Мазмұнға өту

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы

Bilimger Media 2 мин оқу 123 оқылым

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол - ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі хаят, хәдис - сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.

Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,

Мүнәжәт уәлилердің зар наласы.

Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,

Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанып жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.

Казаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ көрінеді солар даңдақ.

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, кызықты айтсам қыздырмалап,

Әншейін күн өткізбек әңгімеге

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.

Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,

Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.

Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,

Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.

Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,

Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.

Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,

Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».

Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап -

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Материал пайдалы болды ма? Бөлісіңіз

WhatsApp

Автор

Bilimger Media

Осы тақырыптағы материалдар

Абай Құнанбайұлы

Сегіз аяқ

Сылдырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай, Кірлеген жүрек өз ішін Тұра алмас әсте жуынбай. Тәннен жан артық еді, Тәнді жанға бас ұрғызса, Артықша ием қалмаса, Не түлкі, не қой болмаса. Қайғы шығар іріңді, Жариядан…

Bilimger Media 87 оқылым 1 мин
Абай Құнанбайұлы

"Әзім әңгімесі" поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Бір сөзім «Мың бір түннен» оқып көрген, Өлең қып сол сөзімді айтқым келген. Болыпты ағайынды екі жігіт, Бағдатта Мұстапа мен Сапа деген. Екеуі жетім еді әкесі өлген, Талаптан, жетімбіз деп, бос жүрмеген. Тігінші, кестеші…

Bilimger Media 84 оқылым 13 мин
Абай Құнанбайұлы

Масғұт поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Я, Алла, құрметіне достың Махмұт, Тілге жар бер, білінсін тура мақсұт. Аруан-Рашид халифа заманында Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт. Шаһардан бір күн Масғұт шықты тысқа, Барды ма кезі келіп бір жұмысқа? Бір ұры бас сап…

Bilimger Media 190 оқылым 5 мин
Абай Құнанбайұлы

Ескендір поэмасы. Абай Құнанбайұлы

Осы жұрт Ескендiрдi бiле ме екен? Македония Шаћары оған мекен. Филипп патша баласы, ер көңiлдi, Мақтан сүйгiш, қызғаншақ адам екен. Филипп өлдi. Ескендiр патша болды, Жасы әрең жиырма бiрге толды. Өз жұрты аз көрiнiп,…

Bilimger Media 471 оқылым 5 мин