Жер жүзіне...
Мағжан Жұмабаев · 1893–1938 · 12 жол
Жер жүзіне ер атағым жайылған,
Жан емеспін оттан, судан тайынған.
Қайраты мол қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайылған.
Еркін ырғып шыққам асқар Алтайға,
Қырда тұрып садақ тартқам Қытайға.
Талай тайғақ, тар кешуде таймаған
Батыр жүрек, қайрат енді алдай ма?!
Талмай, қайтпай, қамал бұзған кемеңгер,
Арыстанға қарсы ұмтылған мендей ер.
Бір барқылдақ жалпылдаған төбеттен
Қорқар болсам, жұтсын мені қара жер!