа байланысты Шал ақын «Достық аспандағы жарық жұлдыз, теңіздегі гауһар тас» деп бейнелейді. Жұлдыз да, асыл тас та кіршіксіз мөлдір. Бұл екеуін ешкім де еш құдірет те кірлете алмайды. Достыққа кішкене сызат түсті дегенше, құдай ұрды дей бер. Егер шын дос табылса мал-басыңды соның жолында құрбан ет. «Досыңның кішкене сыйын көптей көр, досыңа қанша көп берсең де аздай көр» дейді сөз зергері Машһүр Жүсіп.Адам бойындағы асыл қасиеттер-кісіліктің туындап қалыптасуының құнары.Кісіні қалыптастыру үшін оның тамырын тереңге жайып,осы құнардан нәр алатындай дәрежеге жеткізу шарт.Мен бұл жерде,бәрін тәптіштеп жазған себебім,рухани адамгершілік білім беруге аралған пән оқудығында,тіпті оны оқытушы мұғалімдер  адамгершілік асыл қасиеттердің мәнін толық аша білмейтінін байқадым.Мен де барлығын жеткізе алғаным жоқ.Мұғәлімдерге ой салу ниетінде қысқа қайырдым.

 

 

                                             Қобдабай   Қабдыразақұлы  10.10.019

 

 

Читайте также:

Добавить комментарий