Ақжорғажан
Біржан сал Қожағұлұлы · 1834–1897 · 15 жол
Басына кәмшат бөрік қиғашырақ,
Қыз сапы бас болғанда, біз – шамшырақ.
Ала үйрек, алма мойын перизатым,
Болмаппын сізбен таныс бұрынырақ.
Қайырмасы:
Ақжорғажан, Ақжорғажан,
Жігітке қыз сыйласа-ай-ау болмайды арман.
Мінгенім дәйім менің Сұрқызылтай-ай,
Көңілім сізді көріп бір бұзылды-ай.
Көзіме әйбаттанып көрінесің,
Бейіште сегіз сарай хор қызындай.
Серінің серменуге көңілі ауды,
Ойландым бастайын деп бір хиялды.
Түсті ғой, жолдастарым, сәуле еске,
Ап келші қамыс құлақ Бозқоянды.