Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сәулең болса кеудеңде

Абай Құнанбайұлы · 1845–1904 · 36 жол

Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.

Танымассың, көрмессің,
Қаптаған соң көзді шел.
Имамсыздық намазда —
Қызылбастың салған жол.

Көп шуылдақ не табар,
Билемесе бір кемел?
Берекелі болса ел —
Жағасы жайлау ол бір көл.

Жапырағы жайқалып,
Бұлғақтайды соқса жел.
Жан-жағынан күркіреп
Құйып жатса аққан сел,

Оның малы өзгеден
Өзгеше боп өсер тел.
Берекесі кеткен ел —
Суы ашыған батпақ көл.

Құс қаңқылдап, жағалап,
Сулай алмас жазғы төл.
Оның суын ішкен мал
Тышқақ тиіп, аспас бел.

Көл деп оны кім жайлар,
Суы құрсын, ол бір – шөл.
Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?

Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!

Абай Құнанбайұлы өлеңдері

Барлық 144 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері