«Қырында киік жайлаған...»
Асан қайғы · 161 жол
Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойың-ды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің.
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген,
Екі семіз қолға алып,
Ерлер жортып күн көрген
Еділ деген қиянға.
Еңкейіп келдің тар жерге,
Мұнда кеңес қылмадың.
Кеңестің түбі нараду...
Нәлет біздің жүріске,
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң,
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!..
Асанқайғы Сәбитұлы
Құйрығы жоқ, жалы жоқ –
Құлан қайтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ –
Жылан қайтіп күн көрер!?
Шыбын шықса жаз болып –
Таздар қайтіп күн көрер?!
Жалаң аяқ балапан,
Қаздар қайтіп күн көрер!?
Асанқайғы Сәбитұлы
Ай, Хан ием, мен айтпасам, білмейсің,
Айтқаныма көнбейсің.
Шабылып жатқан халқың бар,
Аймағын көздеп көрмейсің.
Қымыз ішіп қызарып,
Мастанып, қызып терлейсің,
Өзіңнен басқа хан жоқтай
Елеуреп неге сөйлейсің?!
Қорған салдың бейнет қып,
Қызметшің жатыр ішіп-жеп,
... Оны неге білмейсің?!
Қатын алдың қарадан,
Айрылдың хандық жорадан,
Ел ұстайтын ұл таппас,
Айрылар ата мұрадан!
Мұны неге білмейсің!?
Құладын құстың құлы еді,
Тышқан жеп, жүні түледі.
Аққу – құстың төресі,
Ен жайлап көлді жүр еді.
Аңдып жүрген көп дұспан
Елге жау боп келеді:
Құладын қуды өлтірсе –
Өз басыңа келеді!
Құлың көп сені өлтірер,
Осыны Асан біледі,
Мұны неге білмейсің?!
... Тіл алсаң, іздеп қоныс көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір,
Мұны неге білмейсің!?
... Ай, Жәнібек, ойласаң.
Асанқайғы Сәбитұлы
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басың шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!?
Қош, аман бол, Жәнібек,
Енді мені көрмейсің!
Асанқайғы Сәбитұлы
Бұл заманда не ғаріп?
Ақ қалалы боз ғаріп,
Жақсыларға айтпаған
Асыл шырын сөз ғаріп.
Замандасы болмаса,
Қариялар болар тез ғаріп.
Қадірін жеңге білмесе.
Бойға жеткен қыз ғаріп.
Ел жағалай қонбаса,
Бетегелі бел ғаріп.
Қаз-үйрегі болмаса,
Айдын шалқар көл ғаріп.
Мүритін тауып алмаса,
Азғын болса, пір ғаріп.
Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп.
Асанқайғы Сәбитұлы
Есті көрсең, кем деме,
Бәрі тұйғын табылмас.
Қарындасың жамандап,
Өзіне туған табылмас.
Адам әзіз айтар деп,
Көңіліңді салмағыл.
Нәпсі алдаушы дұспанның
Насихатын алмағыл.
Бақыты оянған ерлердің
Әрбір ісі оң болар.
Дәулеті күнге артылып,
Не қылса да, мол болар.
Тазылары түлкі алып,
Қаршығасы қаз іліп,
Сөз сөйлесе, жөн болып,
Не десе де жарасар.
Бай, байсын деп ат қойып,
Ел аузына қарасар.
Арғымаққа міндім деп,
Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа.
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа.
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама.
Жеңемін деп біреуді,
Өтірік сөзбен қостама.
Асанқайғы Сәбитұлы
Көлде жүрген қоңыр қаз
Қыр қадірін не білсін!
Қырда жүрген дуадақ
Су қадірін не білсін!
Ауылдағы жамандар
Ел қадірін не білсін!
Көшіп-қонып көрмеген
Жер қадірін не білсін!
Көшсе, қона білмеген,
Қонса, көше білмеген,
Ақылыңа көнбеген
Жұрт қадірін не білсін!
Асанқайғы Сәбитұлы
Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдына келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегісіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атын шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтіп жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу – дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің
Түбі терең қуысқа!..