Бай сейілді
Бай сейілді,
Бір бейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып елін қармады.
Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ, бір қысап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс
Үйден үрген итке ұсап.
Өзі ұлыққа
Кәдір жоққа
Қарамай,
Өз халқына.
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.
Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі.
Шашты малын,
Берді барын
Боларында жұртына.
Еміреніспес енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.
Ел де жаман,
Ер де жаман —
Аңдығаны өз елі.
Елде сияз,
Ойда ояз,
Оңбай-ақ тұр әр түрі.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің — ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Өтті өмірім
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне.
Жасы құрбы
Жаны тұрғы
Дос па деген кісіге.
Сөзге емексіп.
Ел керексіп,
Не болады мақтаның?
Бейлі шикі,
Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?
Абай Құнанбаев
Мақала құжаттары
Журнал, мақала және жарияланғаны туралы анықтама — бөлек PDF файлдар
Мақаланы телефонда ашыңыз
Автор
Bilimger Media
Сіз де өз мақалаңызбен бөлісіңіз
Мақалаңызды жариялап, сертификат пен журналды бірден алыңыз — аттестация мен портфолиоға дайын.
- Сертификат (QR-коды бар)
- Google, Yandex жүйелерінде шығады
- Журналға шығады (онлайн)
- Анықтама, журнал
- Жеке кабинетте құжаттар сақталады
- Мақалаға тұрақты сілтеме
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін аккаунтқа кіріңіз
Әзірге пікір жоқ — алғашқы болыңыз.