Мазмұнға өту

Шекарасыз білім – ел болашағы

Тұрғанбаева Айнура Мұханқызы 4 мин оқу 92 оқылым

Тұрғанбаева Айнура Мұханқызы
№111 жайлы-орта мектеп
11 сынып


Бір мектепте – жоғары жылдамдықтағы интернет, жабдықталған зертханалар, интерактивті тақта. Екінші мектепте – компьютер санының аздығы, кітап қорының ескілігі, пән мұғалімдерінің жетіспеуі. Екі мектеп те бір елде орналасқан, алайда олардың мүмкіндігі тең деп айта аламыз ба?

Мемлекетіміздегі ауыл мен қала мектептерінің салыстырмалы түрде айырмашылығы тек географиялық ара қашықтығымен шамаланбайды – бұл білімнің сапалық көрсеткішіндегі, тұлғаның қалыптасуы мен болашақ бағыт таңдаудағы алшақтығы.

Бұл мәселе тек белгілі бір аймақтың шеңберінде қалатын тар ауқымды түйін емес. Ауыл баласының білімі – оның жеке тағдырының, бір шаңырақтың ғана емес, ел ертеңінің таразысы.

Қазақстанда елді мекендерде орналасқан мектептердің саны басым. Нақтырақ айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сүйенсек, ауылдық мектептер еліміздегі барлық білім беру ұйымдарының шамамен 67 пайызын құрайды. Дегенмен, пәндік олимпиадалар мен халықаралық зерттеулер, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері көрсеткіштері бойынша қала мектептерінің басымдығы айтарлықтай байқалады. Аталған теңсіздіктер білім беру жүйесіндегі құрылымдық мәселелермен тікелей байланысты. Көрсеткіштер арасындағы алшақтықтың түп-төркіні бірнеше өзара сабақтас факторларға негізделген.

Ең алдымен, материалдық-техникалық база мәселесіне тоқталайық. Қала мектептері жылдам интернет жүйесімен, интерактивті тақталармен, толықтай жабдықталған заманауи зертханалармен, робототехника кабинеттерімен жабдықталса, көп ауыл мектептерінде қажетті базалық құрал-жабдықтардың өзі жеткіліксіз. Интернет жүйесінің баяулығы да цифрлық білім беру мүмкіндіктерін шектеп, соның салдарынан ауыл оқушылары онлайн оқу платформаларына толықтай қол жеткізе алмайды.

Екіншіден, білікті маман тапшылығы – бұл ең басты мәселелердің бірі.

Ауылда, ауылдық мектептерде білікті жас мамандарды тұрақтандыру қазіргі таңда қиындыққа айналды. Олардың ауылға барғысы келмейтінін түсіну үшін бірнеше мәселеге назар аудару қажет. Біріншіден, әлеуметтік және тұрмыстық жағдайдағы шектеулер: тұрғын үй, қоғамдық көлік пен қатынау қиындықтары, яғни транспорт, медициналық пункт немесе тұрақты дәрігер болмауы, интернет және байланыс сапасының төмендігі – айта берсең, тағысын тағы шектеулер жеткілікті.

Екіншіден, экономикалық ынталандыру жеткіліксіз: ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің айлығы қалалық мектептердегі әріптестеріне қарағанда едәуір төмен, қосымша сыйақылар шектеулі. Қысқаша айтқанда, қаржылық қолдаудың жетіспеуі жас мамандардың ынтасын төмендетіп, білікті кадрлардың ауылға келуін қиындатады.

Үшіншіден, біліктілігін арттырып, кәсіби дамуға мүмкіндіктердің шектеулілігі: қаладағы мұғалімдер семинарлар, біліктілікті арттыру курстары, тренингтерге кедергісіз қатыса алады, ал ауыл мектептерінде бұндай мүмкіндіктер шектеулі. Мұғалімдердің тапшылығы мен жағдайдың шектеулілігі білім теңсіздігінің негізгі себебі екені анық, бірақ мәселе тек осымен ғана шектеле ме?

Үшіншіден, қалада оқушының мектеп пәндерінен тыс қосымша білім беру орталықтарына, репетиторлық қызметтерге, домбыра, ән, би, ғылыми үйірмелер және тағысын тағыларына қол жеткізе алуы. Ал ауылдық жерлерде мұның бірі де жеткілікті деңгейде қолжетімді болмауы. Әрине, бұл мәселе оқушының жан-жақты дамуына, өзіндегі қосалқы таланттарын ашуына, бос уақытын тиімді, өзінің дамуына жұмсауына үлкен кедергі болып табылады. Білімнің тек мектеп қабырғасымен шектелмейтіні баршамызға белгілі.

Мемлекет бұл мәселеге шешім табуға бағытталған бірнеше бағдарламаны қолға алды. Мысалға, Оқу-ағарту министрлігі ауыл мектептерін қолдауға бағытталған «Жайлы мектеп» жобасын іске қосып, сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жас кадрларды ауылға бағыттау көзделді. Бірақ бұл бастамалар үміт отын жаққанымен, мәселенің түпкілікті шешімі жүйелі де кешенді саясатты талап етеді.

Менің ойымша, ауыл мектептеріндегі білім теңсіздігін жою үшін нақты үш бағытқа басымдық беру қажет.

Бірінші маңызды қадам – ауыл мектептерінде инфрақұрылымды толық жаңарту. Бұл бағыт тек жаңа ғимараттар салумен шектелмей, мектептерге сапалы кабинеттік жүйе, жылдам интернет, толық жабдықталған зертханалар және цифрлық ресурстарға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді қамтиды.

Екінші бағыт – мұғалім мәртебесін нақты қолдау. Ауылға барған жас маман тек бір реттік көтермеақымен емес, тұрақты әлеуметтік кепілдіктермен, тұрақты баспанамен, кәсіби дамуға мүмкіндікпен және ауылдағы жеке өміріне қажетті әлеуметтік жағдайлармен қамтамасыз етілуі тиіс. Мұғалімнің мәртебесі мен сенімді қолдауы оның ауылда ұзақ уақыт қалуына, оқушыларға сапалы білім беруіне негізгі фактор болып табылады.

Үшінші тәсіл – онлайн платформалар мен қашықтан оқыту мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану. Ауылда толықтай тең білім беру мен білікті мұғалім тапшылығын шешкенше, қаладағы тәжірибелі ұстаздардың онлайн сабақтарын, тәсілдерін ауылдық мектептерге жүйелі түрде енгізу білім сапасын теңестіруге бірден- бір таптырмас тәсіл. Бұл толықтай білікті маманды алмастырмағанымен, ауыл оқушыларына жаңа технологиямен жұмыс істеу дағдыларын беріп, білім алудағы теңсіздікті азайтуға мүмкіндік туғызады.

Бүгінгі күні ауыл мектептеріндегі білім сапасының мәселесі – қоғам назарынан тыс қалмауы тиіс өзекті тақырыптардың бірі. Ауыл оқушысының әлеуметтік жағдайы, талпынысы немесе қабілеті қала оқушысынан еш кем емес. Тіпті көп жағдайда ауыл жастары еңбекке бейімділігімен, жауапкершілігімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, ауыл жастары ортаға тез сіңіп, шектеулі мүмкіндіктің өзінде жол табуға, бар ресурсты тиімді пайдалануға тырысады. Ауыл қоғамында адамдар бір-біріне жақын болғандықтан, балалар да бір- біріне көмек қолын созу мен ынтымақтастыққа үйреніп өседі. Бұл қасиет кейін жоғары оқу орнында немесе жұмыс барысында тез тіл табысуға көмектеседі.

Түптеп келгенде, менің айтарым – ауыл баласының бірегей қабілеті мен шыңдалған дарыны ешбір қала баласынан асып түспесе, кем болмайды. Мәселе тек осы қабілет пен мінездің сапалы білім мен мүмкіндіктер арқылы толық ашатын жағдайдың жоқтығында жатыр. Сол себепті мемлекет, білім саласы өкілдері, қоғам және әрқайсысымыз бірлесіп отырып, осы алшақтықты қысқартуға күш салу қажет, себебі тең білім – тек мектептің емес, тұтас қоғамның міндеті. Бүгін біз көрмейтін алшақтық ертеңгі қоғамның теңсіздігіне айналмас үшін әрқайсымыз қолымыздан келгенді жасауға міндеттіміз.

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp

Автор

Тұрғанбаева Айнура Мұханқызы

Автордың басқа материалдары

Оқушы

Қайырымдылық – жүректен шыққан жылу

№111 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлегі 2026 жылдың 18 маусымында №111 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып түлектері, мектеп ұжымы және ата-аналар бірлесіп ерекше әлеуметтік-қайырымдылық акциясын өткізді.…

Тұрғанбаева Айнура Мұханқызы 56 оқылым 1 мин

Осы тақырыптағы материалдар

Оқушы

Тарихы тұғырлы Отырар

Бердіқұл Заңғар Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гиназиясының 3 "ә" сынып оқушысы. Жетекшісі: Шектібаева Ұлжанар Аңдатпа Бұл мақалада Қазақстанның ортағасырлық тарихында маңызды орын алатын Отырар қаласының тарихи және…

Bilimger Media 30 оқылым 6 мин
Оқушы

Оқушыларға мақала жазу үлгісі: толық нұсқаулық және дайын мысал

Мақала жазу — оқушының ойын жүйелі жеткізуіне, ақпаратты талдауына және өз пікірін дәлелдеуіне көмектесетін маңызды дағды. Мектепте мақала қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында, ғылыми жоба кезінде, мектеп газетіне немесе…

Bilimger Media 306 оқылым 17 мин
Оқушы

Студенттердің жұмыс пен оқуды қатар алып жүруі

Студенттердің жұмыс пен оқуды қатар алып жүруі: қажеттілік пе, әлде таңдау ма? Қазіргі таңда көптеген студенттер білім алумен қатар жұмыс істеуді таңдайды. Бірі қаржылық тәуелсіздікке ұмтылса, енді бірі болашақ мамандығы…

Жұбат Жамила Саматқызы 68 оқылым 1 мин
Оқушы

Қазіргі қоғамдағы қыз тағдыры

Қазіргі қоғамдағы қыз тағдыры: мүмкіндік пен жауапкершілік Қыз бала – отбасының ғана емес, ұлттың да болашағы. Қазақ халқында «Қыз – қонақ», «Қыздың жолы – жіңішке» деген нақыл сөздер бекер айтылмаған. Бұл – қыз баланы…

Жұбат Жамила Саматқызы 63 оқылым 2 мин