Композитор Дина мен өнерпаздар — Нұрпейіс Келіні Дина
Күй аңыздары · 1 мин оқу
Ертеректе белгілі ақын, өнер иесі Динаның үйіне екі-үш жас жігіттер келіпті. Ойлары Динаның алдында күй тартып, өнер сайыспақ. Аман-саулықтан кейін Динаның ілулі тұрған домбырасын алып тартуға лұқсат сұрапты. Дина:
—Алыңыз, жаным, тартыңыз!—деп ризашылық білдіріпті. Қайткенде де, өнер адамының жаңалыққа жаны құмар емес пе? Сонда жігіттер бар өнерін салып екі-үш күй тартыпты. Кезек Динаға келгенде Дина сол күйлерді қайта тартып беріпті. Шамасы орындау техникасы шебер болса керек, жігіттер Динадан: «Не күй тарттыңыз?»—деп сұрапты. Сонда Дина:
—Ал, сендердің тартқандарың қандай күй?—деп қайтара сұрағанда, жігіттер:
—Біздің тартқанымыз «Бозмұнай», «Бозшолақ» деген күйлер!—депті. Дина:
—Сендердің тартқандарың «Бозшолақ» болса, менің тартқаным «Өз шолағым» деген екен.