Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Бата

Пейіліңе қонақжай
Бата берем қолың жай:
Ақ жарылған жүрегің,
Қабыл болсын тілегің.
Бізге сойдың семіз тай,
Төрт түлігің болсын сай.
Өсіп-өніп ұрпағың,
Төрт қиырға қанат жай!
Бізге сойдың құлын,
Жақсыдан болсын жұғым.
Өміріңді ұзартып,
Өзіңнен өте тусын ұлың.
Бізге сойдың марқаны,
Алдыңнан тарқат арқаны.
Сыйлы болып еліңе,
Сыбағаңды ал тағы.
Бізге сойдың қой,
Үйіңнен кетпесін той.
Қызығына қанып,
Ішпей-жемей той.
Бізге сойдың тоқтыны,
Еліңнің бұл тоқтығы.
Абырой алып ұл-қызың,
Биік болсын шоқтығы.
Бізге астың бас,
Берсін саған ұзақ жас.
Ауыздықтап асауды,
Асудан асуға ас!
Бізге астың жамбас,
Жақсымен бол жандас.
Ықыласың қабыл боп,
Ырысың толмай қалмас.
Бізге астың сыбаға,
Жамандық көрме сірә да.
Қиянат қылма пендеге,
Жағамын десең құдаға.
Бізге астың қазы,
Болдық сізге разы.
Ақ май ақсын аузыңнан,
Үзілмей қорың қысы-жазы.
Бізге астың жаяны,
Өмірдің болсын баяны.
Болсаң да төлдің жылқысы,
Жұртыңның болма саяғы.
Бізге астың жал,
Басыңа бітсін дүние-мал.
Ата-анаңды ардақтап,
Аяқ-қолын жылы суға мал.
Бізге астың омыртқа,
Пәле-жалаға жолықпа.
Өрісің барда өрге шап,
Өз-өзіңнен торықпа.
Бізге астың шұжық,
Көргенің болсын қызық.
Аққу-қаздай мамырла,
Айдыныңда жүзіп.
Бізге астың жауырын,
Баланың берсін тәуірін.
Ізет көріп ініден,
Үзілмесін сауығың.
Бізге астың сүбе,
Қырсығың жерге енсін түге!
Күндегенді күңірентіп,
Күннен-күнге үде.
Бізге астың төс,
Үрім-бұтағыңмен өс!
Жайланып қон,
Жазылып көш!

Ауыз әдебиеті